Атырау, 26 қараша 15:22
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Емшілер мен құтқарушылар

Сурет Бейнежазба
7 870 просмотра

Ит жылы қарсаңында біз адамдарға көмек беретін төрт аяқты достарымызға барған едік.

ФЕДЯ, КӨМЕК КЕРЕК

«Атырау Кішкентай ел» орталығында күн сайын үлкен жетістер орын алуда. Олардың бірін өз көзімізбен көрдік. 12 жастағы Нұртас ШАЛҚАР сол күні алғаш рет төрт аяқтап тұрды - бұл ол үшін және анасы Салтанат үшін үш жыл бойына күн сайын еңбек етіп, қол жеткізген үлкен қадам болатын. Осы уақыт бойына олар орталық мамандарының ыждағатты жетекшілік етуінің арқасында баланың дертімен - церебралды сал ауруының ауыр түрімен күресіп келеді.

- Түрлі аурулармен ауыратын балалары бар отбасылардың көбінесе шеңбер бойымен жүгіріп жүргенін байқауға болады. Ата-аналар баласын шетелге оңалтуға апару үшін тірнектеп ақша жинайды. Ол жерде бір-екі ай болып, баласының жағдайы жақсарғанын көріп, үйлеріне келгенде бір жылдан кейін қайта апару үшін тағы да ақша жинай бастайды. Шын мәнінде, оңалту - бұл ұзақ жол әрі күнделікті жасалатын еңбек, мұндай ұзақ үзілістер еңбекті зая кетіруі мүмкін, - дейді «Атырау Кішкентай ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ. – Біздің жұмысымыз - ата-аналарды өздіктерімен үйлерінде баламен күнделікті жұмыс жасауға бағыттап, кеңестер беруге негізделген. Ата-аналармен психологтар жұмыс жасайды, оларды осы қиын жұмысқа ынталандырады, оларға арнайы жаттығулар жиынтығын үйрететін басқа мамандар да бар.

Бүгінде орталыққа осындай атыраулық 300-дей отбасы жүгінді. Қарағанды облысынан 80 отбасы бар. Қазақстанның басқа қалаларынан, тіпті, басқа елдерден де кеңестер алу үшін келеді. 

Кішкентай Нұртасқа қайта оралсақ. Салтанат былай деп бөліседі:

- Үш жыл бұрын өте әлсіз еді. Оның омыртқасын жұмсақ сияқты сезетінмін. Ал қазір отыра аламыз. Алдымен бел омыртқасы қатайды, енді кеуде бөлігінің едәуір  жақсарып қалғаны байқалады. Әзірге басымызды ұстай алмаймыз, бірақ алдағы уақытта бәрі де болады деп ойлаймын.

Ұзақ жаттығулардан соң бұлшықеттердің түйілу әсерін барынша азайтқаннан кейін Ерлан Салтанаттың қатысуымен Нұртасты төрт аяқтап тұрғызды:

- Бала осылайша қолдары мен аяқтарын тірек үшін пайдалануға болатынын түсінеді. Мұны бір сезініп білген соң, ол оны тағы да қайталауға тырысады. Әрі қарай тың жаңалық ашып, жаңа жеңіске жетеді. Осылайша бұл әр қадаммен жүзеге асырылады.

Бұл күресте сәбилерге терапевт иттер – лабрадорлар Федя, Форбс және Дуся көмектеседі.

- Лабрадорлар - адамға қарсы агрессия гені жоқ иттер. Біздің төрт аяқты терапевттер арнайы оқытудан өткен және өз жұмыстарын біледі, - дейді Ерлан, Федяны Нұртаспен сабақ өтетін бөлмеге шақырып.

Федя өзінен не қалайтынын жақсы біледі. Қожайыны оған: «Көмек керек» деп, сәбиге жақындайды. Осынау жүрек тербетер сәтте, көзіме еріксіз жас келді: ит мейірлене баланың басын жалап алып, арқасына арқасын беріп жанына жата қалды. Осы сәтке дейін мазасызданып жатқан Нұртас дереу тынышталып, тіпті, босаңсып қалды. Тағы бірнеше минуттан соң пыс-пыс етіп, содан кейін ұйықтап қалды. Орташа алғанда, канистерапия сеансы 40 минутқа созылады.

- Ит пен пациент арасындағы бұл байланыста энергия алмасу орын алады деп есептеледі. Біздің төрт аяқты емшілерге әртүрлі балалармен жұмыс істеуге тура келеді. Мысалы, оны ұстап алып, құлағынан тартатын белсенді балалар бар. Иттер бұған түсіністікпен қарайды. Балалар оларды достары ретінде қабылдайды және бұл қарым-қатынаста емдік күш бар, - дейді Ерлан. - Мысалы, бізде 5-6 жасқа дейін асқазан-ішек жолында проблемасы болған бала бар. Ол өздігімен дәретханаға бара алмайтын. Ал канистерапия сеанстарынан кейін бәрі қалпына келді. Отбасындағылар да клизманың не екенін ұмытты.

- Ал иттер мұны өздерінің жұмысы екенін түсіне ме?

