Атырау, 24 қараша 00:09
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мектепке дейінгі ұзақ жол

2 583 просмотра

Доссордағы Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің оқушыларына мектепке бару айына бір балаға 4800 теңгеге шығып отыр.

Өйткені мектепке дейінгі 4 шақырымды жаяу жүріп өту мүмкін емес. Такси құны 200 теңгеден екенін ескерсеңіз, 2-3 балалы отбасыға  қаншаға түсетінін есептей беріңіз.

Доссордағы Абай атындағы орта мектеп оқушылары өз мектептері қайта салынып біткенше Б. Қанатбаев атындағы орта мектепке еріксіз көшірілді. Бұған ата-аналар наразылық білдіргенімен, аталмыш мектептің уақытша оқушыларына жағдай жасалады деп билік басындағылар уәде беріп сендірген болатын. Бірақ 2011-2012 оқу жылының алғашқы күндерінен-ақ жағдай қиындап кетті. Ата-аналардың айтуынша поселкенің шет жағында тұратын жүздеген оқушылар 3-4 шақырымдағы қашық мектепке жаяу барып жүр. Оларға мектепке жету үшін сор мен темір жолдың  үстімен жүруге тура келеді.  Ата-аналар бұл туралы былтырғы 10 қазанында аудан әкімінің атына арыз хат та жазған. Жолдың қашықтығына байланысты оқушыларды тасымалдайтын көлік сұраған бұл хат сол беті жауапсыз қалыпты. Тек Доссор поселкесінің әкімі Е. ТӨЛЕШҚАЛИЕВ «Доссормұнайгаздан» көлік сұрап ала алмай отырмыз депті.

- Күн суытқасын тіпті жағдай қиындай бастаған еді, ал қыста мүлдем шиеленісті десе болады. Қалың қар түсті. Кішкене бала тұрмақ үлкен адамның өзіне жаяу жүрудің өзі мұң болды. Мектепке дейінгі жаяу жүргінші жолы аршылмастан жатыр. 2011 жылдың 3 қарашасында жиналыс болып, 15 желтоқсанға дейін С. Шарипов атындағы интернаттың «Газелі» беріледі деген. Одан кейінгі тасымал жұмысын Қанатбаев атындағы орта мектеп өз мойнына алады дескен болатын. Бірақ бұның бірде-бірі орындалмады,- дейді ата-аналар атынан хабарласқан Болат ТОКМАМБЕТОВ.

Поселкеде маршруттық көлік қатынасы белгіленбеген. Ал жекеменшік таксилер бір баланың мектепке келіп кетуіне 200 теңге сұрайтын көрінеді.

- Қалада да балалар жаяу жүрген жоқ па. Маршрут болмаса, такси бар. Бұл жайдың болашақта қалай шешілетіні жөнінде қосымша хабарлайтын боламыз,-деді Мақат ауданы әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ жауабын қысқа қайырып.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 ақпан 2012, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.