Атырауда жаңа өнеркәсіптік зауыттың салынары сөзсіз. 22 қарашада «ChemicalSolutions» ЖШС жобасы бойынша қоршаған ортаны қорғау (ҚОҚ) жөніндегі екінші қоғамдық тыңдау өтті. Уақыты мен өтетін орны туралы белсенді азаматтардың ешқайсысы хабарсыз болған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі осы екінші тыңдау өткізілді деп танылды.
ЕКІ ГЕКТАРДАҒЫ ЦЕХ
Бір қызығы, ол қала шетінде, Оңтүстік өнеркәсіптік аймақта, CaspianContractorsTrust (CCT) ЖШС кеңсесінде өтті. Оны тапсырыс берушінің өзі ұйымдастырды және оған алдыңғы 10 қазанда өткен тыңдауға қатысушылардың бірде біреуі келмеді.
Енді жобаны «Инновациялық өнімдер өндіретін цех» ретінде таныстырды. Бірінші тыңдауда компания жобаны «Химиялық реагенттер өндіретін зауыт» деп қорғаған еді. Алайда бұл екеуі бір нысан – компания өндірілетін мұнайдың қасиетін жақсарту үшін бірқатар химиялық өнімдерді: эмульгаторларды, депрессорлық және турбулентке қарсы қоспаларды, коррозия ингибиторларын, тұз шөгінділері ингибиторларын... өндіруді және оларды әрі қарай өңдеуді жоспарлап отыр.
Тек атауы ғана емес, ҚОҚ-ты қорғаған спикердің мәртебесі де өзгерген. Бірінші тыңдауда CaspianContractorsTrust директоры болған Павел ЗАХАРОВ енді жобалау ұйымының өкілі болып өзгеріпті. Оның айтуынша, цех зиянды болмайды, өйткені қаланың өнеркәсіптік аймағына салынады. Ал осы қауіптілік сыныбындағы кәсіпорын үшін санитарлық-қорғау аймағы көрші Химпоселкенің қоныстану (тұрғын) аймағына дейін рұқсат етілген деңгейден 300 метрге едәуір асады.
- 800-850 метр, яғни, қаладан тысқары аймақ тұрғындарға әсер етпей өндіру үшін жеткілікті қашықтық. Шағын ғана өндіріс, зауыт емес, шағын цех. Құрылыс алаңының жалпы алаңы 2 гектардай жер. Біз осы аумақтың 50 пайыздайын ғана қамтимыз, - деді Захаров.
НЕЛІКТЕН БҰЛ ЖЕР?
Жоба иелері, олардың айтуынша, мұнай өңдеуші кәсіпорындармен, атап айтқанда, «MaerskOil» ЖШС-мен (Ақтау) және Атырау МӨЗ-імен серіктесуды жобалаған.
Ең жоғарғы өнімділігі жылына 9,6 мың тонна деңгейінде, тәулігіне 30 тоннадай шамада. Нысан құрамында - өндірістік блок, дайындау цехы, зертхана және метанол мен толуол қоймасы бар.
– Негізгі цехта реакторлар болады, олар шикізат араласатын герметикалық ыдыстар түрінде болады. Шикізат дайындау цехынан түседі. Өндіріс барысында ешқандай шығарындылар қарастырылмаған. Тіпті, өндірісте құбырлар да жоқ. Су қолданылмайды. Технологиялық шығарындылар аз. Бәрі де ШРК-ден анағұрлым төмен. Ең жоғарғы ықтимал есептік шығарындылар – жылына 7 тонна. Жалпы өндіріс шығарынды шығармайды және экологиялық ахуалды айтарлықтай нашарлатпайды, - деп қысқаша ғана жоба мазмұнын баяндады Захаров.
Жоба авторларының айтуынша, реакторларды шаю үшін су қолданылмайды. Әрбір процесске 5 реактор қарастырылған. Ал, олардың мойындауынша, апатты төгінділер орын алуы мүмкін: «мұндай жағдайда еденнен жанасшұңқырларға шаю жүзеге асырылады. Олардан жалпы ыдысқа қотарылып, одан арнайы өртеу қондырғысына сорғылармен беріледі. Метанол, толуол – спирттер, органика. Өздеріңіз білесіздер, органика өртенген кезде ешқандай зат бөліп шығармайды».
– Метанол – күшті әсері бар улы зат… – деді залда отырған жалғыз Химпоселке тұрғындарының өкілі.
– Иә, егер ішсе, солай. Қауіптіліктің бірінші класы, – деп қалжыңдады Захаров.
– Неліктен Қарабатанда емес, бұл жерде?
– Бұл біздің меншігіміздегі жер, – деп жауап берді тыңдауға тапсырыс берушілер. – Бұл Caspian Contractors Trust учаскесі емес. ССТ компаниясының бұл жерде бізге қатысы жоқ. Қарабатан бойынша кездестік. Экономикалық талдау жасадық. Бізге ол жерде жұмыс жасау тиімсіз болды.
ТЫМ-ТЫРЫС ӨЗ-ӨЗІМЕН...
Өткен тыңдауда ҚОҚ бойынша «Аналитикалық зертхана» басшысы Ғалия ҮМБЕТӘЛИЕВА есептеулер үшін зауыт жұмыс жасайтын учаскенің емес, бүкіл қаланың фоны алынғанын, сонымен қатар, кейін нақты көрсеткіштер бойынша қандай өзгерістер болғанын салыстыру үшін жердің, су мен ауаның сынамасын алу керектігіне жобалау ұйымының назарын аударған еді. Бұл ескерту де жаңартылған жобада ескеріліпті. Бірінші тыңдауға сол мәселеге және академик Мұфтах ДИАРОВТЫҢ ондаған сұрақтарына жауап берілмеген болатын.
«АЖ» ұйымдастырушыларға бірнеше сұрақ қойды.
– Сіздер қазір бір нәрсе өндіресіздер ме? 4 жылдан бері осы қоспалар мен эмульгаторлар өндіріп келеді, енді өндіріс көлемін кеңейтіп жатыр деген мәлімет бар.
– Қазіргі кезде ештеңе өндіріп жатқан жоқпыз, бұл жай тәжірибелік цех ретінде болды. Бұл өнімді кеңейту үшін цех салуды ұйғардық. Ақтауға бірнеше бөшке жеткіздік, қазір нақты ештеңе өндірмейміз. Бұл ерте атқарылған жұмыстар болатын.
– Қазан айында химреагенттер өндірісі жөнінде тыңдау өткіздіңіздер, ол үлкен резонанс тудырды.
– Иә, шынымен де біздің компания ұйымдастырды. Бірақ Орхусс орталығы ұйымдастырды. Біз жұртшылықты тыңдадық. Жұртшылық пікіріне сәйкес, біз жобаны толықтай қайта жасап шығардық.
– Бірақ сіздің жобаңызға сын айтқан адамдарды бүгін шақырмапсыздар. Бүгін Орхусс орталығы да, бірде бір ҮЕҰ да немесе азаматтық белсенді де жоқ.
– Біз заңнамаға сәйкес бәрін жасадық. Жергілікті газетке хабарландыру бердік. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының сайтына жобамызды іліп қойдық. Ниет білдірушілер онымен таныса алады.
– Бірақ жаңа жобада не өзгерді? Бүгін оның жаңартылғанын растай алатын ешкім жоқ.
– Табиғи ресурстар басқармасының сайтынан жаңа өңделген ҚОҚ жобасын қараңыз.
Айта кету керек, осы өкілетті мемлекеттік органның өкілі тыңдауда бірде бір сұрақ қойған жоқ. Шарадан кейін мен қысқаша сауалнама жүргіздім. ҚОҚ жөніндегі қайталама тыңдау өтетіні туралы алдыңғы тыңдауды ұйымдастырушы Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТЕЛЕУОВАНЫҢ, облыстық мәслихат деңгейінде Атырауда жаңа өнеркәсіптік нысандарды салуға тыйым салуды ұсынған Атырау мұнай және газ университетінің Каспий зерттеу институтының директоры Қосан ТАСҚЫНБАЕВТЫҢ, сараптамалық сұрақтар қойған Ғалия Үмбетәлиеваның, Мұфтах Диаровтың және басқа да көптеген мүдделі жандардың білмейтіндігі анықталды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН