Атырау, 11 желтоқсан 18:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Балаларға қонаққа келді

4 072 просмотра

Балаларды қорғау күні қарсаңында Атырауға танымал актер Әнуар НҰРПЕЙІСОВ пен орындаушылардың «aTunes» онлайн-конкурсының финалисі Сон ПАСКАЛЬ ат басын тіреген еді. Олар «Ақбота» балалар үйінің, №1 интернаттың және «Шаңырақ» ауылының балаларын құттықтау үшін бір күнге ғана келіпті. Олардың шығармашылығын қадағалайтындар бұған еш таң қалмады - бұл оларға тән нәрсе екен. Әңгімелесе келе байқағанымыздай, олар ашық-жарқын жігіттер екен. Әнуар досы үшін аудармашының рөлін атқарса, Сон әлсін-әлі сөз арасына қазақша сөздерді қыстырып қояды.

"АЖ" анықтамасы: Әнуар НҰРПЕЙІСОВ - 1985 жылы 11 наурызда дүниеге келген. Қазақстан-Британ техникалық университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша: мұнайшы-инженер. Бейімділігі бойынша: актер, продюсер, қоғам қайраткері. КВН премьер-лигасында ҚБТУ командасы үшін өнер көрсеткен. «aTunes» (2011), «iNomad» (2012) жобаларының продюсері. Фильмографиясы: «Ағайынды» (2009), «Қызғылт қоян туралы аңыз» (2010). Өте қарапайым, жайдары жігіт.

«ХАТТЫ ОҚЫДЫҚ ТА, ҰШЫП КЕЛДІК»

- Сіздердің келгендеріңіз балалар үшін керемет әсер қалдырды. Олар сіздерді теледидар экрандары мен компьютер мониторларынан көріп үйренген ғой. Тығыз кестеден қалай уақыт таптыңыздар?

Ә.Н.: Біз қайырымдылықпен айналысатын жастарды қолдау үшін келдік. Бізге әлеуметтік желілерден хаттар өте көп келеді. Олардың бірі Аман ҚАБДИРОВТЫҢ арқасында Атырауға аяқ бастық. Таңертең келдік, кешке кері ұшамыз.

С.П.: Біз басқа жобаларымыз болса да, уақыт тауып келдік.

- Соңғы кездері теледидар қоссам, негізінен ескі итальян, француз комедияларына, грузин фильмдері мен өзіміздің қазақстандық фильмдерге тоқталатын болыппын. Алайда  көпшілік отандық киноны тақырыптық тұрғыда шектелген, үлгішіл деп сынап, тіпті анайы деп айыптап та жатады. Дегенмен өзіндік ерекшелігі мен бой тартарлық әсері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Сіздіңше, мұның сыры неде?

Ә.Н.: Бұл жаңалықтар секілді: жергілікті жандарды көрген, өз туысыңды талқылаған әрдайым да қызықты ғой (күледі). «Ағайынды» сериалын көрермендер біздің экранымызда осындай жақсы, сапалы әрі қарапайым қазақстандық сериал көптен болмағандықтан ұнатып көрді. Біз түріктердің, бразилиялықтардың, американдықтардың тірліктерін бақылаудан жалығып кеттік. Өкінішке орай, жергілікті өндірушілердің де фильмдерін қарағың келмейтін кездер болады. Жаһандану бізге қатты әсер етті, біз өзімізді ұмытып, Батысқа еліктеп жатырмыз. Бірақ, егер өз дәстүрімізді ұмытпай, өзіндік ерекшелігімізді жоғалтпасақ, санның сапаға ауысатын кезі болады деп ойлаймын.

"АЖ" анықтамасы: Сон ПАСКАЛЬ - Тегі итальяндық ағылшын. 1986 жылы 17 мамырда дүниеге келген. Кәсібі: музыкант. Хоббиі: тікұшақты басқару, футбол, дәмді тамақ пен бойжеткендер. Сүйікті орындаушылары: The Beatles, Cat Stevens, Eric Clapton, Вера Брежнева. Өзін сезімтал, сырбаз, оғаштау, аздап әдепсіздеумін деп есептейді.

