Құрметті Нұрлан Асқарұлы!
Сіз облысқа тағайындалғаннан кейін әлеуметтік-мәдени өмір жақсы қарқынмен дамып келеді. Бірақ, өзекті мәселелер де баршылық, солардың бірі - өңіріміздегі футболдың қазіргі жай-күйі.
Өткен ғасырдың 80 жылдарында 2-ші одақ лигасында ойнаған «Прикаспиец» футбол клубы құрылды, ал 2001 жылдан бастап «Атырау» командасы Қазақстан біріншілігіне қатыса бастап, екі рет қатарынан күміс жүлдегер атанды. Содан бері команда 1954 жылы салынған «Мұнайшы» стадионында футбол матчтарын өткізіп келеді. Жанкүйерлер үнемі өз ойыншыларына қолдау көрсетіп, әрқашан стадионның сәнін келтіретін.
Бірақ соңғы кездері футболшылар да, стадион да өз даңқын жоғалтып алды. «Мұнайшы» - еліміздегі ең нашар футбол алаңы!» деген мамандардың пікірі де белгілі.
Қазақстан біріншілігі наурыз айында басталды. Ал стадион жаз бойына жөндеуге жабылды. Бұл қалай сонда?! Неліктен мұнай астанасы халықаралық стандарттағы стадионды сала алмады? Бар болғаны 3000 тұрғыны бар кейбір Еуропа қалаларында 8000-ға дейін жанкүйер жинай алатын стадиондар бар. Бізде жарты миллион адам тұрады, ал біз 15-20 мың орындық стадионға қол жеткізе алмай отырмыз. Жақында «Астана» командасымен матч өтер алдында «Мұнайшы» стадионы ойынға жарамсыз деп танылып, жанкүйерлерді жабырқатты. Оның үстіне, еліміздің басқа қалаларындағы жанкүйерлерге күлкі болдық. Бұл біз үшін өте ауыр соққы болды.
Стадиондағы проблемалардан бөлек, турнир кестесінің соңғы жағына жайғасқан және жалпы, соңғы жылдары тек Премьер-лигада қалу үшін күресіп жүрген команданың өзіне қатысты жағдай да алаңдатады. Бас бапкерлердің, легионер ойыншылардың жыл сайын ауысуы оның дамуына кедергі болып отыр. Жақсы нәтижелер көрсеткен бапкерлермен, ойыншылармен неліктен келісім-шартты ұзартпайды? Неліктен легионерлер жергілікті ойыншылардан бірнеше есе көп ақша алады, бірақ нәтиже көрсетпейді, ал келісімшарт біткен кезде клубпен жиі соттасып, нәтижесінде команданың ұпайлары алынып тасталады? Біз осы сұрақтардың жауабын білгіміз келеді.
Біз Сізден осы жағдайға араласуды, тексеру ұйымдастырып, соңына дейін күресетін тұрақты ойыншылардан футбол клубын құруды өтінеміз. Нұрлан Асқарұлы, Сіз осы өтінішімізге бей-жай қарамассыз деп үміттенеміз. Жұмысыңызға табыс тілей отырып, Сізден жауабын күтеміз.
Құрметпен, А.Елубаев, Р.Дүйсенбаев, Н.Бисенғалиева, А.Ибрагимов, М.Зейнолла, Е.Жанбалаев, Е.Шугаепов, А.Куанышев, С.Кайсагалиев, М.Исмагулов және қол қойған 75 жанкүйер.
«АЖ» ескертпесі: «Астана» командасымен матч өтер алдында «Мұнайшы» стадионын алаңның кейбір учаскелері дайын болмағандықтан жарамсыз деп таныды. Матчтарды Балықшыдағы резервтік «Судоремонтник» стадионында да өткізуге болмайды. Өйткені, бір ай бұрын ҚКФЛ (Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы) комиссиясы оны жарамсыз деп таныды, қазір ол жерде қалпына келтіру жұмыстары басталды. «Астанамен» қала шетіндегі Томарлы ауылындағы жасанды газонда ойнады. 27 мамырда өз алаңындағы келесі матчты да «Атырау» Томарлыда өткізеді. Ал 14 маусымда – «Мұнайшыда» өткізбек. Бұл уақытта алаңды қалпына келтіруге нық уәде беріп отыр.