Ақпанның 13-і мен 19-ы күндері аралығында Атырауда өткен Астана Жастар театрының гастрольдік сапары сәтті аяқталды. Осы бір аптаның ішінде бұл театр жергілікті өнерсүйер көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.
Астана Жастар театрының негізі 2007 жылы қаланған болатын. Ондағы спектакльдер әуезді әндер мен күрделі музыкадан, би мен пантомимадан құралған және энергетикаға толы. Осы ерекшелігімен жас көрермендердің көңілін жаулап, елге танылған.
Театрдың директоры Ғани ҚҰЛЖАНОВ («Тоғысқан тағдырлар» сериалындағы Джоха)(суретте) атыраулық жас көрермендердің мәдениеті бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда бірсыпыра жоғарылағанын айтады:
- Шынымды айтсам, 2007 жылы келген кезде көрермендер залдан кіріп-шығып жүретін. Ал қазіргі көрермендер тып-тыныш отырды ғой. Соған риза болдым. Бұл біздің театрдың еңбегі демеймін. Бұл Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының еңбегі. Себебі, осы театр жергілікті жұртшылыққа өз репертуарындағы қойылымдарды ұсыну арқылы әдемілікке, сәнділікке үйір етіп, жалпы өнерді сүюге бір табан жақындатқан. Театр басшысы Берік ҚИЛЕКЕШҰЛЫНЫҢ жұмысына жеміс тілеймін, сондай-ақ, әрине Атырау халқына біздің қойылымдарға деген қызығушылықтары үшін ризашылығымды білдіремін.
Аталмыш театр өз шымылдығын Атырауда «Қозы мен Баян» мюзиклімен ашып, «Меккеге қарай ұзақ жол» аңыз-драмасымен жапты. Жалпы, алты спектакль алып келген театр әртістері атыраулық жастардың көңілінен шықты. Әсіресе, «Махаббат миниатюрасы» мен «Диляфруздың 4 күйеуі» спектакльдері ерекше ұнаған.
Қатып қалған шеңберде қалып қоймауға тырысатынтеатрдың бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі - Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ театрға 20 мен 40 жастың аралығындағы мықты әртістер труппасын жинаған. Олардың бірқатары киноға түскен рөлдерімен-ақ елге танылып үлгерген - Әділ АХМЕТОВ, Дәурен СЕРҒАЗИН, Бауыржан НҰРЫМБЕТОВ және тағы басқа актерлар.
- Кинотүсірілімдер актер мен театр басшысы арасында келіспеушіліктердің тууына себеп болып жатады. Сізде мұндай проблема жоқ па?– деп сұрадым мен Ғ.Құлжановтан.
- Ондай жағдайларда уақыт кестесін келісіп, шешімге келе білу керек. Мен біздің әртістердің өсіп-өнуі үшін еркіндік беру керек деп санаймын. Айтпақшы, өзім де қазір фильмге түсіп жатырмын. Қайткенде екі жұмысты алып жүрудің ретін табуға болады, - деп жымиды менің сұхбаттасым.
Бір айтатыны, көпке танымал театрдың бүгінде өз ғимараты жоқ. Ал актерлар дайындықты келіскен жерде өткізуге мәжбүр. Тек жақында ғана Астанадағы оқушылар сарайының 500 орындық залы жалға берілмек. Осындай қиыншылықтарына қарамастан, театр түрлі фестивальдерде бас жүлделерді алудан дес бермеуде. Мәселен, 2009 жылы Бішкектегі «Арт Ордо» атты халықаралық театр фестивалінде Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша сахналанған «Жан азабы» спектаклі үшін үздік театр атанса, 2010 жылы республикалық театрлар фествалінде актер Әділ Ахметов «ең үздік ердің рөлі» атағын, ал режиссер Нұрқанат Жақыпбай «ең үздік режиссер» атағын алды.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