Атырау, 24 желтоқсан 08:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Азғыр тұрғындары: «Суға жарымай отырмыз»

964 просмотра

Құрманғазы ауданы Азғыр өңіріндегі ауылдарға ауыз су құбырына нөпір қаржы бөлініп игерілгенімен жергілікті тұрғындар оның қызығын көріп отырған жоқ, әлі күнге су техника күшімен тасымалдануда. Тіпті кейде су таситын техника болмағанда ауыл сусыз отырады.

ҚАРЖЫ КӨП, НӘТИЖЕ ЖОҚ

Жалпы Азғыр өңіріндегі елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мақсатында «Қоянды» ұңғымасынан кезең кезеңімен магистральды су құбыры тартылған болатын. «Қоянды» топтық су құбыры Сүйіндік және Азғыр округтеріне қарасты жеті елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін салынған еді.

«Қоянды» топтық су құбырының бірінші кезеңі 1995 жылдан бастау алады. Сүйіндікке дейін су құбырын тартуға 459 млн теңге қаржы жұмсалды. Тапсырыс беруші - Су ресурстар комитеті, мердігер - «ЖайықСтройГаз» ЖШС.

2016 жылы су құбырының үшінші кезеңінің 2-ші сатысына 411 млн 940 мың теңге қаралып, мердігер мекеме «РегионТранском» ЖШС жеті елді мекенге су құбырын жүргізген. Жергілікті бюджеттен 156 млн теңге бөлініп, мердігер «Бек И КО» ЖШС Азғыр өңіріндегі Сүйіндік, Балқұдық, Жалғызапан, Азғыр, Егінқұдық, Батырбек, Қоңыртерек ауылындағы үйлерге су құбырын өткізіп берді.

Ал 2019-2020 жылдары Сүйіндік ауылынан Асан, Үштаған елді мекендеріне магистральды су құбыры тартылды, бөлінген қаржы - 795 млн теңге (мердігер «БолатД» ЖШС). Сол жылдары жоба құны 351 млн теңгеге Асан, Үштаған елді мекендеріне ауылішілік су тазарту имаратымен қоса көшеішілік су желісі жүргізілген болатын.

Осыншама қаржылар жұмсалғанымен жергілікті халық ауыз суды су тазарту қондырғысынан (бұдан әрі СТҚ) емес, водовозбен тасымалдап ішіп отыр. Қоңыртерек ауылы тұрғындарының айтуынша, замануи үлгіде салынған су жаңа СТҚ пайдаланылмастан тұр. Кезінде магистральды су құбыры тәжірбиеден өтпеген, пластик құбырлар жіңішке, су қысымына шыдамай жарылып, пайдасыз болып қалған деседі.

- Әр ауылда су тазарту қондырғы станциялары бар, бірақ көшеішлік су желілерінің бойында су жүрмегендіктен біз әлі күнге құдықтан суды тасымалдап ішіп отырмыз. Үйге дейін тартылған су желілері пайдамызға аспай, көзімізге күйік болып тұр. Осыған қыруар қаржы жұмсалды емес пе?! Бұған жауап беретін адам таппай отырмыз. Ауылішілік чаттарда шулап қана қоямыз, бізді тыңдап жатқан ешкім жоқ. Ал мердігерлер өз жұмыстарын шала-шарпы жасап кете барды, ауыз суға жарымай сорлап біз қалдық,-дейді күйінішпен азғырлықтар.

АПТАЛАП СУСЫЗ ҚАЛҒАН

Суға жауапты, баланс ұстаушы - «ҚазСушар» РМК. Балқұдық, Азғыр ауылішілік ауыз су құбырлары Азғыр ауылдық әкімінің аппараты теңгерімінде. Ауыз су проблемасына байланысты сауалға аудан әкімі Абат ЖАНҒАЛИЕВ былай деп жауап берген: «...Асан және Үштаған ауылындағы ауылішілік су құбырларын 2022 жылдың қыркүйек айында «Су Арнасы» мекемесі сенімгерлік басқаруға алған болатын. Алайда су насостарының істемеуі, су желілерінің ақаулықтарына байланысты 2023 жылы кері тапсырды. Бірақ кері қайтарылғанымен қызығушылық танытқан мердігер мекемелер болмады. Қазіргі таңда алты жоғары қуатты насос алынып, қондыру жұмыстары мемлекеттік сатып алу порталына жарияланды. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін су құбыры сенімгерлік басқаруға берілетін болады» делінген. Бірақ бұдан кейін де өзгерген ештеңе жоқ. Азғыр ауылының кейбір халқы бірнеше күндеп ауыз сусыз қалған.

Ал Азғыр ауылы округінің әкімі Асылбек ӘНЕС сусыз қалып, сенделіске түскен жұртшылыққа ауыл чаты арылы «Тек бес, алты үйге бола «КамАЗ» көлігі бара алмайды, ең болмағанда 20 тұрғынға жетпейінше» деген жауаппен шектелген. Қасық суға зар болғандар әкімнен көмек болмағасын, депутатқа сенім артқан. 

- Шыдамдары таусылып, шырылдаған халық маған шықты, мен округ әкімі мен аудан әкімі А. Жанғалиевке жағдайды баяндап, көлік босатуын сұрадым. Айта кету керек, «Каз Сушар» РМК-ның водовоздары істен шыққан. Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ осы жылдың желтоқсан айында кәріз суын тасымалдайтын көліктерді округтерге бөлген болатын. Техника болмағандықтанқ олар кәріз суын емес, ауыз суды тасымалдауда. Халықтың жан айқайын шешу үшін облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВҚА телефон соғып, азғырлықтардың ауыз сусыз отырғанын жеткіздім. Әйтпесе кейбір пысықайлар бір тонна суды 2 мың теңгеден сатып, бағаны күрт аспандатып жіберді. Бұл қарапайым халықты қанау емес пе? Сөйтіп Қ. Нұртаевтың араласуымен халыққа су жеткізілді. Алдымыз қыс, мұндай жағдай тағы қайталанбасына кім кепіл? - дейді аудандық мәслихаттың депутаты Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ.

Аудан әкімінің орынбасары Марат ХАСАНОВ көшеішішілік құбырларды сенімгерлік басқаруға ешкім алмай отырғанын ашық айтты. Қыруар қаржы шыққанымен ауыз су проблемасы әзірге шешілмейтін түрі бар. Ал ауыз сусыз зардап шегетін халықтың жағдайын кім ойлар екен.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 қараша, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.