Бейсенбіде, 18 қаңтарда Астана қаласының Алматы аудандық сотында сотталған қоғам қайраткері, Атырау тұрғыны Макс БОҚАЕВТЫ Петропавл қаласындағы (СҚО) ЕС 164/3 мекемесіне ауыстырудың заңсыздығы туралы азаматтық істі қарау басталды. Сотқа арыз оның анасы Рахила ҚОЖАСОВА мен қарындасы Жанаргүл БОҚАЕВАНЫҢ атынан берілген.
Тыңдау сағат 16.00-ге белгіленді, бұл уақытта сот залына кіре берісте Максты қолдауға және сот процесіне бақылау жасауға келген белсенділер жиналып қалды. Күзетшілердің бірі жиналғандардан сот процесі туралы олардың қайдан білгенін сұрады. Әрине, бұл сұрақ түсінбестік туғызғанымен, қатысушылардың бірде біреуі бұған аса мән бере қоймады.
Тыңдау судья Дәурен БАЙМЕНОВТІҢ төрағалығымен өтті. Макс Боқаевтың мүддесін Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Айман ОМАРОВА мен Жанаргүл БОҚАЕВА қорғады.
Бұл осы іс бойынша өтіп жатқан алғашқы процесс емес. Адвокаттың айтуынша, желтоқсан айында осы мәселе бойынша бірнеше тыңдау өткен. Туыстары Максты республиканың солтүстігіндегі колонияға жіберу туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) шешімін заңсыз деп есептейді және оны бастапқыда жазасын өтеген Атырау облысының мекемесіне қайтаруды немесе көрші батыс облыстарындағы жақын мекемелерге ауыстыруды талап етіп отыр. Ал ҚАЖК өкілдері сол кезде Атырау облысындағы колонияда бос орын болған жоқ дейді.
Адвокат Омарованың айтуынша, Атырау облысы мекемелерінде орын болмаған жағдайда Боқаевты жақын маңдағы Ақтөбе немесе Батыс Қазақстан облыстарының мекемелеріне жіберуге тиіс екен.
- Боқаевты Атыраудан Петропавлға этаптау бағытында үштен астам облыс тоғысқан, ал этаптау мерзімі бір айдай уақытты құрады: 2017 жылғы 27 қаңтар мен 25 ақпан аралығы, - дейді ол.
Сотта жауапкер өкілі ҚАЖ Комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қайрат АСЫЛ да Макс Боқаевты СҚО колониясына жөнелткен уақытта (2017 жылғы 25 қаңтар) Атырау облысындағы мекемеде орынның лимиттен асып түскенін растады. Алайда іс материалдарында лимиттің асқанын растайтын анықтамада 2017 жылдың 26 желтоқсаны белгіленген. Адвокат Омарова осы сәйкессіздікке назар аударды.
- Біз сіздің жауабыңызбен жете таныстық, онда Атырау мекемелерінде орын болмағандықтан оның Солтүстік Қазақстан облысына ауыстырылғаны айтылған. ЕС-164/3 мекемесіне Макс Боқаев 2017 жылдың 25 қаңтарында жіберілген, ал сіздің анықтамаңызға сүйенсек, 2017 жылдың 26 желтоқсанындағы сотталушылар санын бергенсіз. Айтыңызшы, 11 айдан кейін алынған бұл мәліметтердің қандай қатысы бар? – деп сұрады Омарова.
- Бастапқыда осы процесс бойынша отырыс 27 желтоқсанға белгіленді, сотқа лимиттің асуы туралы ағымдағы мәліметті ұсыну үшін алдыңғы күнгі, яғни, 26 желтоқсандағы мәліметтер алынды. Бірақ лимиттің асуы 2017 жылдың 25 қаңтарында да орын алды, - деп жауап берді Қ. Асыл.
ҚАЖК-нің растаушы анықтамаларында Атырау облысының УГ-157/1 және УГ-157/9 колонияларында орын болмады делінген.
