Индербор поселкесі, Майдыров 1 «а» көшесіндегі 80 пәтерлік үйдің тұрғындары осы үйдің астыңғы қабатын толық сатып алған бизнесменнің кесірінен канализациясыз отыр.
Бұл үйдің бірінші қабатында бұрын мемлекет меншігіндегі «Самал» аралас дүкені орналасқан еді. Ал 1996 жылы үйдің астыңғы қабаты түгелімен жекеге сатылып кеткен. Білуімізше оның қазіргі иесі- банкир Аспандияр ИСАКУЛОВ. Содан берікөпқабатты үйдің иесіз қалып, жылу, су, канализациясы қиын жағдайға жеткенін айтып, құзырлы мекемелерге дабыл түсірген.
- Он алты жылдан бері көрмегеніміз жоқ, бірінші қабаттың иесіз қалуынан қыста жылусыз шықтық, су қатып қалды, ал канализация түгелімен жертөлені толтырып жатыр. Масаны айтпағанда, иістен жазда отыра алмайтындай күйге жеттік.. Шенеуніктердің айтар уәжі «жекеменшіксіңдер, өздерің істеп алыңдар» дейді. ПИК құрыңдар деп талап етуде. Біз ПИК құрудан қашпаймыз, бірақ нәжіске толған жертөлені қалай тазартамыз,-дейді Нина ВОЛЬНОВА, Серік ҒАБДУАЛИЕВ, Мирамгүл НҰРҒАЗИНА, Айнұр Нұрмашева, Вера САФИЕВА, т. б. - Әкім бізге Исакуловты табыңдар, дейді. Біз Исакуловты қайдан табамыз, ол Атырауда тұрмайды деседі, шетелде дейді. Естуімізше, бұрынғы банкирдің өзі немесе ұлы. Сатып алушы салық төлеп отырған жоқ, тіркелмеген. Тек сатып алған, сосын қарасын жоғалтқан. Ең болмаса бір көрінсе не істейтінін сұрар едік. Ал зардабын біз тартып отырмыз.
-Тұрғындар сатып алушының жауапсыздығынан бірнеше жылдан бері коммуналдық проблемаларға тап болып отыр. Соттың қандай шешімге келетіні белгісіз, мүмкін бұрынғы иесінен әкімдікке алып берер. Онда мұны балабақша жасауға болар ма еді, әрі тұрғындар бар ауыртпалықтан құтылар еді. Жөндеу ісін жүргізе алмаймыз, қаржы да бөле алмаймыз, иесі табылғанша, ол заңсыз. Ал жертөлені тазартуға күш саламыз, тұрғындар да көмектесеміз, деп отыр ғой,-дейді Индербор поселкесінің әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор