Атырау, 26 қараша 11:44
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Индер күмбезі мен тұзды көлді жоғалтып алмайық

9 273 просмотра


Индердің әлемге әйгілі табиғи нысандары бағзы заманнан бері ғалым-саяхатшылар мен жергілікті тұрғындарды сүйсінтіп келеді. 1769 жылы академик әрі географ П. ПАЛЛАС (1741-1811 жж.) осы жердегі көлді және Индер тауларын алғаш көрген кезде оларды «табиғат ғажайыптары» деп атаған болатын.

Индер көлінің ас тұзы жергілікті тұрғындарға және Батыс Қазақстаннан тысқары жерлерде өзінің ерекше сапасымен (бұзылудан сақтайтын керемет қасиетімен) танымал. ХХ ғасырдың басында ол Ресей, Шығыс Пруссия, Австрия және Сыртқы Моңғолияға жеткізіліп отырды. Көлден жылдық тұз өндіру көлемі 400-500 пұт болды (1 пұт - 16 кг).

Кеңес дәуірінде Индер көлінің тұзы мен Индер күмбезінің ландшафтарын көздің қарашығындай қорғады. 1935 жылдан 1957 жылға дейін Индер геологиялық барлау және борат кеніші тікелей Мәскеуге - КСРО Химия өнеркәсібі министрлігіне бағынды. 1939 жылдан бастап 1950 жылға дейін Индерборск кентінде Бүкілодақтық галургия ғылыми-зерттеу институтының (БГҒЗИ, Ленинград) және МГУ ғалымдары тұрақты мекендеп, жұмыс істеді. Көлдің және Индер күмбезінің проблемаларымен Химия өнеркәсібі министрлігінің екі ғылыми-зерттеу институты да айналысты. 1957 жылы геологиялық барлау экспедициясы мен борат кеніші ҚазКСР қарауына берілді. Сонымен бірге, осы ұйымдардың барлық жұмыстары КСРО Геология министрлігі мен Химия өнеркәсібі министрлігінің бақылауында болды.

Өкінішке орай, соңғы жиырма жылда ата-бабаларымыздың қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін сақтап келген Индер көлінің жоғары сапалы ас тұзының миллиардтаған бөлігі азудан, ластанудан және сапасын жоғалтудан қорғалмай қалды. Тұз алаңы 123 миллион шаршы метрді құрайды, қуаты 10-нан 56,2 метрге дейін, жасы 10-23 мың жыл. Тұз қоры жер бетіне шығады, оның болжалды қорлары 2 миллиард тоннадан асады. Қазіргі уақытта кристаларалық рапа мен көлдің ас тұзы түрлі бағытта ластануда.

1. 2017 жылы 24 қазанда «Пятигорск мемлекеттік курортология ғылыми-зерттеу институты» (РФ) тарапынан алынған кристаларалық рапаның технологиялық сынамасы Индер көлінің суы (рапа) құрамында органикалық заттар (мұнай өнімдері) көп хлоридті натрий құрамды тұзды бромды, борлы табиғи беткі қабатқы суларға жататындығын көрсетті.

Оның құрамында мұнай өнімдерінің бар екендігі алғаш рет анықталды, бұл тұзды ұқыпсыз пайдалану нәтижесі боп шықты. Енді осы ластану көлемін ауданы мен тереңдігі бойынша анықтау керек. Шамасы, қатты тұзға техникалық тұзды өндіруге қызмет ететін техникалық және көлік құралдарының жанар-жағармай материалдары мен пайдаланылған газдары сіңген болуы керек. Бұл жағдайда ас тұзының басым бөлігі ең жақсы қасиеттерін жоғалтып, тамақ өнеркәсібіне жарамсыз болады. Осыған байланысты, бірінші кезекте, Индер көліндегі ас тұзын одан әрі өндіруге тыйым салу керек.