Үкімге сәйкес, Макс Боқаев (орташа қауіпсіз) жалпы режимдегі мекемеде жазасын өтеуі тиіс еді. Атыраудағы екі мекеме де (УГ-157/1 менУГ-157/9) осы талаптарға сай келеді. СҚО-ға этаптау кезінде Макс УГ-157/1 тергеу абақтысында болған. Адвокаттың айтуынша, бұл аралас қауіпсіз мекеме, ол жерде қамауға алынғандар да, 5 жылға сотталғандар да болуы мүмкін. Олар ұсынған ҚАЖК анықтамасына сәйкес, ол жерде 162 бос орын болған. Омарованың айтуынша, ҚАЖК сотқа үкім заңды күшіне енген сәттен бастап, яғни, 2017 жылдың 20 қаңтарынан бастап Атырау облысы мекемелеріндегі сотталғандар саны туралы анықтама ұсынуға тиіс болған. Ол сотқа осындай тиісті талап арыз берген.
Екінші өтініш те дәлелді талап етуге қатысты. Адвокаттың айтуынша, іс материалында Макс Боқаевтың СҚО-ға этаптау кезеңіндегі ауысу орындары туралы ҚАЖК ұсынған анықтамалар бар. Алайда анықтамада оның Алматыда этаппен болған мекемесі көрсетілмеген.
- Бұл оның қалай ауысқаны турлы анықтамалар. Бұл жерде ол бастапқыда болған 157/1 мекемесі көрсетілген, содан кейін АК 159/1 бар. Бұл не? – деп сұрады адвокат ҚАЖК өкіліне бұрылып.
- Бұл Қарағанды қаласындағы тергеу абақтысы. Біздің оны тікелей СҚО-ға жөнелтуге мүмкіндігіміз жоқ, (анықтамада белгіленген – С.Т. ескертпесі) бұл мекемелерде тұтқындарға арналған транзиттік пункттер бар. Сол олар жерде ұлттық гвардияның қарауыл жасағын күтеді.
- Егер сіздің анықтамаңызда оның транзиттік қозғалу маршруты көрсетілген болса, неліктен мұнда Алматыдағы ЛА 155/1 мекемесі жоқ? Ол этаппен Алматы арқылы да кетті, мен онымен бірнеше рет кездестім, сондықтан да осы анықтамада бұл мәліметтердің жоқтығына таң қалып отырмын.
- Нақтылайтын боламын, - деп жауап берді ҚАЖК өкілі.
Омарова СҚО-ға этаптау кезеңіндегі қозғалыс маршруты жөнінде толық мәліметтерді ұсыну туралы өтініш берді.
Сот екі өтінішті де қанағаттандырды.
***
Макс Боқаевты Ақтөбе немесе Батыс Қазақстан облысының мекемелеріне ауыстыруға қатысты, ҚАЖК өкілі өзіне осындай өтінішпен жүгінгені туралы мәліметі жоқ екенін айтты.
- 4 қыркүйек пен 6 қыркүйекте сотталушының анасы Рахила Хасенованың ҚАЖК-ға жүгінген өтінішхатында Боқаевты баламалы жазалау орнына жөнелту туралы бірде-бір сөз болмады. Ол жерде – Атырау облысы деп айқын жазылған. Сондықтан да жауап осы шеңберде берілді. Өтініш хатты қарау кезінде УГ-157/9 мекемесінде орын болмады, - деді ол.
Алайда Омарова Боқаевтың анасының сотталушыларды әлеуметтендіру мәселелерімен айналысуға тиіс еместігін айтты. Егер ол өтініште жақын облыстарға ауыстыру жөнінде айтпаған болса, онда ҚАЖК бастығының өзі тұтқынды өте шалғай облысқа жөнелтпей, Қылмыстық-атқару кодексіне қарап, шешуге тиіс.
***
ҚР Конституциялық Кеңесіне Қылмыстық-атқару кодексінің (ҚАК) 88-бабының 4-1 бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсыныс үшінші өтініш болатын.
Адвокат қысқаша желісін оқып шықты:
- Үкімге сәйкес, жазаны өтеу орны болып орташа қауіпсіз мекеме - жалпы режимдегі түзеу колониясы деп белгіленді. Бастапқыда Атырау облысындағы орташа қауіпсіз УГ157/9 мекемесі жазаны өтеу орны ретінде белгіленді, бұл 2017 жылғы 25 қаңтардағы хабарлама. Сонымен қатар, Боқаев белгісіз себептер бойынша 2017 жылдың 27 қаңтарында СҚО-ның орташа қауіпсіз ЕС 164/3 мекемесіне жіберілді, 2017 жылғы 30 қаңтардағы хабарлама. Өтініш берушілер әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін Макс Боқаевты Атырау облысындағы орташа қауіпсіз УГ 157/9 мекемесіне ауыстыру туралы ҚАЖК-ге өтініш хат жолдады. 2017 жылғы 6 қыркүйектегі жауабында ҚАЖК ҚАК-нің 88-бабының 4-1-тармағына сілтеме жасай отырып, одан бас тартты.
Адвокаттың айтуынша, ҚАК-нің 88-бабының 4-1-тармағында, егер сотталушы заң бұзған болса, оны басқа мекемеге ауыстыруға болмайды делінген.
- Петропавлда Макс Боқаевқа аязда жаттығу жасауға шықпағаны үшін жазалаған, - дейді Омарова. - Алайда оның қолында оған суыққа шығуға және салқын тигізуге болмайтындығы жөнінде дәрігердің қорытындысы бар. Ол жаттығуды іште жасап, бағынуға дайын болған. Бірақ олар оған қарамай, сөгіс берген. Енді ҚАЖК 88-баптың 4-1-тармағына сілтеп, оны ауыстыруға болмайтынын айтады. Біз бұл жерде қарама қайшылық болып жатыр деп есептейміз. Бір жағынан ҚАЖК-де тұтқынның әлеуметтік байланыстарын қолдау туралы айтылса, екінші жағынан оған жаза беріп отыр.
Біздің пікірімізше, 88-бабының 4-1-тармағы заңсыз, яғни, ҚАК-нің 95-бабында әлеуметтік байланыстырды қолдау үшін сотталушылар өздері тұрған жерде немесе жақын маңдағы орындарда жазаларын өтеулері тиіс деп тікелей айтылған. Қылмыстық-атқарушылық заңнамада бастысы - әлеуметтік-пайдалы байланыстарды қолдау ескеріле отырып, жазаны өтеу принципі болып табылады. Сотталушының мінез-құлқын бағалау субъективті болады және ҚАЖК-нің тыйымы конституциялық мақсаттарға сәйкес келмейді, - деп оқып шықты адвокат өтінішін.
Судья үшінші өтінішке қатысты соттың кеңесу бөлмесінде шешетінін айтты. Келесі отырыс 25 қаңтарға белгіленді.
Отырыс кезінде интернет байланысы арқылы Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан колонияға қоңырау шалуға тырысты. Алайда техникалық себептерге орай байланыс үзілді. Судья келесі отырыста интернет байланысының көмегімен сот процесіне қатысуы үшін Макстың колониядан Петропавл қаласына этапталатынын айтты.
«АЖ» тілшісіне адвокаттың айтуынша, бүгінде Петропавлда Макс Боқаевтың өтініші бойынша тағы бір іс қаралып жатыр екен:
- Ол аязда жаттығу жасауға шықпағаны үшін өзіне берілген сөгіске қатысты шағымданды. Петропавл қалалық сотының судьясы Жәнібекова мұның заңсыз екені туралы шешім шығарды. Жалпы, мұндай нәрселер азаптаумен теңестіріледі. Судья Жәнібекова өтінішті азаптау, қатыгездікпен қарау фактілері бар ма және қызметкерлердің іс-әрекеттеріне тексеру жүргізу үшін Солтүстік Қазақстан облысының прокурорына жолдау туралы шешім шығарды. Бұл іс бойынша процесс жүріп жатыр.
Макстың денсаулығына келер болсақ: оның қарындасының айтуынша, оның аяғы ауырып, ақсаңдап басып жүр екен, дәрігерлер мұның арқа омыртқаларында кінәрат болуына байланысты екенін айтады.
Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың 20 қаңтарында Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы «жер митингілерін» ұйымдастырғаны үшін әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат АЯНҒА қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімін күшінде қалдырған еді. Бұрын СҚО-ның колониясында жазасын өтеген Талғат қазіргі кезде Ақтөбе облысындағы жазалау мекемесіне ауыстырылды. Бұл Атыраудан мыңдаған шақырым жер. Бірақ шалғайдағы солтүстік емес қой.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор