Ш. Сариев атындағы көркемурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Отарбай КЕНДІРДІҢ «Келсеңші оралып» атты жеке шығармашылық көрмесі келушілер назарына ұсынылды.
Сөреге суретшінің қырдағы ауылды, табиғаттың көріністерін бейнелейтін 60-қа жуық туындысы қойылған. Белгілі мәдениет қайраткерлері Ілия ЖАҚАНОВ, Ғарифолла ӘНЕСОВ суретшінің өнері жайында сыр шертті. Келушілердің назарына суретшінің ең алғаш көрмеге қатысқан «Ақ» деп аталатын композициясы да қойылған.
- Бұл туындымен ең алғаш суретшілер көрмесіне қатысқанымда мықты суретшілердің қасында өзімнің салған суретіме ұялып босағаға қойып кеттім. Бірақ барлығы да мынау кімнің жұмысы деп тоқталып, ұзақ назар аударды. Менің жұмысым екенін айтқанымда, сәтті шыққанын айтып, жалғастыра беруімді сұрап шығармашылығыма талпыныс берген еді, - деп еске алды Отарбай аға.
Бұл қылқалам шеберінің бесінші көрмесі. Ол 30 қазанға дейін жалғасады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Cуреттерді түсірген автор