16 сәуірде облыстық өнер музейінде Илья ЖАҚАНОВ өзінің сурет көрмесін көпшілікке ұсынды.
Көрмеге суретші-композитордың 100-ден астам туындысы қойылыпты. Композитор сурет әлеміндегі өз қолтаңбасын Қазақстанның табиғаты мен ұлы тұлғалардың кескінін бейнелеуден бастапты.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, өнертанушы Нұрлан БЕРМАҒАМБЕТ:
- Илья ағамыздың сурет көрмесіне қойылған 50-ге жуық кескіндеме жұмыстары мен 40 шақты графикалық туындыларында Қазақстанның ландшафтысы, көркем пейзаж көрініс тапқан. Сарысу мен Талас өзендері, Баянауыл, Көкшетау, Еділ мен Жайық, Арқадағы Нұра мен Есіл өзендерінің жағалаулары, Бетпақдала, Толағай тауы мен атақты Жайлаукөл болып жалғасады. Ал енді графикада ұлы классиктермен (Моцарт, Бетховен, Шопен) қатар, қазақтың ақындарының портреттерін шебер бейнелепті.
ҚРкөркем академиясының вице-президенті, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ермұхан ЖҮНІСХАН:
- Түс айыру, композиция тұрғысынан алғанда, сурет өнерінің заңдылықтарын толықтай сақтап салынған дүниелер. Пейзаж жанрынан туған жерге деген сағыныш сезімі мен сүйіспеншілік сезіліп тұр. Ал портрет жанрына келетін болсақ, орындалу тәсілі өте тамаша.
Айнұр САПАРОВА