1950 жылдың қысы тым қатал еді. Үздіксіз соққан сұрапыл бораннан айнала ақ көрпеге оранып, ауылдар мен қыстақтар арасындағы қатынас мүлдем тоқтап, байланысты үзіп тастады. Мал аштан жаппай қырылып жатты. Осындай төтенше жағдай басқа да шаруашылықтарда кездесті.
- Әкем Қалам ЕСҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, қыстың қорытындысы партия жиналысында талқылануы тиіс болғанымен көп адамдар бар шындықты айтуға жүрексініп, төмен қарап қалған. Коммунистік партияда болғандар да ештеңені ашып айта алмады. Ешқайсысының батылдығы жетпеген еді. Дәл сол кезде әкем орнынан тұрып, ауылдардың осындай табиғат өзгерістеріне дайын емес екенін, соның кесірінен мал қырылып жатқанын айтып, бар шындықты жайып салады, - дейді Ғазиз ЕСҚАЛИЕВ.
1951 жылдың тамызында Қалам Есқалиевты мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің қызметкерлері (1954 жылға дейін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі деп аталған) себебін еш түсіндірместен ұстап алып кетеді. Қаламға оның жиналыста сөйлеген сөзі біреулерге ұнамағанын еске салады. Тергеушілер әуелі оны бірнеше күн ұрып-соғады. Қалам аға сол жиналыста сөйлегені өзіне таяқ болып тигенін білді.
Кейін үштік атылуға тиіс деп қаулы шығарып, істі сотқа жібереді. Бірақ, сотта ату жазасын 58-ші саяси бап бойынша 10 жылға түрмеде отыру деп ауыстырып, Қаламды «халық жауы» деп айды. Сөйтіп, бірнеше жылға сотталған ол этаппен Гурьев, Новосибирск, Ақмола, Ақтөбе, Фронтал, Семей лагерлерінде болады.
- Әкем лагерьдегі аштық пен суыққа төзген күндерін көп айта бермейтін. Күрсінетін де қоя салатын. Әкем айдауға кеткенде шешем екі жасқа жетпеген қызы және менімен қалады. Шешем тігінші болып жұмыс жасайтын, әкем халық жауы атанғаннан кейін жұмыстан шығарып жібереді, - деп еске алды Ғ.Есқалиев.
Сталин өлгеннен кейін Қалам аға 1955 жылдың 14 қаңтарында сотталу мерзімі қысқарып, босайды. 1961 жылы ол толық ақталып шығады.
- Әкем 1915 жылдың қазан айында Есбол болысының (қазіргі Индер ауданы) Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1930 жылы Гурьевтегі фабрика-зауыт мектебін екі жыл оқып бірінші разрядты токарь мамандығын меңгеріп шығады. Ол одан әрі білімін жетілдіруге денсаулығы сыр берген соң елге оралады. 1934-1935 жылдары редактор Ғабды Аманғалиевпен бірігіп, «Социалистік мал шаруашылығы» газетін шығарады. Газетте тілші болып жұмыс істеген әкемді кейін Доссордағы тау-кен өндірістік училищеге математикадан сабақ беруге жібереді, - дейді Ғ.Есқалиев.
Кейін Қалам Есқалиев туған ауылына қайтып оралып, мұғалім болып еңбек етеді. Одан соң Кулагино және Зеленый ауылдарында балалар үйі мен мектептің директорлары болады. Бүгінде Есбол ауылында Қалам Есқалиевтың атында мектеп бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА