Құрманғазы ауданы Нұржау ауылдық округіндегі Нұржау жалпы орта мектебінде небары осыдан төрт жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген еді. Ал ғимарат қайтадан жөндеуге сұранып тұр.
Екі қабатты мектеп ғимараты 1983 жылы салынған болатын. Бірінші күрделі жөндеу тек отыз жылдан кейін ғана жүргізілді! Жөндеу 2014 жылдың шілдесінде басталып, қазанның 15-нде бітуі тиіс болатын. Алайда, мердігер «Перзент» ЖШС (директоры Шыныбек КӨШАЛИЕВ) жөндеу жұмысын аяқсыз қалдырып кеткен.
- Жөндеу жұмысының бітпеуі мердігердің жауапсыздығынан болды, - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы С. ТІЛЕУҒАЛИЕВА. - Жөндеу жұмысына бөлінген 50 млн 354 мың теңгенің 38 млн 924 мың теңгесі ғана игерілген. Қалған 11 млн 430 мыңы кері қайтарылып алынды. Алайда, кейін игерілген 33 млн 632 мың теңгенің жұмысы орындалмағандығы анықталды. Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотының 2014 жылдың 26 желтоқсандағы шешімімен мердігер мекемеге нысан құрылысын толық аяқтау міндеттелді. Алайда, мердігер мекеме сот талабын орындаған жоқ.
Мектептің сол кездегі директоры Қайырбек ДАУМОВ (бүгінде зейнеткерлік демалыста. - Л.Қ.) мердігерді қайта-қайта сотқа беріп, 2016 жылдың қаңтарда сот мемлекет кірісіне 33 млн 632 мың теңге шығынды өндіру туралы шешім шығарады. Алайда, қаржы әлі өндірілген жоқ.
- Маған бастапқыда ол қаржыны кері қайтарып, сосын ол сомаға мектеп жөнделеді деді. Ал ЖШС ондай көп көлемдегі соманы бірер жылда кері құюы мүмкін емес қой. Мен қалай еткенде бюджеттен қосымша қаржы сұрау қажеттігі жөнінде мәселе көтерумен болдым. Өйткені мектеп алқа-салқа күйінде қалған еді, - дейді Қ. Даумов.
Онсыз да жөндеуге сұранған ғимараттың төбесінен қайта-қайта су кетті. Оқушыларды басқа мектептерге көшіру жоспарланғанмен бұған ата-аналар қарсылық білдірді. Осы жылдың төртінші тоқсанында сабақ ауылдағы әкімдік ғимараты мен мәдениет үйіне бөлініп оқытылды.
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек ХАСАНОВ аяқталмай кеткен жөндеу жұмыстары басқа мердігерге тапсырылатынын хабарлады:
- Мектептің күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжатын жасақтауға 7 млн теңге бөлініп, ашық конкурс жарияланып қойылды. Мектептің асхана, спортзалдары, кабинеттерін жөндеу, энергия жүйесін ауыстыру, сылау, т. б, істері күтіп тұр. Мектеп жөндеуі биыл басталады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА