Нұрсая ықшамауданында құрылыстар басталғалы көпқабатты жүзден астам үй салынды. Үлкен тұрғын үй массивінің электр желісіндегі кернеу жеткіліксіз. Пәтерде жарық жыпылықтап тұрады, сондықтан жергілікті дүкендерде электр лампалары ең жақсы өтетін тауар.
Өткен уақытқа оралайық. 2008 жылы жаңа 30 мыңдық Нұрсая ықшамауданын салу туралы шешімнен кейін Сарықамыс ықшамауданының аумағынан «Нұрсая» қосалқы станциясының құрылысы басталды.
Нысан «Оңтүстік шеңбер» электр жүйесіне кірді, оны 2013 жылы тапсыру белгіленді. Билік «Оңтүстік шеңбер» нысандарының толық дайын екені туралы үнемі растайды, алайда оларды пайдалануға беру, неліктен екені белгісіз, үнемі кейінге қалдырылып келеді. Редакцияның сұрағына берген жауабында облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал ТІЛЕУҒАЛИЕВА былай деп хабарлайды: «“Оңтүстік шеңбер” жобасы қаланың оңтүстік бөлігіндегі электрмен қамту жүйесінің жүктемесін жеңілдету үшін жасақталған. Бұл жоба бойынша 110/10 киловольт кернеудегі 3 қосалқы станция (ҚС) салынды: қуаты 2х16 мегаватт «Көкарна» ҚС; “Нұрсая” ҚС (2х40 мегаватт) және “Жұмыскер” ҚС (2х40 мегаватт). Мақсат – жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету».
Бұдан басқа, оның хатына сүйенсек, «Оңтүстік шеңбер» жобасының аясында: Атырау ЖЭО-нан «Нұрсая» ҚС-на дейін ұзындығы 14,8 км болатын 110 киловольт кернеулі электр тарату желісі; қосылуға толықтай әзір тұрған Атырау қ. ЖЭО-нан «Нұрсая» ҚС-на дейін әуе желісіне ұзындығы 2,1 км және 110 киловольт кернеудегі кабельдік ендірме салынған.
«Нұрсая» ҚС бойынша ахуал мынадай: нысан 2012 жылы салынған, алайда ол жерде іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілмеген (қазір «НКОК Н.В. компаниясы» тендер жариялады). Бүкіл жүйе 2017 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілетін болады, деп хабарлайды С.Тілеуғалиева.
Ал 2006 жылы қабылданған Атырау мен Атырау облысының перспективалы даму жоспары бойынша «Ескі қала» мен «Теңдік» қосалқы станциялары салынды, нәтижесінде барлығы бес қосалқы станция болды. Бұлардың бесеуі де бүгінде тоқтап тұр. Тоқтап тұрған энергетика жүйесі нысандарының тозуы қандай сомаға бағаланады деген сұраққа С.Тілеуғалиева: «Тозу жоқ, өйткені нысандар пайдалануға берілген жоқ» деп жауап берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