Көптен күткен қала шетіндегі Балықшы ықшамауданы үйлерін орталық жылу жүйесіне қосу, «Арнайыавтобазаның» әлеуметтік желілерге өкпесі және тағы да басқа мәселелер Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ коммуналдық қызмет басшылары мен ПИК төрағаларымен бірге өткізген, 2018-2019 жылу беру маусымына дайындыққа арналған жиналыста талқыланды.
- Бүгінде қаламызда 1005 көппәтерлі үй бар. Олардың 838-і жылуды ЖЭО-дан, 52-сі Балықшы жылу беру орталығынан, 16-сы «АтырауСуАрнасы» КМК-ның жылу қазандығынан, 66-сы «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-тен алса, 33 үйдің жеке жылу қазандықтары бар. Жылу беру маусымына дайындық басталып кетті, жертөлелерді құрғату, жылу беру құбырлары мен есептегіштер ауыстырылып жатыр,- деп есеп берді қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан МҰҚАШЕВ.
- Балықшыда қандай жұмыстар жүріп жатыр?- деп сұрады Таубаев.
- Барлық көппәтерлі үйлерді орталық жылу жүйесіне қосып жатырмыз.
«Арнайыавтобаза» ЖШС бастығының м.а. Жанболат СҰЛТАНҒАЛИЕВ:
- Қыста әлеуметтік желілерде «Сәтпаев даңғылы №48 үйдің ауласындағы қарды ешкім күремейді, тұрғындар мен көлік жүргізушілерге қиын. Арнайыавтобаза қайда қарап отыр?» деген жазба болды. Алайда көппәтерлі үйлердің ауласын тазалап, мұзға құм себуді жасайтын «Арнайыавтобаза» емес, ПИК екенін тұрғындар білмей ме екен? ПИК төрағалары, дұрыс жұмыс жасамайсыздар. Әркім өз жұмысына жауап берсін.
Әрі қарай ПИК мәселелеріне ауысты.
- Тұрғындарға өз міндеттері мен құқықтарын түсіндіру керек. Атап айтсақ, көпшілігі пәтерақыны тұрақты төлеу міндеттерін орындамайды. Үлкен қарыздар жиналып қалды, не істерімізді білмейміз,- деді қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат ХАБИЕВ. – Біздің кейде борышкерлерді сотқа беру үшін төлейтін баж салығына қаржы таба алмай қаламыз.
Лидия ЛУЦЕНКО, «Әділ» ПИК төрағасы:
- Балалардың ойын алаңдары сапасыз салынады. Қыс ортасында алаңдарға бетон құяды. Бұл құрылыс заңдылықтарын өрескел бұзу.
Н. Таубаев:
- Біз сіз айтқан мердігерді сотқа бердік. Қазір сот процесі жүріп жатыр.
Фархат АБІЛОВ
Суретті түсірген автор