Атырау, 26 қараша 22:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қылмыскердің тәубесі

4 658 просмотра


Амангелді (есімі өзгертіліп алынды) 22 жасында адам өлтіріп, өмірінің он жылын түрмеде өткізген. Бостандыққа өткен айда ғана шықты. Ол «АЖ» тілшісіне сол қайғылы оқиғаның қалай болғанын және темір тордың аржағында өткен өмірі туралы айтып берді.

- 2007 жылы мен даяшы болып жұмыс істедім. Бір күні клиентеріммен арада дау туып, олар маған тіл тигізіп, балағаттап тастады. Мен оған шыдамай біреуінің басынан бөтелкемен ұрдым. Келесі күні ол жігіт мені мейрамхана артында пышақпен күтіп алды. Бұрын дзюдомен айналысқасын оның қолынан пышақты тартып алу қиын болмады. Өзінің пышағымен оның жүрек тұсына бір рет, өкпесіне бір рет тығып алдым.

- Кейін құқық қорғау органдарына өзің берілдің бе?

- Жоқ, қолымдағы қанды көріп, есім шығып кетті. Басым ауған жаққа қаштым. Үйге барып көрпенің астына кіріп, өкіріп жыладым. Үйдегілер де қылмыс істегенімді бірден түсінді. Анам жылап, заттарымды жинап «кет, кет» деп мені ауылдағы ағасының үйіне жібергісі келсе, әкем «Қазір сенің кісі өлтіргеніңді ешкім білмейді, берілсең беріл, берілмесең кет. Ұлым не істесең де жауап берер, біз саған ешқандай кінә артпаймыз. Тағдырдың жазғаны, күнәңнің қасіретін сенімен бірге тартамыз» деді. Кейін мені ауылдан тапты. Сотқа туыстарым, қайтыс болған жігіттің туыстары келді.

- Өлген жігіттің туыстарының тарапынан қандай  да бір әрекет болды ма?

- Сотта оларды алғаш көрдім ғой. Олар үнсіз егіліп жылай берді. Бір кезде анасы көзіме тура қарады да, мені қарғай жөнелді. Ұмытпасам, 2012 жылы түрмеге қайтыс болған жігіттің жеңгесі келді, отбасы мені кешіргенін айтып, сәлемдеме беріп кетті. Жеңгесінің айтуы бойынша анасы жылап- жылап соқыр болып, кейін ауырып, о дүниелік болыпты. Өлерінде «әлгі жігітті кешіріңдер, ұлымның қасына барамын ғой» депті. Кейін анасының артынан әкесі, жол апатынан ағасы да қайтыс болған көрінеді.

- Сол отбасының қайғысына өзіңді кінәлі санайсың ба?

- Осы ойдан арыла алмай- ақ қойдым. Егерде мен әлгі жігітті өлтірмесем, олар қазір бақытты ғұмыр кешетін бе еді, кім білсін?! Аналары да аман болар ма еді? Түрмеде бірнеше мәрте асылып қалғым келді, бірақ қолымнан келмеді... Не болса да ол отбасының алдындағы күнәм мен кінәм үлкен және ауыр. Ешқашан бұл ішкі азаптан құтыла алмайтын болармын...

- Ал өзіңнің отбасың ше?

- Сотыма анам, туыстарымның бәрі келгенімен, әкем келмеді. Кейін түрмеде отырғанымда да келген жоқ. 2015 жылы танысым түрмеге түсті. Ол әкемнің менің сотымнан кейін бір жылдан соң қайтыс болғанын айтты. Менің істеген ісімнен кейін ел- жұртпен араласуды қойған, тұйықтанып қалған. Жұмыстастары мен достары сыйлайтын асыл адам еді ( көзіне жас алды). Түрмеден шыққан соң, бейітіне барып кеттім. Анам қазір үйде, інім үйленген, соның үш баласын тәрбиелеп отыр. Інімнің балалары да, әйелі де мені танымайды.

- Түрмедегі өмірің жайлы айтсаң?

- 10 жылда 3 түрмеде болдым: Атырау, Ақтау, Павлодар. Түрмедегі өмірді жауыма да тілемеймін. Ол жерде басыбайлы құл сияқтысың:таңдау жоқ. Мен қатаң режимде болдым, аптасына әрі кетсе 4-5 рет таза ауаға шығамын. Камерадағылардың көбі туберкулезбен ауырды, менде жұқтырдым. Үйден сәлемдеме сирек келетін. Тәртіп бұзсаң - жаза.

Бір күні камераласыммен төбелесіп қалдым. Кінә менен деп, карцерде 1 апта жаттым. Содан кейін тәртіп бұзуға қорқатын болдым. Кінәмнің ішімді күйдергені соншалықты, уақытынан бұрын босатуға (УДО) өтінішті берген де емеспін. Құдай берген толық ғұмырдың 10 жылын қоқысқа тастадым.

- Түрмеде сені ұрып - соқты ма?

- Жоқ, ондай болмады. Әрине, кейде өз тілімнен өзгелерден таяқ жедім. Бірақ, өзімнің кінәм.

- Алдағы жоспарларың туралы айтсаң?

- Үйленіп, жұмысқа тұрғым келеді. Университеттегі оқуымды жалғастырсам деймін, «экономика» мамандығына оқыған едім.  Бірақ бәріне қаржы керек. Қазір ең бастысы- қайта шалыс басып, түрмеге түспесем болды.

Фархат ӘБІЛОВ

 

 

23 қазан 2017, 10:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.