Атырау, 27 қараша 13:32
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Дәрігер ақылдан алжаспауға көмектеседі

2 880 просмотра


«Бірқалыпты когнитивті бұзылудан бастап деменцияға дейін – бір қадам» тақырыбымен өткен конференцияда Атыраудың учаскелік дәрігерлеріне жүйке сырқатының алғашқы белгілерін тануды үйретті.

Қазақстанда жүйкесі бұзылған науқастарды қарауға медицина бюджетінің 35 пайызы жұмсалады: психикалық денсаулық орталықтары мен түрлі медициналық-әлеуметтік орындарды ұстау, қымбат препараттарды сатып алу... Ал науқастардың туыстары, әдетте, өте кеш, жүйкедегі өзгерістер қалпына келмейтін кезде ғана дәрігерлерге жүгінеді.

- Когнитивті бұзылулар – есте сақтау қабілетінің нашарлауы, ақыл-ой жұмысына деген қабілетінің төмендеуі – біздің ғасыр проблемасы болып табылады. Бірақ пациент психолог пен психиатрға жеткенше ұзақ жолдан өтеді, өйткені көбінесе оның сырқатын басқа сырқат ретінде қабылдайды. Туыстары оның жүріс-тұрысындағы өзгерістерге мән бермейді, қарттықтың қыңырлығы немесе жылдар өткен сайын мінезі өзгереді деп ойлайды. Ал нәтижесінде бұл деменцияға әкеп соғуы мүмкін, - дейді облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Айжамал ӨМІРОВА. – Сондықтан мұндай пациенттерді анықтау жұмысына жалпы тәжірибе дәрігерлерінің, терапевтер мен невропатологтардың қосылғанын қалаймыз. Олар ерте кезеңде сырқатты анықтап, өздіктерімен немесе бізбен бірлесіп, емдей бастаса дейміз.

Өмірованың айтуынша, орталықтың есебінде науқастар аз, бірақ бұл цифрлар нақты көрініс емес. Есепте хал-жағдайын өзгерту мүмкін болмайтын пациенттер тұр. Деменция – қарт адамдардың ауруы деп есептеледі. Алайда, оған бас-ми зақымынан, күйзелістен, инсульттен, босанудан, уланудан кейін жастар да шалдығуы мүмкін. Заңнама бойынша жалпы тәжірибе дәрігерлері мен невропатологтарға пациенттер үшін депрессияға қарсы дәрі-дәрмектер мен нейролептиктер тағайындауға тыйым салынған. Сондықтан психиатрлар учаскелік дәрігерлерді бірлесіп жұмыс жасауға шақырады. Сала мамандары дәрі-дәрмектер тағайындап, рецептілер жазып береді, ал пациенттер өздерінің учаскелік дәрігерлерінің бақылауында бола алады. Бұл пациенттер үшін де жақсы. Өйткені қоғамдағы теріс көзқарас олардың өз сырқаттарын ұзақ уақыт мойындамауына, содан соң, мүмкіндігінше, оны жасыруға әкеліп соғады.

Психиатриялық қызмет қолжетімді болу үшін медициналық нұсқаулықтарда психиатрлардың емханаларға бірігуі жазылған. Қазіргі кезде №7 емханада психиатр жұмыс жасайды, кешікпей №2 емханадан кабинет ашу жоспарланып отыр. Әрине, бұл аз, бірақ психиатрлар жетіспейді – олар тәулік бойына күндізгі стационарда да жұмыс жасайды, қабылдау жүргізеді. Мұндай жағдай тек Атырауда ғана емес. Медициналық жоғары оқу орындарының студенттері мамандық ретінде психиатрияны таңдауға ұмтылмайды: өйткені жұмыс ауыр, жалақысы да көп емес. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

30 мамыр 2017, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.