Атырау, 25 желтоқсан 07:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

"Аэлита" достарына арналған Гран-при

2 455 просмотра

«Аэлита» би-спорт клубы өздеріне демеу болып жүрген жарандарға арнап спорттық билер бойынша Гран-при жүлдесі үшін «Жұлдызды Атырау» мерекелік шарасын өткізді. Ол 15 маусымда «Армада» мейрамханасында өтті.

ДАҢҚТЫ ЖОЛ

Өткен жылы «Аэлита» өзінің 20 жылдығын кең түрде атап өтті, би сүйер қауымға «Аэлита – мерейтой иесі» деп аталған шығармашылық концерті мен дәстүрлі халықаралық «Аэлита кубогі» турнирін сыйға тартты. Бүгінгі таңда клуб «Аэлита кубогі», «Еуроазия», «Прикаспийская мозаика», «Би марафоны» секілді  таңдаулы турнирлерді ұйымдастырушы болып табылады. Ай сайын бишілер жұбы Қазақстан аумағы мен ТМД елдеріне турнирлерге жиі барады. «Аэлитада» жыл сайын алыс жақын шетелдерден келген кәсіби жаттықтырушылар шеберлік дәрістерін өткізіп отырады.

Жүздеген атыраулық балалар Лидия мен Нұрлан МҰҚАНОВТАРДЫҢ жетекшілігімен өздерінің алғашқы қадамдарын жасады. Соңғы 10 жылда «Аэлитаның» бес құрамы өзгерді, ал, бүгінгі күні түрлі жастағы 100-ден аса бишілер жұбы осында жаттығады. Клуб есігі барша жанға ашық: бұл жерде жасы кіші бала «Бэби» санаты бойынша билесе, «Сеньоры» тобына кез-келген адам өзінің жан рақаты үшін барады. Олардың бірі клубқа денсаулығын нығайту, мінезін қалыптастыру, өзін-өзі тәрбиелеу мақсатымен келcе, енді бірі жарыстарда жеңіске қол жеткізу үшін келеді. Жаттықтырушылар спорт билері бойынша үнемі жаттығу, оған қосымша хореографиямен және жаттықтырушыдан жеке сабақтар алу қажеттілігін ескертеді.

«Сеньоры» тобына әйелдер сәнді қозғалып, вальс билеуге келсе, көпшілік үшін «Аэлита» жәй ғана ермек емес, жандарына жұбаныш болып кеткен.

 

ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕ

 «Аэлита» би-спорт клубының мәртебесінің қаншалықты жоғары екендігіне  «Аэлита кубогі-2011» аясында «Ювеналы-1» және «Юниоры-2» санаты бойынша  өткен Қазақстанның екі чемпионаты дәлел бола алады. Алайда, клубтың қол жеткізген ең үлкен жетістігі деп Бүкіләлемдік би спорты федерациясының Атырауда еуропалық және латинамерикандық билер бағдарламасымен екі жас ерекшеліктер санаты бойынша әлемдік біліктілік турнирін өткізуге келісім беруін атауға болады. 2011 жылдың желтоқсанында Атырауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс және жақын шетелдерден барлығы 600-ден аса жұп, оның ішінде чемпиондар да  келген еді. Төрешілер алқасының құрамына  Германиядан, Голландиядан, Бельгия, Польша, Литва, Испания, Түркия және Кореядан келген кәсіби мамандар енді. Мұндай мүмкіндікке Қазақстанның кез-келген қаласының қолы жете бермейді. Мұндай жарысты өткізу үшін би залы, төрешілер мәртебесі, қатысушылардың саны мен сапасына  үлкен талаптар қойылады. Бұрын мұндай турнирлер тек Алматы, Астана секілді қалаларда ғана өткізіліп келген болатын, енді олардың қатарына Атырау қосылды.

 

АТА-АНАЛАРДЫҢ ДА ЕҢБЕГІ ЗОР

Иә, мұның бәрі клуб басшылығының еңбегінсіз, бишілердің біліктілігімен және облыстық туризм және дене шынықтыру, спорт басқармасының, Қазақстан халықтары Ассамблеясының, сондай-ақ, клубтың ата-аналар комитетінің қолдауынсыз мүмкін болмас еді.

«Аэлита» клубы 15 маусымда өз билерін дәл осы достарына арнады. Клуб көптеген халықаралық жарыстардың алтын, күміс, қола жүлдегерлерін, ҚР кубогінің иегерлерін, IDSF OPEN ST&LA халықаралық жарыстардың финалистерін, ҚР чемпионаттарының күміс және қола жүлдегерлерін дайындады. Алайда, ең бастысы «Аэлита» осы жылдар ішінде қалалықтарды балдық билерге тәнті етумен болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

20 маусым 2012, 22:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.