Атырауда Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы, мердігер – «Жиенбай» ЖШС.
Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей ЖАНТӨРЕЕВТІҢ айтуынша, ғимарат Атырау-Астрахан трассасының маңындағы арнайы бөлінген 4 гектар жер теліміне салынуда. Оның алаңы 2 500 шаршы метрді құрайды.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары көлік қожайындарына қолайлы болу үшін ашылған. Олар көліктерді тіркеп, мемлекеттік нөмір белгілерін, жүргізуші куәліктерін береді. Бұл жерде жол қозғалысы ережесін білу бойынша емтихандар алынады, түрлі анықтамалар беріліп, көлік салықтары төленеді. Бұл үшін ғимаратта Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінен басқа жол полициясының, мемлекеттік кірістер басқармасының, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлердің қызметкерлері жұмыс жасайтын болады. Жоспар бойынша ғимарат құрылысы келесі жылдың бірінші жартысында аяқталады.
Бүгінде мамандандырылған орталықтар Қазақстанның 12 облысында жұмыс жасауда. Жыл басынан бері олар арқылы, атап айтқанда, 701 053 көлік тіркеліп, 172 619 жүргізуші куәлігі берілген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА