Атырау, 23 желтоқсан 12:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Биле, биле, жастық шақ!

13 357 просмотра

Би билеу уақыт өткізу ғана емес. Оның балаларға берер пайдасы зор: есте сақтау қабілетін жақсартуға, қиялдауға себепші болады, физикалық тұрғыда дамытады, ұжымда тіл табысуға үйретеді, тіпті жасқаншақтықты жояды.  Егер кең шалбар мен мол футболка киген балаңыз күрделі па қозғалысын жасайтын болса, ол үшін қорқуға асықпаңыз. Керісінше, қуанғаныңыз абзал – құрдастары сол үшін оны құрмет тұтатын болады. Сенбейсіз бе? Ендеше, кәсіпқой мамандардың не айтатынын тыңдап көріңіз.

«АЭЛИТА»

«Аэлита» би ұжымын таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Жүздеген бала  Лидия мен Нұрлан МҰҚАНОВТАРДЫҢ жетекшілігімен өздерінің алғашқы қадамдарын жасады. Спорттық-баллдық би – бұл эстетикалық тәрбие және әдемі қозғала білу. Бірақ бұл үнемі жаттығу мен әжептәуір қаржы салымын қажет етеді. Бұдан басқа, бишілерге лайықты серіктес табу оңай емес – биде ұл балалар жетіспей жатады. Тіпті сайыстарға қатысу үшін «соло-қыздар» деп аталатын арнайы санат бар.

- Бастапқыда балалар жалпы би мектебіне келеді. Бір-екі жылдан кейін олар әуесқойлар санатында қала ма, әлде сайыстарға қатысып, жеңіске жеткісі келе ме, айқындалатын болады, - дейді Лидия Мұқанова. – Мұның екіншісі аптасына 3 мәрте спорттық билер, 3 мәрте хореография, оған қоса жаттықтырушымен қосымша жеке сабақтар алу керек дегенді білдіреді.

Спорттық-баллдық би әлеміне енуді армандайтындарды №3 ПТЛ ғимаратында күтеді. Балалар 5-6 жастан бастап қабылданады. Сабақ жас ерекшелігіне қарай бір-бір жарым сағат уақытқа созылады.

 

БАЙКЕНОВТЕРДІҢ БАЛЕТ СТУДИЯСЫ

Байкеновтердің балет студиясында би үйренгісі келетіндердің көптігі сондай, олар Кіші өнер академиясының залына сыймайтын болды. Сондықтан қосымша топтарға сабақтар «Қазақстан» мейманханасында өткізіледі. «Біз 5-12 жастағы балаларды қабылдаймыз. Топ тез толып қалады, өйткені бір уақытта педагог 10-12 баламен ғана жұмыс істей алады. Одан көп болса, жұмыс сапасы жоғалады. Ұл балалар келсе қуанар едік, алайда ата-аналар көбінесе қыз балаларды әкеледі», - деп әңгімелейді Гүлсина БАЙКЕНОВА.

Сабақ бағдарламасына серіктес гимнастика, аяқ, қол және арқа бұлшық еттеріне арналған жаттығулар, сондай-ақ жалпы хореография, классикалық және баллдық билер кіреді. Сабақ күні бойына жүргізіледі. Таңертеңгі (сағат 10-нан 11-ге дейін), түстен кейінгі (сағат 16.00-ден 17.00-ге дейін) және кешкі (сағат 18.30-дан 21.00-ге дейін) топтар бар.

 

«NEW STYLE»

«New style» би студиясының бүлдіршіндер тобы тек сенбі мен жексенбіде ғана жұмыс істейді. Шағын ұжымның негізін құрайтын балабақша бүлдіршіндерінің ата-аналары үшін осылай қолайлы. 

Хореограф Аннета ХУПОВЕЦ бүлдіршіндер үшін арнайы жаттығулар кешенін жасақтап шығарған. Оның ішінде керілу, иілгіштік, жалпы бұлшық еттерді дамыту жаттығулары, латын-американдық билердің негіздері кіреді.

- Аптасына екі рет бір жарым сағаттан айналысса – бұл сәбилер үшін қолайлы болады деп ойлаймын, - дейді Аннета. – Би «физикасынан» басқа бұл жаста еске сақтау (өйткені балаларға қозғалыс пен олардың кезектілігін еске сақтау керек), шығармашылық қиялдау қабілеттері дамиды.

Қыз балалардың сабаққа қуана келіп, ашық түсті сәнді белдемшелерді киіп (қанша дегенмен латын-американдық билер ғой!), шаштарын қалай жып-жылмағай етіп жинап алғанын көзбен көру керек.

- Олар үшін бұл өзіндік тіл табысу клубы, жұртшылық арасына шығу. Осы сабақты олар бір апта бойына күтіп жүреді, - деп күледі ата-аналар.

Олардан үлкен балалар 9 жастан бастап хип-хоппен айналысады. Ал 14 жастан бастап жаңа локинг пен поппинг би стильдерін меңгере бастайды.

- Локинг – Funk Styles жанрындағы негізгі стиль. Атауы «лок» (құлып) деген сөзден шыққан, бұл бүкіл биге рух береді.. Лок – бұл қозғалыс, содан кейін күрт үзіліс және – тоқтаусыз қозғалыс жасау. Локинг негізін қозғалыстың бірнеше түрі құрайды: ілмек, нүктелер, пас жасау, секіру, жартылай шпагатқа отыру. Бұл екпінді және жылдам қозғалысты стиль, - деп әңгімелейді «New style» би мектебінің жетекшісі Аслан ТІЛЕУБАЕВ. – Поппинг - Funk Styles-тің екінші ірі бағыты. Бидің ерекшелігі – аяқ қозғалысы көп болады. Аяқ арқан сияқты ирелеңдейді, шиыршықталады, бишінің денесінен бөлек қозғалысқа түскендей әсер береді..

 

«STEP RITM»

Тағы бір заманауи би мектебі – Ерболат РЫСБАЕВ жетекшілік ететін «Step ritm» мектебі. Ол қалаға танымал «Super sonic», «X-box», «Парадокс», «Арроу» деген бірнеше жастар ұжымын біріктіреді. Олар хип-хоп, брейк дэнс, электро дэнс, ал таяу уақыттан бері – капоэйру (акробатика мен жекпе-жек өнерінің элементтері бар бразилиялық би) стилін орындайды. Егер басқа елдерде осынау танымал стильдер көшелерден би алаңына жеткен болса, бізге олар бейнеклиптер мен жастар фильмдері арқылы келді. Жасөспірімдерді бұл билерді өздерімен қатарлас және оларға түсінікті жастар тілінде сөйлейтін адамдардың үйрететіні қызықтырады. Заманауи билер жастардың әдемі киімдерінің (стильді бишінің ажырамас киім-кешегі) де арқасында танымал болып отыр. Мұның бәрі жасөспірім үшін өмір стиліне айналады.

Заманауи би мектебінің құрылғанына көп болған жоқ, алайда республикалық және халықаралық сайыстарға белсенді қатысады.

- Би шығармашылыққа толық еркіндік береді. Әрине, балалар негізгі қозғалысты үйренеді. Алайда сабақ барысында әрқайсысы өздерінің жеке билерін көрсете алады, тіпті сайыс – баттл ұйымдастыра алады. Біз ұлдар мен қыздарды 8 жастан бастап қабылдаймыз. Алайда негізгі құрам – 14-15 жастағы жасөспірімдер, - дейді Ербол. Олар би сабақтарын «Мұнайшы» спорт кешеніндегі (Жилгородок) бассейннің нөлдік қабатында үйретеді.

Қазір балалар 18 наурызда Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде сағат 15.00-де өтетін республикалық сайысқа дайындалып жүр.

