– Бір айдан кейін декреттік демалысқа шығамын. Сәбиім тамыздың аяғында дүниеге келуі тиіс. Өзім жеке фирмада жұмыс жасаймын. Осыған байланысты – сәби дүниеге келгенде қандай жәрдемақы тиесілі – тек менің кәсіпорнымнан ба әлде мемлекеттен де жәрдемақы беріле ме?
Телефон арқылы
Сұраққа облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Әйгерім БЕКҚАЛИЕВА жауап берді:
– Жұмыс жасайтын және жасамайтын әйелдерге сәбидің дүниеге келуіне байланысты мемлекеттік бір мәрте жәрдемақы тиесілі. Оның мөлшері қазіргі уақытта 71 270 теңгені құрайды, ал 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ол көбейіп, әйелдер 86 222 теңге алатын болады. Бұдан басқа, жұмыс жасайтын әйелдерге кірісінің болмауына орай жүктілігі мен босануына байланысты бір рет төленетін әлеуметтік төлемдер әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Оның мөлшері әйел декреттік демалысқа шыққанша бір жылдан кем бе, қанша уақыт жұмыс жасағанына және соңғы жылдағы еңбекақысының мөлшеріне де байланысты болады. Егер жұмыс жасамайтын әйелдер сәби бір жасқа толғанша бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы алатын болса, жұмыс жасайтын әйелдерге сол мерзімге ай сайынғы әлеуметтік төлем тиесілі. Оның да мөлшері соңғы екі жылдағы әйелдің кірісіне байланысты болады. Төлемақы алу үшін құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек. Жұмыс жасайтын әйелдер үшін тізім көп емес. Жеке бас куәлігін, еңбекке жарамсыздық парағын және банктің есеп-шотының реквизиттерін ұсынса жеткілікті. Ал жеке кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер, сонымен қатар, жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті (түпнұсқа+көшірме); салық органдары берген міндетті бюджет пен салық төлемдері бойынша салыстыру актісін ұсынады. Ал сәби күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді алу үшін келесі құжаттар (түпнұсқа+көшірме) керек: жеке бас куәлігі, мекен-жайы бойынша анықтама (оны ХҚКО-дан алады, жарамдылық мерзімі 10 күн); сәбидің туу туралы куәлігі; отбасы құрамы туралы анықтама (егер отбасы көпбалалы болса); банк шотының нөмірі.