Атырау қаласының 36 жастағы тұрғыны Ақмарал МАЖИТОВА көптен бергі арманына қол жеткізді. Ол қазір Қазақстанды велосипедпен аралап жүр! Осы саяхатын жүзеге асыру үшін ол жұмысынан өз еркімен шығу туралы арыз жазған.
- Ақмарал, бұл сапарыңызға қалай батылыңыз барды?
- Армандадым, қиялдадым, бір күні құр армандап отыра бергенше орныңнан тұрып, сол арманыңды іске асыру керектігін түсіндім. Бәрі солай басталды.
Ақмарал Атыраудан көрші Ақтөбе қаласына дейін құрбысының көлігімен жетіп қалады. Қалада туысқандарының үйінде қонақта болып, 6 маусым күні жалғыз велосипедпен Қостанайға жолға шығады. Осы жолдың 4-ші күнінде Ақмарал Валерий мен Василий есімді саяхатшылармен жолығады. Валерий Белоруссиядан, ал, Василий Ресейдің Курск қаласынан екен.
- Үшеуміз бірге Қостанай облысының аумағына дейін үш күн жүріп келдік. Кейін жолымыз екіге айрылды – себебі, олардың бағыты кейін өзгерді, - дейді Ақмарал.
Кейін ол Астанаға жетіп, одан соң Павлодарға дейін электр пойызымен (электричка) жолға шығады. Павлодарда автостоппен Баянауылға, одан 350 шақырым жердегі Қарқаралыға барды:
- Осы екі жерді аралауға он шақты күн жұмсадым. Ол жерлердің әдемілігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Кері қайту мен үшін қиындау болды (күледі).
Ақмаралға Павлодарға қайта оралу керек болды – себебі велосипеді сол жерде қалған-ды. Осы жерден велосипедке отырған ол Семей қаласына тартып кетеді.
- Сіз қайда түнедіңіз?
- Туристерге арналған шатыр құрып, сонда түнеймін. Қай жерде жүрсем де күн батардан бұрын тоқтаймын, көбіне адамдардың көзіне түспеуге тырысамын.
- Қорықпадыңыз ба?
- Әрине, қорқыныш болады. Бірақ «қасқырдан қорқатын адам орманға бармас» дейді ғой. Мен көңіліңді жақсы жаққа бұрып, жақсы дүниелер ойлау керек, сол кезде тек жақсылық болады.
- Әдетте қыздардың сөмкесінде опа-далап, телефон сияқты нәрселер жүреді. Сіздің сөмкеңізде не бар?
- Менің сөмкем кішкентай қол сөмкесі емес. Велосипедтің рөліндегі сөмкеде міндетті түрде пауэрбанк, телефон болса, велосөмкеде тегершік үретін насос, артық бөлшектер, жылы киім-кешектерім, ұйықтайтын қап, кілемше, палатка бар.
- Қалай тамақтанып жүрсіз?
- Өзім аз-мұз тамақтар алып жүремін. Оттығым да бар (горелка). Жолда асханалар, шайханалар кездессе, екі ыдысқа ыстық су құйып алуға тырысамын. Бір ыдыстағымен шай ішсем, екінші ыдыстағы ыссы суға қарақұмықты бұқтырамын. Бірақ кейін одан да шығып кетесің. Былайша айтқанда, күніне тамаққа 500 теңгедей кетеді. Су сатып алмаймын. Көбіне бұлақтарда, жолдағы колонкалардан жинап аламын.
- Көбіне саяхатқа ер адамдар жалғыз шығады. Ал, қыз баланың айдалада жалғыз өзі велосипедпен кетіп бара жатқаны сирек құбылыс.
- Енді біреуге бастау керек шығар. Әйел – ошақтың қорғаушысы дейтіндер де бар. Жарайды, әр адамның ойы әртүрлі. Ал, мен армандарымды орындағым келеді.
Бізбен тілдескен кезде Ақмарал Алматы қаласында жүрді. Ол суық тигізіп, жөтеліп қалған екен. Алматыда оны дәрігерлер тексеріп, ем тағайындапты.
Алдағы жоспары туралы Ақмарал былай дейді:
- Алматыдан кейін Тараз, Шымкент, Қызылордаға барамын. Басынан саяхатымды осы маршрут бойынша жоспарлаған едім. Болашаққа құрған жоспарым да бар – Оңтүстік Азия бағытына сапарға шығу.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер А.Мажитованың жеке мұрағатынан