– Авангард 3 ықшам аудандағы №35 үйде тұрамыз. Үйдің 1-қабатында әлеуметтік қорғалмаған адамдар, «Арнаулы автобаза» қызметкерлері, интернат мекемелерінің бұрынғы тәрбиеленушілері тұрады, «Арнаулы автобаза», ПИК кеңселері орналасқан. Біздің үйіміз ескі, 2-подъездің қабырғасы жарылып тұр. Үйдің бірінші қабаты шөгіп қалған, подъезге еңкейіп кіреміз. ПИК терможаңғырту жүргізуге қатысты ТКШ-ге жүгінді, алайда ол жақтан мердігерлердің біздің үймен байланысқысы келмейтіні туралы жауап келді. Олар қандай да болмасын құрылыс жұмыстары үйдің одан сайын бұзылуына әкелуі мүмкін екендігіне сенімді. Біздің «апатты» үй деген мәртебеміз жоқ. Үйімізге терможаңғырту жүргізіле ме? Егер жүргізілмесе, не себепті жүргізілмейді? Егер терможаңғырту болмаса, онда бізге, тұрғындарға ғимараттың одан әрі бұзылуына жол бермес үшін үйді қалай ұстап тұру керек?
Азаттық даңғылы бойындағы №131 үйдің тұрғындары да осындай жаңдайда. Бұл үйдің 1-қабаты да жерге шөгіп қалған. Сол кезде тұрғындары бірден 2-қабатқа апаратын сыртқы баспалдақтар орнатқан, подъезге сол арқылы кіреді. 1-қабатты түгелдей жеке кәсіпкерлер сатып алған. Олар өз кеңселері мен дүкендерге даңғыл жақтан кіреді.
Телефон арқылы
Сұраққа қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ жауап берді:
– Терможаңғырту 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүргізіледі. Тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін арнайы өтініш қажет. Ол кондоминиумды басқару органының бастамасымен, сонымен қатар, пәтердің меншік иелерінің оныншы бөлігінен кем емес бөлігінің талабымен ресімделеді және жергілікті атқарушы органға беріледі. Содан кейін хаттама ресімделетін жалпы жиналыс өткізіледі. Хаттамаға 70-тен кем емес меншік иелерінің келісімімен жөндеу жүргізуге дауыс беру парағы жалғанады. Сондай-ақ, кондоминиумды басқару органы қажетті құжаттарды: жерге мемлекеттік акт, үйдің техникалық төлқұжаты, кондоминиум нысаны ретінде үйді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік ұсынуы қажет. Тек осыдан кейін ғана аталмыш бағдарлама бойынша Авангард 3 ықшамаудандағы №35 тұрғын үйді жөндеу туралы өтініш қаралып, жоспарға енгізілетін болады. Жөндеу жұмыстары кезектілік тәртібімен және осы жұмысқа қаржының түсуіне қарай жүргізіледі. Бірақ әзірге осы үйге қызмет көрсететін «Рахман-2» ПИК-інен, сонымен қатар, үй тұрғындарынан аталмыш бағдарлама бойынша жөндеу жұмыстарына қатысты ресми өтініштер түскен жоқ.