Облыстық драма театрында өткен «Мөлдір бұлақтан» деп аталатын отбасы шығармашылығының І облыстық фестивалінің жеңімпаздары Индер ауданынан келген жас отбасы Серік және Аида НЫСАНОВТАР (суретте) болды.
Бұл жеңіс оларға – екеуінің де мәдениет қызметкерлері екендігіне қарамастан оңайлықпен келген жоқ. Бәсекелестік жоғары болды. Айталық, Атыраудан қатысқан көп балалы отбасы Бектілеуовтердің өнері неге тұрады! Еркін мен Мая оқытушылар, олардың тұңғыштары қазақ-түрік лицейін бітіріп, қазір Қытайда білім алуда, екінші баласы – спортшы, қызы бимен айналысады, міне, осы барлық ақпаратты Бектілеуовтер көрерменге жыр жолдарымен өрнектей жеткізе білді. Бұл жанұя мүшелерінің барлығы бірдей туғаннан әртіс пе дерсіз: олар сахнада қара жорға биін қойып, дәстүрлі құда түсу рәсімін, оның артынша шаңырақ көтергелі отырған жастарға бата берді. Ал, олардың ұлдары Ерлан тек білегінің күшімен ғана емес, өнерімен де мақтана білді. Оның қоңыр дауысы залдағы көрермендерді елітіп әкетті. Әсіресе, ол ән салып тұрғанда ата-анасы сахнаға көтеріліп, дөңгелене билегенде дүйім жұртты тіптен тәнті етті.
Фестивалға қатысқан әр отбасы көрермендерді өздерінше қуанта білді.
- Фестивалға дайындық бұдан біраз бұрын басталды. Алдымен 10-12 жанұя қатысқан аудандық, қалалық іріктеу байқаулары өткізілді,- дейді облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары Гүлфариза ҒҰБАШЕВА. – Финалға лайықты деген отбасылар шықты.
Және ең таланттылары. Олар туралы сегіз қырлы, бір сырлы деп айтуға болады. Ал, бұған драма театрдың фойесіне қойылған отбасылық жұмыстардың көрмесінде болсаңыз, әбден көз жеткізуге болады. Ондағы ұлттық киімнен бастап, түрлі әдемі қобдишалар, кейбір жиһаз мүліктері, қолдан салынған картиналар мен тоқылған бұйымдар көздің жауын алады. Нысановтар жанұясы өз аудандарынан шығатын гипсокартоннан ұлттық стилдегі қымызхана эскизін жасақтаған. Бірақ, олар көрерменді мұнымен емес, өз таланттарының мықтылығымен таңдандырды. Серік пен Аида ән де салды, биді де биледі. Әсіресе, алыстан келген туғанын қарсылаған қазақ отбасының қуанышын әсерлі жеткізе білді. Нәтижесінде, олар бірінші орынға ие болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА, суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