- Мен ІІ топ мүгедегімін. Жаңа жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақыны 30 пайызға көтеруге уәде етілген еді. Алайда, алған жәрдемақым өткен жылғыдан бар болғаны 3 000 теңгеге ғана көп болды. Ал зейнетақы мен жәрдемақы төлеу орталығындағылар жас ерекшеліктеріне байланысты шыққан зейнеткерлердің ғана ақшаларының көбейгендігін, жәрдемақының аз өскендігін түсіндірді. Неліктен?
Сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің директорының орынбасары Мәншүк ЛЕПЕСОВА комментарий берді: «Бастапқыда Елбасы Жолдауында тек зейнетақы көтеріледі деп айтылған еді. Оның мөлшері шынымен де 30 пайызға өсті. Мөлшері тікелей күнкөріс минимумына және АЕК-ке байланысты болатын жәрдемақылар мен арнайы жәрдемақылар (жеңілдіктердің орнына ақшалай өтемақы ретінде) АЕК-тің көбеюіне байланысты 9 пайызға ғана өсті. Мәселен, егер І топ мүгедегі өткен жылы 20 335 теңге алған болса, биылғы жылы жәрдемақы мөлшері 22 166 теңге құрады. ІІ топ мүгедектері 15 850 теңгенің орнына 17 276 теңге алады. ІІІ топ мүгедегі 11 065 теңгенің орнына 12 061 теңге алады. І және ІІ топ мүгедектері үшін арнайы жәрдемақы бұрынғы 1 979 теңгенің орнына 2 156 теңгеге, үшінші топ үшін бұрынғы 848 теңгенің орнына 924 теңгеге дейін өсті».