Біз аптап ыстықта қоғамдық көлік жолаушыларының автобустар мен маршруткаларды қайда және қалай күтіп тұруға тура келетіндерін көру үшін қаланы аралап шықтық.
1-сурет. Төбелері поликарбонаттан жасалған Атырау аялдамалары біздің климатымызға қолайлы емес. Олар қыстың шытырлаған аязында және жазғы аптапта күйреп кетеді. Қымбат емес осындай материалдан жасалған қаладағы аялдамалардың көпшілігі осындай күйде.
2-сурет. Тіпті, төбесі бүтін 3-4 кісілік отырғышы бар кішкентай павильондардың өзі ыстықтан құтқармайды. Ал көп жерлерде павильондар мүлдем жоқ. Тек білетіндер үшін «қалташықтар» бар. Мәселен, Балықшыда бір учаске бөлігінде осындай үш жер бар.
3-сурет. Ландыш аялдамасы. Бұл жерде қала тұрғындары Дамбы жаққа қарай жүретін маршруткаларды ұзақ күтеді. Павильон жоқ, адамдар кішкентай ағаштардың көлеңкесін қалқалауға тырысады.
4 және 5-суреттер. Бұл Құнанбаев көшесінің бойындағы «Школа» аялдамасы. Бұл жерде бір кездері павильондар болған, содан кейін Балықшы-Жұмыскер көпірін салу кезінде жолдарды кеңейткен кезде алып тастаған. Ал қазір ол жер бос жатыр.
6-сурет. Сарықамыс ауданындағы аялдама. Комментарий берудің өзі артық... Айта кету керек, бұл Балықшы-Жұмыскер көпіріне бұрылыстан бастап Авангардқа дейінгі ұзын жол бойындағы жалғыз аялдама.
7,8,9-суреттер. Авангардтағы «Каспий» аялдамасында осындай оғаш жағдай бар. Бұл халық көп жүретін жер, сондықтан қатарынан үш павильон орнатылған. Бірақ олар бос тұр. Өйткені, автобус жүргізушілері үнемі одан 30 метр қашықтыққа тоқтайды (шамасы, кейін «қалташықтан» шығып айналып жүрмес үшін шығар). Мұндағы көрініс те сондай: адамдар күн астында шыжып тұр.
10 және 11-суреттер. Егер сен №1 маршрутпен жүрмесең, Пушкин көшесінің бойындағы бұл жерлердің қоғамдық көлік аялдамалары екенін білуің неғайбыл. Бұл жерлерде жолаушылар көп емес, бірақ бар жолаушылар жақын жердегі үйлердің көлеңкелерін саялауға мәжбүр.
12-сурет. Тайманов көшесіндегі «Афанасьев» аялдамасы. Бұл тек «қалташық» қана. Біздің алдымызда күнге шыжғырылып тұрған адамдарды алып кеткен маршрутка кетіп бара жатты. Айтпақшы, егер әрі қарай айналма көпір арқылы вокзалға дейін созылған №10 маршрутпен жүрсе, бұл жерде ешқандай белгі жоқ. Адамдар кез-келген жерде трасса бойына шығып, жол жиегінде күтіп тұрады. Енді не істесін? Баратын жерлеріне жету керек қой...
13 және 14-суреттер. «Вокзал» аялдамасы – көптеген маршруттар үшін соңғы аялдама. Павильон отырғыштары жүргізушілер мен кондукторларға тамақ пен шай сатып отырған әйелдерден босамайды. Бұл да керек нәрсе, бірақ отырғыштар бос болса да, оған отыру мүмкін емес. Олар майлы тағамдар мен төгілген шайдың шырышымен ластанған.
15-сурет. СМП-136 ықшамауданындағы №6 маршруттың соңғы аялдамасы. Жолаушылар үшін қалқалайтын жер де, ағаштар да жоқ.
16-сурет. Осы сиықсыз көріністердің арасындағы тартымдысы – сонау кеңес дәуірінен бері сақталып қалған СМП-136-дағы аялдама. Ұзын отырғыштар, кірпіш қабырғалар, жалпақ шатыр... Дөрекілеу көрінгенмен, сенімді-ақ...
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суреттерді түсірген автор