2016 жылы атыраулық жігіт Әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетіне ерікті ретінде қатысуға өтініш беріп, іріктеуден ойдағыдай өтті. Қадырбек КАМЕЛОВ осы жылдың маусымы мен шілде айын 2018 жылғы Әлем чемпионатының 6 матчы өткен Самара қаласында өткізді. Ал жақында ғана үйіне оралған жігітпен «АЖ» тілшісі кездескен болатын.
БИЛЕТТЕРДІ ТЕКСЕРІП, ОРЫНДАРЫНА ОТЫРҒЫЗДЫМ
- Неліктен жанкүйер ретінде емес, ерікті ретінде баруды ұйғардың?
- Мен Әлем чемпионатына билеттің өте қымбат екенін түсіндім, сол себепті ол жерге осындай тәсілмен баруға бел будым. Жолым болғанына өте қуаныштымын!
- Еріктілер қатарына ілігу қиын болды ма?
- Ондай қиын емес, бірақ көп уақыт кетті. Іріктеу сауалнаманы, эссе жазуды және ағылшын тілі білімін тексеруді қамтитын бірнеше кезеңнен тұрды. Әр кезеңнен кейінгі нәтижелерді бірнеше айлап күтуге тура келді. Тек биыл ақпанда ғана электрондық поштама менің қабылданғаным туралы хабарлама келді.
- Сен қаланы өзің таңдадың ба? Өзің болсаң, неге Самараны таңдадың?
- Мен әлем чемпионаты өтетін он бір қаланың кез-келгеніне бара алатын едім, бірақ дәл осы қаланы таңдадым. Біріншіден, бұл бізге жақын қала, екіншіден, барлық шетелдік еріктілердің Мәскеуге немесе Питерге баруға тырысатындығын білдім. Сондықтан ол жақтарда бәсекелестік өте жоғары болар еді. Самарада ұйымдастырушылар маған тұруыма және тамағыма ақша төледі, ал әрлі-берлі жүру жолымды өз қаржымнан өтедім.
- Чемпионатта қандай еріктілер позициясы сен үшін ең тартымды болды?
- Мен билет бағдарламасы бойынша еріктілер тобында жұмыс істегім келді. Топтың міндетіне стадионда жанкүйерлердің билеттерін тексеріп, оларды орындарына отырғызу кірді. Жалпы, бірнеше позициялар болды, тіпті, футбол командаларын қарсы алып, шығарып салатын, қонақ үйде командамен бірге тұрып, мәселен, музейлерге апаратын топқа да кіруге болатын. Бірақ мұндай топқа кіру үшін шет тілін жетік меңгеру керек, әсіресе, испан тіліне үлкен сұраныс болды. Болашақта ағылшын тілін дамытып қана қоймай, испан тілін үйренуді де жоспарлап отырмын.
- Неше матчта жұмыс істедің?
- «Самара Арена» стадионында өткен алты матчтың барлығында. Бұл топтық кезеңнің төрт ойыны - Сербия - Коста-Рика, Дания - Австралия, Ресей - Уругвай және Сенегал - Колумбия, сондай-ақ, Мексика - Бразилия 1/8 финалының және Англия – Швеция 1/4 финалының матчтары.
СЕНЕГАЛДЫҚТАР, ШЫНЫ ЕМЕССІҢДЕР ҒОЙ!
- Трибунадағы жанкүйерлерге қатысты қиындық туындаған жоқ па? Өйткені олардың эмоциялары кейде асып төгіліп жатады ғой.
- Әр елден келгендер өз командалары үшін қатты жанкүйер болды. Бірақ, бәрі «ереже шегінде» ғана. Рас, бірде Сенегал мен Колумбия арасындағы матч кезінде бір жағдай болды - сенегалдық жанкүйерлер эмоцияға ерік беріп, артта отырғандарға ойын көруге мүмкіндік бермей, орындарынан тұрып қарады. Оларды өздерін байсалды ұстауға көндіру үшін дипломатты араластыруға тура келді. Бірақ бәрі бейбіт түрде аяқталды.
- Көрермендерге алаңдауға тура келген екен, ал өзің алаңдағы ойынға жанкүйер болуға уақыт таба алдың ба?
- Иә, барлық алты матч, алаңда болғандардың барлығы менің есімде.
- Самараны чемпионат күндері «ашық аспан астындағы қалаға» айналды деп естідім. Басқа жақтан келгендер арқа қоржындарын жастанып, жергілікті тұрғындар тарапынан жаман көзқарас тудырмай, емін-еркін көшеге түнепті дейді.
- Өз басым әлдебір шетелдік жанкүйерлердің орындықтарда немесе саябақтарда түнегенін көрмедім. Бірақ көпшілігінің үй жалдауға қалталарының көтермегенін білемін - чемпионат кезінде баға шарықтап кетті. Жергілікті тұрғындар меймандарға жақсы қарады. Олар түнейтін жерлері жоқ жанкүйерлерді өздерінің үйлеріне шақыруы әбден мүмкін.
Жалпы, айта кету керек, әр жерде мереке сезіліп тұрды. Көшеде топталып сәнденген адамдар, түрлі фестивальдар. Әр жер таза, әдемі. Тіпті, жергілікті тұрғындар чемпионаттың арқасында қаланың едәуір көркейіп қалғанын айтады. Самарада өткізген уақытым ұзақ уақыт есімде сақталады.
- Ал ең жарқын әсерің қандай?
- Мен Англия құрамасының жанкүйерімін, олардың Швециямен 1/4 финалдық матчы есімде қалды. Әсіресе, оның ашылу рәсіміне қатысқаным. Ойын басталар алдында басқа еріктілермен бірге алаң ортасына Әлем кубогының эмблемасын алып шықтық. Трибуна толы алаң ортасына шығып, әр елдің мемлекеттік әнұранын тыңдау - бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Содан кейін ысқырық естіліп, мәртебелі Футбол ойыны басталады.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор және К.Камеловтің мұрағатынан алынған суреттер