– «Өрт сөндіруші» АҚ басшысының бұйрығы бойынша біздің мекеме штаты 2016 жылдың 31 желтоқсанында қысқартылды. 25 күн үшін тиесілі өтемақыны алдық. Алайда, кейін штатта қалған қызметкерлер 2016 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы алды. Қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге бұл сыйақы тиесілі ме? Өйткені, біз 2016 жыл бойына толық жұмыс жасадық қой.
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырбек ИБРАШЕВ жауап берді:
– ҚР Еңбек кодексінің 131-бабының талаптарына сәйкес, жұмыс беруші заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде, жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.
ҚР Еңбек кодексінің 107-бабының 3-тармағында жұмыс беруші жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын жоғарылатуға мүдделілігін арттыруды күшейту үшін ұжымдық шарт талаптарында және жұмыс берушінің актілерінде айқындалған сыйлықақы беру жүйелерін және еңбекті ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады делінген.
Бұл жерде сыйлықақы беру жүйесі алдын ала белгіленген нақты көрсеткіштер мен сыйлықақы беру шарттарының негізінде белгілі бір тұлғалар тобына сыйлықақы беруді білдіреді.
Сонымен қатар, қызметкерлер еңбегін ынталандыру ұжымдық шарт талаптарымен белгіленеді. Онда сыйлықақы беру түрлері (мерекелік, мерейтойлық даталарға, еңбек қорытындысы бойынша), сыйлықақы белгілеу үшін критерийлер, оларды төлеу тәртібі және олардың мөлшері көрсетіледі.