2. Соңғы жылдары Индербор кентінің тұрмыстық қалдықтары Индер көлінің тұзын қоректендіру алаңында орналасқан Индер күмбезінің көптеген карст шұңқырларына жүйелі түрде лақтырыла бастады. Бүкіл атмосфералық жауын-шашын карст шұңқырлары арқылы 14 метр орташа қуатта және 200 шаршы км алаңда негізгі жарықшақты-карст сулы қабатына құйылады, ал сутірек - Индер күмбезінің тұз айнасы болып табылады. Негізгі су тұтқыш көкжиек сулары жол бойында Индер күмбезінің тұзын еріте отырып оңтүстікке қарай жылжып, 33 бұлақ түрінде Индер тұзды көліне құйылады. Олардың ішіндегі ең ірілері Телепбұлақ, Ащыбұлақ және Тұзбұлақ. Сонымен бірге, карст шұңқырларындағы тұрмыстық қалдықтар тұзды көлге көшеді. Қазіргі уақытта тұрмыстық қалдықтардың қанша карст шұңқырларына тасталғанын білмейміз. Бірақ бір карст үңгіріне олардың тасталғаны белгілі. Сондықтан, Индер күмбезінің барлық карст құрылымдарын түгендеп, карст шұңқырлары мен гипс қабатының бетін тұрмыстық қалдықтардан тазалау керек.

3. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының кен іздеушілері  Индер күмбезінің құнды табиғи объектілерін бұзып, бүлдіруде. Кеңес дәуірінде тұзды көлмен жапсарласа Көктау тауы орналасты. Оның  ең биік нүктесі 56,2 метрлік белгіде болды, одан бүкіл төңіректі шолуға болатын еді. Өкінішке орай, соңғы онжылдықта Көктау тауын «Запказнедра» Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің Өңіраралық департаментінің (Ақтөбе қаласы) рұқсатымен (түсініксіз себептермен) кен іздеушілер құрылыс материалдары үшін бөлшектеп тастады.

Жер қойнауы туралы кодекске сәйкес, Көктау тауын ең алдымен  өнеркәсіптік санат бойынша барлап, құрылыс материалдары қорын есептеп, геологиялық есеп ұсынып, оны бөлшектеудің дұрыстығын анықтау керек еді. Әлбетте, оны жеткілікті барлау жұмыстарын жүргізбей, бөлшектеп тастады. Қазіргі уақытта керемет Көктаудың орнында тек қирандылар қалған. Осынау әдемі табиғи нысанның жойылуына кім жауапты екені белгісіз.

Қазіргі уақытта екі облыстың кеншілері Индер күмбезінің шеткі жоталарын бұзып, жоюға кіріскен. Осы табиғи ландшафтарды одан әрі бұзуға тыйым салу қажет.

4. Соңғы жылдары Индер күмбезінің батыс беткейінде кәрізсіз тұрғын үйлер салына бастады. Жылдың көктем-күз мезгілінде түрлі тұрмыстық қалдықтар төменге гипс пен тұзға төгіліп немесе төменге Жайық өзеніне ағылады. Кеңес дәуірінде бұл жерлерге кез-келген ғимарат салуға рұқсат бермейтін, өйткені олар Индер күмбезінің аумағы болатын. Осы үйлердің тұрғындарын басқа жерлерге көшіру қажет.

5. Кеңес дәуірінде Индер күмбезінің оңтүстік-батыс қанатында С1 санаты бойынша 1,6 млн текше метр көлемінде кварц құмының шағын мөлшері барланды. Осы кеніште қазіргі кезде кәрізі жоқ тұрғын үйлер мен мал қоралар салынған. Оларды бұзу керек.

Жамантау күмбезінде де кварц құмдары барланған. Мұнда бұл кен орындары түсініксіз себептер бойынша кен іздеушілерге берілді. Олар кварц құмдарын нарықтық құн бойынша сатып жатыр. Бұған кінәлі тұлғаларды тауып, барлау жұмыстарының құнын өтеп, пайдалануды тоқтату керек.

Атырау облысының және республиканың уәкілетті әкімшілік, құқықтық және құқық қорғау органдары жоғарыда аталған табиғи нысандардың одан әрі азып, ластануына жол бермеу үшін шаралар алуы қажет. 

Мұфтах ДИАРОВ, ҚР ҰҒА академигі

13 наурыз 2018, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.