- Әрине. Күнде таңертең олар көздеріме қарап, олардың қайсысын өзіммен бірге алып кететінімді түсінуге тырысады. Орталыққа барғанда, олар алдымен аяқтарын жуу керектігін, содан соң сеансқа шақырылуын күту керектігін біледі.

- Сіздің ойыңызша, олар баланың ауруын сезініп, өздерінің балаларға қажет екенін біле ме?

- Біз осы бағытта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Олар бәрін сезіп, түсінетіндігін, жүректеріне жақын алатынын сеніммен айта аламын. Мынан айтайын. Бастапқыда канистерапияны қарқынды түрде қолданып, мүмкіндігінше көп балаға көмектесуге тырыстық. Иттер өте көп жұмыс жасады. Сеанстардың бірінен кейін Федя орнынан тұра алмай қалды. Сөйтсек, инсульт соғыпты. Біз оны ұзақ уақыт емдедік, тек жарты жылдан кейін ғана Федя жұмысына оралды. Ал біз үшін бұл сабақ болды, көмекшілерімізге мейлінше қамқорлықпен қарап, оларға демалуға, өздеріне келіп, күш жинауына мүмкіндік беретін болдық.

Ерланның айтуынша, канистерапия көп уақыттан бері қолданылып келе жатса да, әлі толық зерттелмеген екен:

- Бұл салада үнемі жаңалықтар болып жатады. Иттерімізге бақылау жүргізіп, басқа орталықтардың тәжірибесін зерттеймін. Осының негізінде өзімнің ғылыми жұмысымды жазып жүрмін.



ТАУЫП АЛЫП, ҚҰТҚАРУ

Жазда біз Батыс өңірлік аэромобильді құтқару жасағының (БӨАҚЖ) құтқарушы иттері туралы әңгімелеген едік. Алты ай ішінде олардың өмірінде көптеген оқиғалар орын алды, олар көп нәрсені үйренді. Оның үстіне, жаңа итпен - бельгиялық Абрек деген лақап есімі бар овчаркамен толықты.

Қазір ол бір жаста, өзінің кәсіби мансабын енді ғана бастап жатыр. Бірақ оның қызуқанды темпераментін және үйренуге деген үлкен ықыласын көрген кинологтар оның болашағынан зор үміт күтіп отыр. Сонымен қатар, Абрек өз тәлімгері кинолог-құтқарушы Руслан НҰРОВПЕН бірге Алматыдағы ҚР кинологиялық орталығында үш айлық іздеу курсынан өтті. Ирма деген де бар, бірақ ол туралы сәл кейінірек әңгімелейміз.

– Қарапайымнан бастап күрделіге қарай үйретіледі. Іздестіру жұмыстары туралы айтатын болсақ, біз ашық аумақта адамды іздестіруден бастап, біртіндеп тапсырманы күрделендірдік – екі, сосын үш адамды табуды міндеттедік. Қазір иттер жаттығу базасында әртүрлі жерлерге жасыратын статистерді оп-оңай таба алады, - дейді Руслан Нұров.

Сондай-ақ, құтқарушы иттерді тікұшақтан көтерілуге және түсуге үйретеді.

- Егер тікұшақпен жету керек болса, онда олар мотордың шуынан қорықпауы керек, олар жерге жайбарақат түсіп, дереу өз міндеттеріне кірісуі тиіс, - дейді кинологтар.

Руслан мен оның әріптесі Тұрар СӘРСЕНҒАЛИЕВ өз иттерін істе көрсетті. Алдымен төрт аяқтылар қожайындарының дыбыстаған бұйрықтарын ғана емес, ишарамен көрсеткен әмірлерін де айқын орындап, керемет командалық дайындықтарын білдірді. Ең қызықтысы - іздеу дағдылары екен. Екі статистің біреуін ескі көлік капотының астына, екіншісін үйілген қоқыстардың астына жақсылап жасырып қойды. Гром мен Абрек оларды тез тауып алып,  үріп белгі берді.

Бірақ олардың әлі де үйренерлері көп.

- Иттер зардап шегушіні, мысалы, қоқыс астынан тауып қана қоймай, оған көмектесе алады. Егер мүмкіндік болса, онда оған жақындап, дәрі-дәрмектер, су бере алады. Итті бейнекамерамен жабдықтауға болады, содан кейін құтқарушылардың қолында үйіндіні қалай тезірек және қауіпсіз түрде бұзуға болатыны туралы көрініс болады. Сондықтан одан әрі үйрене береміз.

…Ирма есімді құтқарушы, олар айтқандай, «декретке» шығып, жақын арада ана атанады екен. Дәстүр бойынша, күшіктері басқа ведомостволардың кинологиялық қызметіне тарту ретінде беріледі.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген: Марат ТАКУЛИН, Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

«АЖ» анықтамасы: *Канистерапия (латынша сanis – ит + грекше θεραπεία – емдеу) - арнайы таңдалған және үйретілген иттерді пайдаланып емдеу және оңалту әдісі.


30 желтоқсан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.