Атырау, 10 желтоқсан 01:10
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Қартайғанда зейнет бер

2 534 просмотра

Миллионнан үмітсіз қариялар

Нұрсұлтан Назарбаевтың  пікірінше, кейбір зейнетақы қорының басшылары халықтың зейнетақы аударымдарын жеке ақшалары секілді иеленіп отыр. Ал ҚР Ұлттық банктің 2011 жылға жасаған есебінде еліміздегі зейнетақы қорлары қиын жағдайды бастан өткеріп отырғандығы айтылады. Ендеше зейнетақы қорларындағы табыс жоғарыламаса, зейнетақы нарығын дағдарыс күтіп тұрған жәй бар(бұл туралы толығырақ «АЖ» газетінің №6 9.02.2012 ж. санындағы  «Бір қоржындағы қаржылар» деген материалдан оқыңыздар).

Қазір елімізде 11 жинақтаушы зейнетақы қоры болса, ондағы салымшылардың саны - 8 миллионды құрайды екен. Ал зейнетақы қорларындағы жалпы жинақ сомасы – 17 млрд доллардан асқан. Бірақ, халықтың көкейінде зейнетақы қорларына деген сенімсіздіктері де жоқ емес. Осыған орай қала тұрғындарының ой-пікірін білу үшін сауалнама жүргізген едік: 

Алма, 28 жаста:

-Мен зейнетақы қорында жиналып қалған ақшаны ипотекалық несиенің алғашқы жарнасы ретінде пайдалануға берсе екен деймін. Тіпті ипотека емес, депозит секілді белгілі бір аз уақыттағы жылда пайдалануға болатындай етсе, оған жинақ ақшамды қосып арманда жүрген үй сатып та алар едім. 

Асылбек, 63 жаста:

- Мен көктемде зейнеткерлікке шығамын. Мен 1998 жылға дейін жалақысы жақсы жерде жұмыс істедім. Ол кезде зейнеттік жасқа шыққанда зейнетақы көлемі жоғары болатын шығар деп ойладым. 1998 жылы жаңа зейнетақы жүйесі енгізілді, жалақысы жоғары жерде істеген жұмыс өтіліне үш жыл толуға 2 ай жетпей тұр. Ал 1998 жылдан кейінгі істеген жұмыста жалақым төмен болды. Және, 60 жасқа шыққанда жұмыстан қысқарып қалып, 2-3 жылдай жұмыссыз жүрдім. Еңбек биржасына тіркелгенім де еңбек өтіліне қосылмайды екен. Енді зейнетақым ең төменгі мөлшерде болатын болар.

Гүлзира, 58 жаста:

-Мен көп балалы ана ретінде зейнеткерлікке шықтым. Ең жоғары зейнетақы аламын. Себебі, көп жыл бойы үзбей жұмыс істедім. Алайда 58 жаста зейнетке шығу дегенді қайта қарастыру керек сияқты. Бұл жасқа дейін бәрі бірдей жұмысбасты бола алмайды, денсаулық көтермейді деп санаймын.

 

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТУРАЛЫ

2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап,  ең төменгі зейнетақы мөлшері 17 491 теңге, оған 8 720 теңге базалық зейнетақы төлемін қосқанда, 25 491 теңгені құрайды, ең жоғарғы зейнетақы 47 327 теңге, оған ай сайын қосып төленетін  8 720 теңге базалық зейнетақы төлемін қосқанда, 56 047 теңге болып төленіп отыр. 

Зейнеткерлікке шығарда  мынадай құжаттар қажет:

1. Өтініш 

2. Жеке куәлігінің көшермесі;

3. СТН; ӘЖК көшірмесі; 3х4 суреті, 1 дана.

4. Кез келген екінші деңгейлі банктен немесе Казпоштадан  зейнетақы алушының атына ашылған шот көшірмесі;

5. Үй кітабының  көшірмесі немесе мекен жай бюросынан анықтама;

6. Еңбек кітапшасының көшірмесі;

7. 1995 жылдан бастап, табысы  мол болған кез келген 3 жылғы айлық табысы туралы анықтама;

8. Балаларының тууы туралы куәлігі көшірмелері ( әйел адамдарға)

9. Неке туралы куәлігінің көшірмесі (әйел адамдарға)

10. Әскери билетінің көшірмесі ( ер аадамдарға)

11.  Оқу орнын бітіргені туралы диплом көшірмесі;

Жоғарыда аталған құжаттардың көшірмесімен бірге түпнұсқаларын өтініш беруші өзімен бірге ала келулері қажет.

Зейнетақы жарналары есебі-нен зейнетақы төлемдерін алуға құқықтары бар адамдар қатарына төменгі топтар жатады:

1) Зейнетақы жасына, яғни 63-жасқа келген ер адамдар.  Зейнетақы жасына толған, яғни 58-ге толған әйелдер, сонымен бірге 5 бала туып , оны 8 жасқа дейін асыраған әйелдер 53 жасқа толып, зейнетақы төлемін алуға құқығы пайда болған жағдайда;

2) елу бес жасқа толғанда және жинақталған зейнетақы қаражаты ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемді қамтамасыз ету үшін жеткілікті болғанда;

3) егер мүгедектігі мерзімсіз белгіленсе, бірінші және екінші-топтағы мүгедектердің;

4) әскери  қызметшілер, ішкі істер органдарының, басқа тәртіп сақтау органдарының қызметшілері еңбек сіңірген жылдары үшін толық көлемде  зейнеркерлікке шыққандардың;

5) ҚР тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, кету ниетін немесе кету фактісін растайтын ҚР заңдарында белгіленген құжаттарды табыс еткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жинақтаушы зейнетақы қорларынан міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Айнұр САПАРОВА

16 ақпан 2012, 17:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.