Атырау, 27 желтоқсан 02:26
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Ақ бұлақ Есболға әлі жеткен жоқ

9 219 просмотра

Индер ауданындағы Есбол ауылының тұрғындары өздерінің нашар тұрмыс жағдайларына шағымданады. Бұдан екі жыл бұрын «Хабар» телеарнасынан көрсетілген бұл ауыл жайлы ақпарат шындықпен қабыспайды.

Есбол  ауылы құрылғаннан бері  85 жыл өтті. Мұнда  4501 адам тұрып жатыр.  Өткен жылдан бастап «Ақ бұлақ» бағдарламасынаорай су құбыры жүре бастағаннан бері қазылып көмілмеген шұңқырлардың  әңгімесі бөлек. Мердігер компания «Снабойлстрой» ЖШС сақтандыру шарасын қарастырмаған, арнайы лентамен қоршау іске аспапты. Осындай шалағайлықтың салдарынан  бірнеше рет жол-көлік оқиғасы орын ала жаздаған. Белгі болмағандықтан көшедегі жолдармен жүру қиындап кетуде.

-Ал менің 2 сыныпта оқитын немеремді 9-шы сыныптың оқушысы құтқарып қалды. Су  толы шұңқырға түсіп кеткен немереме салқын тиіп, 10 күн ауырып жатты, - дейді Қанзиба БАЕТОВА.

Тұрғындар селоға осымен 4-ші рет жүргізіліп жатқан су құбырына сенімсіздікпен қарайды. Су тазарту қондырғысының қуаты жетпесе де, құбырлар жүргізіліп отыр. Бір қызығы, бұдан2 жыл бұрын «Хабар» телеарнасынан Есбол ауылының таза су ішіп отырғаны жөнінде хабарлама жасалған. Бүгінде сол  село сусыз қалып отыр. Бұдан бұрын селодағы 801 үйдің 200-ге жуығы су тазарту қондырғысының суын тұтынып отырған болатын.

Бұл ауылда бұдан да басқа мәселелер жетерлік. Айталық, 2010 жылы жүргізілген көше жарығы 3 күн жанып  сөніп қалса, қыста 2 ай бойы малшылардың өлі-тірісін ешкім білмеген. Ауыл тазалығы бетімен кеткен, қоқыс жәшіктері ұшты-күйлі жоғалуда, көгалдандыру ақсап жатыр. Селодан тысқары 200 метр жерден салынып жатқан ФОК-қа адамдардың қалай қатынайтыны ескерілмеген. Есесіне, гимназия мен Жамбыл орта мектебінің алдындағы мектеп салынады деген желеумен қазылған апанға қоқыстар лақтырылуда. Осыны бітеп, жаздық спорт алаңына айналдырса деген үлкендер ұсынысы қолдау таппаған. Мыңдаған тұрғыны бар селода 25 балалық өкпе ауруынан сауықтыру балабақшасы ғана бар. Есесіне, мыңдаған ата-ананың арыздары ескерусіз, шаң басып жатыр. 75 жылдық тарихы бар Кулагино мектебі апаттық жағдайға жеткен.

Селолық аурухананың жедел жәрдем машинасы бұзылғалы қашан, гинеколог, терапевт, окулист маманы да ауылда жоқ.

-Былтыр селоға облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ келді. Осы проблемаларды айтпақ болғанымызда, бізді жиналысқа кіргізбеді. Күні бүгінге дейін округ әкімсіз, кадр тұрақтамайды,-дейді тұрғындар М. Түсіпқалиев, И. Сапаров, Ж. Біләлов, т. б.  

Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері Анар ДОСПАЕВА 2006 жылы алынған жедел жәрдем машинасының тозығы жетіп, сұраныс беріліп отырғанын, мамандардың жетіспейтінін, бірақ осы Есбол селосының өзінен медициналық академияда 17 түлек грантпен оқып жатқанымен, олардың туған ауылына келуге құлықсыздығын жеткізді. Биыл ауданға 4 маман дәрігер келеді деп күтілуде, бірақ олар Индербор поселкесіне ниет білдіріпті. Индер ауданы әкімі Берікқали САРСЕНҒАЛИЕВ  ауыл қарттарының  айтқанын жоққа шығармады. Оның айтуынша,  ауылға әкім  жуықта тағайындалады.

- Мектеп ескі, балабақша жоқ. Оған ұсыныстар беріліп отыр. «Ақ бұлақ» бағдарламасына орай, биыл осы село таза су ішуі керек. Құбыр жүргізушілерге қадағалаушыны тапсырысшыдан бөлек, жергілікті адамдарды тарту іске асады, - деді әкім.

Оның сөзіне сүйенсек,  селоға 4,6 км жол салынады, ол кіреберістен басталып, орталық көшені қамтиды.  Есболдықтарға қалатыны,  жақсы күндерге сенім арту ғана.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

2 мамыр 2012, 18:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.