 

ҚҰРМАНҒАЗЫ атындағы МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

Бұл жерде жаңа бишілерге іріктеу жүргізетін бірнеше ұжымдар жиналған. Мәдина НИТОКШИНА 4-11 жастан, 11-15 жастан, 15 жастан жоғары үш топтан тұратын «Камелия» би ансамбліне жетекшілік етеді. Ансамбль «Халықтық» деген атаққа ие.

- Біздің репертуарымызда эстрадалық билер мен хореографиялық қойылымдар бар. Біз жергілікті шаралар мен конкурстарға үнемі қатысып отырамыз, - дейді Мәдина. – Биге әуестік танытқан балалар бірден көзге түсіп тұрады: олар анағұрлым жылы шырайлы, ашық-жарқын, жаңадан келгендерге үнемі қол ұшын беруге дайын.

Бұдан басқа мәдениет үйінде «Жұлдыз» (жетекшісі Жаңылсын Сейітова) және «Жайық қызы» (жетекшісі Айдана Сейітқалиева) халықтық ансамбльдері жұмыс жасайды.  Олардың репертуарларында әлем халықтарының билері (қазақ, өзбек, үнді және т.б.) бар. Ұжымдар үнемі – қыркүйектің басында, жыл басында және көктемде іріктеу жүргізіп отырады.

Наталья Любинаның «Натали» эстрадалық ансамблі 12 жастан бастап қыз балаларды қабылдайды. Оларға сабақ дүйсенбі, сәрсенбі және демалыс күндері сағат 20.30-дан 22.00-ге дейін өткізіледі.

 

ДИНА НҰРПЕЙІСОВА атындағы МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

Осы мәдениет үйінің студиясы репертуарға бай. Балалар классикалық билерді де, халық билерін де, эстрадалық билерді де орындайды. Шараларға жиі қатысады, жыл сайын есептік концерттер беріп тұрады. Студия жетекшісі Инга ТҰРСЫНОВАНЫҢ айтуынша, бимен айналысу баланың мүсіні мен жүрісін жақсартып қана қоймай, кейбір физикалық кемшіліктерді түзетуге көмектеседі.

- Көбінесе ата-аналар аяқтарын сәл маймақ басатын, тізелерін тік ұстамайтын балаларды әкеледі, немесе баланың аяқ бұлшық еттері әлсіз болуы мүмкін. Жарты жылдан кейін бұл туралы ұмытуға болады, - дейді Инга.

Студияда 6-дан 15 жасқа дейінгі қыздарға би сабақтары өткізіледі, сабақтар екі ауысыммен: сейсенбіде, бейсенбіде сағат 09.30-дан 11.00-ге дейін, сағат 14.30-дан 16.00-ге дейін болады.

 

ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫ

Атауының өзі айтып тұрғандай: басты бағыт – халық билері. Орталық ғимаратында «Меруерт» (жетекшісі Меруерт СЕЙІТОВА) және «Әсем-ай» (Райхан СУЖИКОВА) топтары жұмыс істейді. «Әсем-айға» 7-ден 16 жасқа дейінгі қыздарды қабылдайды. Сабақтар дүйсенбі, сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 10-нан 11-ге дейін және сағат 15-тен 17-ге дейін өткізіледі. «Меруерт» тобының қыздары сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері сағат 10-нан 12-ге дейін және сағат 15-тен 17-ге дейін айналысады. Католик шіркеуінің жалғама ғимаратында би сабағы өтетін «Шынарым-ай»  (жетекшісі Шынар НҰРҒАЛИЕВА) тобында 5-тен 18 жасқа дейінгі қыздар билейді. Сабақтар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері 4 ауысыммен сағат 9.30-дан 19.00-ге дейін өткізіледі.

Орталықтағы ең ересек ұжым – Мәнура ҒАБДУШЕВА жетекшілік ететін «Ақ Ерке Жайық» халықтық би ансамблі. 16-дан жоғары жастағы қыздар Атырау мұнай және газ институтының Студенттер сарайында дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 18-ден 20-ға дейін би дәрістерін меңгереді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 наурыз 2012, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.