Атырау, 24 қараша 03:34
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Заманың бөрi болса, әжейдiң мөрi болады

2 060 просмотра

«АЖ» оқырманы Валерий Худин Атырауда компания пайда болғанын, оның қызметкерлері банктік несиелер бойынша борышкерлерге олардың проблемаларын шешуге, қарызын төлеу мерзімін ұзартуға уәде береді екен. Осы қызметтердің барлығын олар, әрине, белгілі бір ақыға ұсынады.

 

ЕРІКСІЗ БОРЫШКЕР

- Несиені мен өзім үшін алған жоқпын, күйеу балама алдым. Өзімнің екі бөлмелі пәтерімді кепілдікке салған едім, - деп әңгімелейді Валерий. – Бастапқыда бәрі жақсы болды. Бірақ кейін күйеу балам ажырасып, белгісіз жаққа кетіп қалды. Ешкім де ешқандай үй салған жоқ, ақшаны да ешкім қайтарған жоқ.

Біршама уақыт бойы несиені өзім өтедім. Бірақ 2009 жылы қысқартуға ұшырап, бірнеше ай жұмыс іздеп жүрдім. Бережақ сома мен өсім де көбейді. Банк алдындағы бережағым кепілдікке салған пәтерімнің құнынан бір есе асып кетті. Пәтерімді сатылымға шығару, ал әйелім мен балаларыма көшеде қаңғып қалу қаупі төнді.

Мен біршама заңгерлерді шарлап шықтым. Ешқайсысы көмектесе алмады. Банктің әрекеті заңды, мен мұны жоққа шығармаймын. Ал содан кейін мен, таныстарымның кеңесімен, әлдебір компанияға бардым. Олар өз кезектерінде төлемдерді төлеуді екі жылға ұзарту, төлемдерді төлеуді кешіктіргені үшін көбейген өсімдерді алып тастау жөнінде банкпен келісім жасауға уәде берді.

 

ҚҰПИЯ БӨЛМЕДЕГІ СИҚЫРШЫ

Бізге оқырман әңгімелеген компанияны Привокзальный ықшамауданындағы бес қабатты үйлердің арасынан таптық. Олардың кеңсесі жиһаз фирмасының тасасында қалыпты. Кішкентай бөлмеде бізді әжей қарсы алды.

Менің несиені өз атыма құрбымның өтініші бойынша алғаным, енді оны өтемей жүргенін, ал енді оған менің қаржым жоқ екендігі туралы мұңды хикаямды естіген әжей:

- Несие бойынша пайыздық бірінші төлем сомасы қандай болды? – деп сұрады.

- Мен 83 000 теңге төледім…

- Міне-е-е. Біз келісім-шарт жасаймыз. Сен қазір бізге 83 000 теңге, тағы үш мың – біздің кеңсе шығындарына төлейсің. Сосын біз саған көмектесе бастаймыз.

- Ал сонда сіздің көмегіңіз қандай?

- 2009 жылы дүниежүзілік дағдарыс орын алғанда адамдар несиелерін төлей алмай қалған кез болды ғой. Сонда толығымен барлық несиелерді мемлекет өтеді. Банктер мұны жасырып отыр. Сен ештеңе төлемеуге тиіссің, бірақ бұл туралы айту қай банкке тиімді? Біз саған екі жылға қарызыңды төлеу мерзімін ұзартамыз. Осы уақыт ішінде табыс тауып, содан соң жайбарақат өтейтін боласың. Банктік сыйақы бойынша пайыздарды азайту жөнінде келісімге келуге тырысамыз. Сен уайымдама, біз адал компаниямыз. Міне, қолымда 508 келісім-шарт бар, осы адамдардың барлығына екі жылға қарыз төлеу мерзімін ұзарттық.

Әжей менің қарызға алған сомамды, несиелеу мерзімін, бережақ сомамды сұрап жатпады. Ол маған ойдан шығарылған (менің «алғашқы жарнамның» мөлшерін) гонорарының сомасын атап, мені ақша әкеліп, келісім-шартқа қол қоюға асықтырды. Менің бүкіл несиелік проблемамды шеше алатын келісім-шарт заңды қызметтер көрсететін кәдуілгі, алматылық заңгерлік компаниясының мөрі мен деректемелері басылған келісім-шарт боп шықты. Құжатта әжей әсірелеп айтқан екі жылдық мерзімге ұзарту, өсім мен айыппұлдарды алып тастау туралы бірде бір сөз жазылмаған. Мен ойланатынымды айттым да кетіп қалдым.

 

БАНКТЕР ДЕЛДАЛДАРҒА МҰҚТАЖ ЕМЕС

Банкке бережақ болып қалған кез-келген борышкерге көмектесуге қабілетті сиқырлы компанияның қызметіне орай мен бірден бірнеше банктің өкілдерімен пікірлестім. Ал, олардың жұмсарта айтқанда, төбелерінен жай түскендей болды. Олар ондай фирма туралы мүлдем естімеген болып шықты.

- Банктер заемшыларынан несиелерінің қайтарылуына мүдделі, - дейді банктердің бірінің қызметкері. – Біз борышкерлерге өз тарапымыздан қолдау танытамыз. Оларға несиелерін қайта қараудың бірнеше тәсілдері ұсынылады. Бұл несиелеу мерзімінің ұзартылуы, ай сайынғы төлем мөлшерінің уақытша азайтылуы, банктің сыйақы ставкасының төмендеуі және алдағы кезеңдерге қарыз сомасын бөлу, сондай-ақ айыппұлдар мен өсімдерді шегеріп тастау болуы мүмкін. Бұдан басқа, қазір кейбір банктер клиенттердің  несиелер бойынша пайыздық ставкаларын төмендету туралы өтініштерін қарап жатыр.  Бұл жерде баса айта кету керек, әрбір несие алушыға қатысты жағдайды борышкерлермен жұмыс жөніндегі арнайы комиссия, әдетте, тек бас кеңселерде және жеке тәртіп бойынша қарайды. Түгелдей екі жыл мерзімге ұзарту, айыппұлдар мен өсімдерді шегеріп тастау жөнінде айтуға болмайды.

 

ЛОХОТРОН ӨЗ КЛИЕНТТЕРІН КҮТЕДІ

Біз заңгерден осы компанияның қызметіне қатысты түсінік беруін өтінген едік:

- Шынында да, келісім-шарт банк пен клиент арасындағы келіссөздерде заңгерлік қызмет ұсыну үшін ғана жасалып отыр. Мерзімін ұзарту немесе қарызды төлеу талаптарын жеңілдету туралы бұл келісім-шартта ешқандай кепілдік жоқ,  -  деп түсіндіреді «Эксперт» заңгерлік компаниясының заңгері Дмитрий Винюков. – Сондай-ақ, келісім-шартта компанияның келісім-шарттағы міндеттерін орындамаған жағдайда ақшалай қаржыны кері қайтарып беру талаптары көрсетілмеген де.  Оның үстіне клиенттің бастамасы бойынша келісім-шарт мерзімі-нен бұрын бұзылған болса, онда оларға аударылған қаржының кері қайтарылмайтындығы туралы тармағы күмән туғызады. Келісім-шартта осы шарттың қай  мерзімге дейін жасалғандығы туралы еш жерде айтылмайды. Ал, бұл демек, өз ақшаңды клиенттен қайтып алудың еш мүмкіндігі жоқ екендігін білдіреді.

 …Валерий Худиннің келісім-шарт талаптарымен танысып, күмәндануына, сөйтіп, өзінің қаржылық ауыр жағдайы туралы банкке хабарлауға батылдығы жетті. Банк болса оған қолдау танытты, жиналып қалған қарызын төлеу талаптарын жеңіл-детті. Алайда, несие торына түсіп, басы қатып жүрген адамдардың кез-келген проблемасын шешуді уәде ететін компания өз жұмысын жалғастыруда.

Тамара СУХОМЛИНОВА

 

«Қазақстанның Ұлттық Банкі» ММ Атырау филиалының мәліметтері бойынша, Атырау облысы бойынша екінші деңгейлі банктердегі несиенің жалпы сомасы (есептелген пайыздарымен) 2012 жылдың 1 ақпанында 160,3 млрд. теңге құрады, бұл 2011 жылдың 1 ақпанымен салыстырғанда 14,3 пайызға көп. Соның ішінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жеке тұлғалардың несиелерінің сомасы 19,1 пайызға көбейіп, 97 млрд теңге, заңды тұлғалардікі – 7,7 пайызға көбейіп, 63,3 млрд теңге құрады.

- Алайда биылғы жылғы 1 ақпандағы несиелер бойынша мерзімі өткен бережақтар өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 5 пайызға - 9,7 млрд теңгеге дейін азайды, - деп түсіндіреді Ұлттық банктің АФ экономика, талдау және статистика бөлімінің бастығы Айнагүл Акулова. – Мерзімі өткен бережақтардың 6 млрд теңгеге дейінгі үлесін жеке тұлғалардың несиелері құрайды.

Тұрмыстық техниканы сатып алу, оқу ақысын төлеу және туристік сапарлар үшін несие алушылар көп. Үстіміздегі жылдың тек қаңтар айының өзінде ғана тұтынушылық мақсатқа банктер 2,6 млрд. теңге несие берді (өткен жылмен салыстырғанда ол 82,1% өскен!). Құрылысқа және тұрғын үй сатып алуға қаңтарда 408,3 млрд. теңге  несие берілді (өткен жылмен салыстырғанда 17% өскен).

7 наурыз 2012, 18:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.