Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ тұрғындардың асфальттау жұмыстарына қатысты сұрақтарына жауап берді:
- Қала сыртындағы Көкарна аулы №8 көшенің оң жағын ғана асфальттаған. Құрылысшылар сметаға тек бір бөлігі енгенін айтады. Жаңбыр басталды, қайтадан балшыққа баттық. №8 көшенің сол жақ бөлігіне асфальт қашан төселеді?
Кәмшат Сандыбаева
- Қазіргі таңда Көкарна ықшамауданындағы №8 көшеде салынатын (сол жағы) автокөлік жолдарының құрылыстары аясында жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, ведомстводан тыс мемлекеттік сараптамадан өту кезеңінде. Сараптама аяқталған соң аталған көше жұмыстар жоспарына енгізіледі.
- Жыл басында Өркен-2 поселкесіндегі №36 көшенің міндетті түрде асфальтталатыны хабарланған еді. Жарты жыл өтті, асфальт жоқ.
Нұрлыбай
- Өркен-2 ықшамауданындағы №36 көшені асфальттау жұмыстары жақын арада басталады.
- Біз 2012 жылдан бері Самал ықшамауданында тұрамыз. Сол кезде өз қаражатымызға су, электр энергиясын, газ жүргізіп алдық, бірақ көшемізде әлі күнге асфальт жоқ. Жаңбыр кезінде жүре алмайсың. Біздің ықшамауданымыздағы көшелердің барлығы дерлік асфальтталған. Бізге қашан төселеді?
Самал ықшамауданы №20 өткел тұрғындары
- 2017 жылға арналған бюджет шешіміне сәйкес Самал ықшамауданындағы №20 өткелге автокөлік жолын салу қарастырылмаған. Биыл Атырау қаласындағы автокөлік жолдарының құрылысы бағдарламасы аясында қала аумағындағы және қала сыртындағы ауылдық округтердегі 531 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланған. 311 көшені қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі арқылы, 181 көше мен 39 өткелді қалалық құрылыс бөлімі арқылы асфальттау жоспарланған. Осы жылдың 20 қазанындағы жағдай бойынша 340 көше мен 30 өткелде жол құрылыстары аяқталған, жалпы ұзындығы 186,8 шақырым. Қалған көшелер мен өткелдерде жер төсемі мен ұсақтас-құмды жабындыны жоспарлау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Асфальт төселген көшелердің тізімі жұмыстар аяқталған соң жарияланады.