Венесуэлада парламенттік оппозицияның екі депутаты Хулио Борхес пен Хуан Рекесенс парламенттік имунитетінен айырылды. Бұл шешім Ұлттық Құрылтай жиынының арнайы отырысында дауыс беру нәтижесі бойынша қабылданды.
Оған президент Николас Мадуроның жақында жасаған мәлімдемесі сеп болған. Ол Борхес пен Рекесенсті дронды қолданып, қастандық жасауға қатысы бар деп айыптаған еді.
Айта кетейік, сенбі күні шеру кезінде Мадуро сөз сөйлеп тұрған трибунаға жарылғыш заты бар дрондармен шабуыл жасалды. Қастандық кезінде 7 сарбаз жарақаттанды. Ал президенттің өзі дін аман. Борхес бұл айыптауды шындыққа жанаспайды деп өз мәлімдемесін жасады.
Сондай-ақ оппозиционер тұтқынға алынған өз әріптесін босатуды талап етті. Рекесенстің отбасының айтуынша, олар оның қай жерде екендігінен хабарсыз. Бірақ Каракастағы Боливария ұлттық барлау қызметінің штаб-пәтерінде болуы мүмкін деп болжап отыр.
Хуан Гильермо Рекесенс, депутат Хуан Рекесенсаның әкесі: - Біз оның қай жерде, қандай жағдайда екенінен хабарсызбыз. Менің балам жәбірленуші. Осы елдің азаматы ретінде, әке ретінде билік өкілдерінен Хуанның қайда екенін айтуларын талап етемін.
Дереккөз: 24.kz/kz