- Іздеу жүйесінен Әнуар деген есімді іздесең, ең алдымен Нұрпейісов деген фамилия, ал оның ізін ала Сон Паскаль пайда болады және керісінше де солай. Сіздердің ортақ жобаларыңыз көп және бірге қалай сүйсіне жұмыс істейтіндіктеріңіз көрініп тұр.

Ә.Н. пен С.П.: Біз жүрегімізге,  жанымызға жақын нәрселерді ғана жасаймыз. Әрине, осымен табыс тауып та отырмыз, бірақ бастысы - өзіміз ұнатқан нәрселерді жасайтындығымыз немесе мүлдем жасамайтындығымыз. Бізге сән-салтанат пен тебіреніс қажет емес. Әпкем Динаның кеңесімен Сон конкурсқа қатысты. Бұл үлкен сәттілік деп ойлаймын. Сон Паскальды қанатының астына алып, қолдау көрсеткен Қазақстаннан елімізді бүкіл әлемге паш ететін музыкант шығады деп үміттенемін.

- Әнуар, сізді қазір ғылыми-техникалық жобамен айналысып жатыр деп естідім.

Ә.Н.: Иә, бір үлкен жоба бар, оған екі жыл арнамақпын. Егер бәрі жақсы болса, ол адамзатқа үлкен пайда әкелмек. Жоба өзгеше, сондықтан оны құпия сақтап отырмыз. Оның ауыл шаруашылығына қатысты екенін ғана айта аламын.

ДАЛА ДА, ТАУ ДА

- Сіз демалысыңызды қалай өткізесіз?

Ә.Н.: Соңғы кездері жасым келгесін шығар, бәлкім (күледі), үйде болғанды жақсы көрем. Мен өзім Қарағандыданмын. Табиғатқа, тауға шыққанды ұнатамын, даланы жақсы көремін. Егер ұзақ уақыт бойы далаға аяқ баспасам, оны сағынып қаламын.

С.П.: Тамақ әзірлегенді ұнатамын. Әрине, итальяндық тағамдарым жақсы шығып жатады. Ал жалпы мен үшін жұмыстың өзі демалыс. Музыка – менің өмірім, тіпті маған ақша төлемесе де, бәрібір музыкада ойнай беремін. Қазір кішкене (өз сөзі) домбырада ойнаймын.

- Әнуар, сіз өз сұхбаттарыңызда отбасын құруға дайын екеніңізді, сәби сүйгіңіз келетінін, бірақ жүрегіңіздің иесі әлі күнге дейін табылмағанын әлденеше рет айтқансыз. Жалғыздық - танымалдылықтың құны деп жатады, сізде де солай ма?

Ә.Н.: Қарым-қатынас тұрғысында жалғызбын деп айта алмаймын. Бірақ кейде адам сені шынымен де жақсы көре ме, әлде тек айналасындағылар әңгіме қылу үшін ғана қасыңда болғысы келе ме, білмейсің. Алайда мен моногамиялы адаммын, мен шынайы ғашық болуым керек.

С.П.: Сен бе моногамиялы? (күлімсіреп) Сен әйелжандысың!

- Шығармашылық жоспарларыңыз туралы ығыр қылған сұрақтың орнына, сіздің қолыңыздан не келмейді, бірақ нені қатты үйренгіңіз келеді деп сұрағым кеп отыр?

Ә.Н.: Ұшақтарды, тікұшақтарды басқаруды меңгеру. Содан соң альпинизммен айналысқым келеді. Тау арқылы Ыстықкөлге барсам дегенді көптен ойлап жүрмін, бірақ әзірге ниеттес жандарды тапқан жоқпын. Содан соң (сезіммен) «жоқ» деп айтып үйренгім келеді. Өтінген адамдардың барлығына «иә» деймін де, бір қолымды екі ете алмай, өзіме уақыт жетпей қалады. Мұның өзі үлкен проблема.

С.П.: Қазақ тілін үйренуді армандаймын және міндетті түрде үйренемін. Осы елдің халқын мен қалай қатты жақсы көрсем, олар да мені солай жақсы көрсе екен деймін. Жалпы мен өміріме риза жанмын, нені қаласам, ынталанып жұмыс істесем, соған қалай да қол жеткізетінімді білемін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

20 маусым 2012, 21:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.