Атырау, 24 желтоқсан 22:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

«Алтын бесік» әні қалай туды?

13 639 просмотра

"Қоңыр" тобыҚазақ өнерінің бағына құрылған «Қоңыр» этнотобын білмейтін адам бүгінде кемде-кем шығар. Ең алғаш Мархабат, Жазира, Бауыржан есімді қазақтың үш аяулы ұл-қызы сахнада жарқ етіп көрінгенде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай қуанған едік. Содан бері де олар бізді әнге деген жоғары талғамдарымен сүйсінтіп келеді.

Топтың орындауындағы әндердің ішінде «Алтын бесік» атты бір жауһар дүние бар. Авторы көп ешкім біле бермейтін Жәудір Артықбаева. Қоңыр тобының бас әншісі Мархабат Мықтыбековтің жұбайы. Шыны керек, өнер сүйер қауым әнші болған соң ба, Жәудірден гөрі Мархабатты көбірек таниды. Сол себепті Жәудірді қысқаша таныстыра кетсек, ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жаңа Дала ауылында туған. Алматыдағы Қыздар Педогогикалық институтының филология факультетін бітірген. Бүгінде жеке шығармашылықпен айналысады.

Жоғарыда аталған Жәудірдің«Алтын бесік» әніне деген тыңдаушы қауымның ықыласы өте ерекше. Редакцияға хабарласып, мәтінін, тарихын сұраушылар да көп. Біз іздестіріп жүріп, мәтінін де таптық, қысқаша тарихын да білдік.

Жәудір мен МархабатӘнді Жәудір Алматыда жүріп шығарған. Бұл кезде олар Мархабат екеуі отбасын құрып, Алатау баурайындағы әсем шаһарда тұрып жатқан болатын. Алайда, жүрегін ән мен жыр тербеген нәзік сезім иесі туған жерін аңсамай жүре алған ба? Жан-дүниесін сағыныш тербеген сондай сәттің бірінде Жәудір балалық шақтағы ескі альбомын парақтап отырып, еріксіз өткен күндердің тәтті елесіне шомып кетеді. Өзі әнде айтқандай, алыста қалған ауылдың жантағы мен лай батпағын Алатаудың аршасы мен шыршасынан әсте кем көрер ме? Туған жердің сол бір аяулы көріністері мен оған деген сағынышты сезімдер шабытын қозғап, Жәудір сол бойда әннің әуенін жазады. Көп ұзамай сөзі де қағазға түседі. Яғни, әні де, сөзі де Жәудірдің өзінікі.

«Алтын бесікті» ең алғаш Мархабат орындаған екен. Бүгінде Бауыржан, Жазира үшеуі трио боп орындап жүр.

Енді оқырмандарымыздың сұрауы бойынша әдемі әннің мәтінін назарларыңызға ұсынбақпыз:

 

Шөбі майса, жұрты жайсаң, туып, кіндік кескен жер,

Жаңбыр жауса лай-батпағын жалаңаяқ кешкен жер.

Алқам-салқам қой қайырып, тай құлынмен ілескен жер,

Қарның тойса, құрбыңды аңдып қайғы көрмей өскен жер.

 

Қайырмасы:

Жұмақ мекен туған жер-ай,

Мың жаялық жуған жер.

Құрт ұрлатқан қалтадан беу,

Шын балалық думанды ел.

 

Көше бойлап, асық ойнап, мәре-сәре болған жер,

Көже қайнап, көзің жайнап кеудең нұрға толған жер.

Жантақ, тікен қаптаса да, бұл – мен үшін орманды ел,

Көп армандап сол орманға бала қиял қонған жер.

 

Жұмақ мекен туған жер-ай,

Мың жаялық жуған жер.

Құрт ұрлатқан қалтадан, беу,

Шын балалық думанды ел

Құр қалдым деп дүмбілден,

Қуаласып жүгірген.

Қайран, қамсыз бала күнің,

Қайрылмасын кім білген?

 

Жер аударып, арық қазып, ұрық, дәнек сепкен жер,

Бел аңғарға шабыттанып құрық салып кеткен жер.

Тұңғиыққа малти алмай, жүзсек сүңгіп шөккен жер,

Әуре-сарсаң, әбігер боп, әткеншегін тепкен жер.

 

Міне, тыңдаған жанды еріксіз тебірентіп, балалық шақтың қимас күндеріне апарып қайтатын тамаша ән – «Алтын бесік» осы.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

6 маусым 2012, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.