Күн сайын құны түсіп, қадірі қашқан ұлттық валютаға жергілікті халық пен жекеменшік сектордың сенімі азайып барады. Жыл басында лираның АҚШ долларына шаққандағы бағамы 3,78-ді құраса, қазір ол көрсеткіш 4,87-ге жетті.
Осылайша 5 айдың ішінде түрік валютасы 25 пайызға дейін құнсызданды. Былтыр ғана әлемнің ең қарқынды дамыған елдерінің арасында ойып тұрып орын алған Түркияның экономикасы неліктен сыр берді? Валюта бағамының құбылуына қандай факторлар әсер етті? Бұл күндері Түркияда айырбастау пунктерін айналшықтап, қор биржасына елеңдеген халықтың қарасы көбейді. Барлығы ұлттық валюта бағамына алаңдаушылық білдіріп жүр. Әсіресе экспорт-импортпен айналысатын жеке кәсіпкерлерді бүгінгі жағдай аса қуантып отырған жоқ.
«Егер лира құнсыздануын тоқтатпаса, онда ел ішін инфляция жайлайды. Яғни азық-түлік өнімдерінен бастап, сырттан әкелінетін тұрмыстық техника, жанар-жағармай сынды маңызды тауарларға баға күрт шарықтайды», – деп отыр кәсіпкерлер. Қазірдің өзінде инфляция мөлшері қос таңбалы санға жетіпті.
Шабан Айер, кәсіпкер:
- Доллар қымбаттаса да, біз әлі бағамызды өсірген жоқпыз. Себебі бұл өтпелі жағдай, ертең барлығы өз орнына қайта келеді. Яғни алыпсатарлардың әсерінен қазір валюта нарығы ойнап тұр десек болады. Оның үстіне алда бізде үлкен сайлау бар, ол аяқталысымен-ақ доллар төмендеуі керек.
Джунейт Сипахи, Гранд базардағы саудагер:
- Базардағы сауда орындарын жалдау ақысы әдетте доллармен немесе алтын бағасымен есептеледі. Сондықтан валюта бағамы көтерілсе, қараптан-қарап шығынға батамыз. Мысалы, былтыр 5 мың АҚШ долларымыз 17 мың лира болса, биыл 25 мыңға жуықтап қалды.
Fitch рейтингтік агенттігі Түркияны Аргентина мен Украина сияқты экономикалық дағдарысқа жақын елдердің қатарына қосып қойды. Себебі сыртқы қарыз бен жоғары инфляция бұл мемлекеттерге жағымсыз әсер етіп отырған көрінеді. Мысалы, Түркияның қарызы жалпы ішкі өнімнің 141%-ына, ал жекеменшік сектордың берешегі 69%-ға жеткен. Оның ішінде жекеменшік сектордың валютада алған сыртқы борышы 213 миллиард долларды құрайды. Қазіргі таңда лираның тым қатты құнсыздануы осы берешектің мөлшерін айтарлықтай арттырып отыр. Сол үшін Түркия премьер-министрінің экономика жөніндегі орынбасары Мехмет Шимшек іскер топ өкілдерін сырттан қарыз алмауға шақырды.
Мұрат Турфан, экономист:
- Қазір барлығымыз Орталық банктің қандай қадамға баратынын тағатсыздана күтіп отырмыз. Өйткені ол осы күнге дейін ұлттық валютаның мың құбылуын тек сырттай бақылаумен болған. Енді әрекетке көшетін уақыт жетті деп ойлаймын. Орталық банк алғашқы кезекте пайыздық мөлшерлемені түсіруі қажет. Тек сонда ғана қаржы нарығы кең тыныс алып, экономика жанданады деп есептейді олар. Бірақ Орталық банк бұл ұсынысқа байланысты ешқандай шара қабылдаған жоқ. Мәселені қысқа емес, ұзақмерзімдік шешу жолын қарастырып жатса керек.
Түркияда валюта бағамының құбылуына ел ішіндегі саяси оқиғалардың да ықпалы зор. Қазір атқарушы билік пен оппозиция барлық күшін 24 маусымда өтетін президент және парламент сайлауына жұмылдырған. Осы елдің Мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған қайта сайлана салысымен ең әуелі қаржы секторын реттеуге сөз берді. Ол Орталық банктен пайыздық мөлшерлемені дереу азайтып, инфляцияның алдын алуды талап етіп отыр.
Алайда президент Ердоған Орталық банкке шүйліккен сайын түрік лирасы құлдырап, қаржы нарығы дереу теріс жауап қайтарып жатыр.
Дереккөз: 24.kz