«АЖ» редакциясына сегіз жасар Манас ЕРКІННІҢ қамқоршысы Арна АЙМАҒАМБЕТОВА (суретте) шағымданды. Оның айтуынша, Индер аудандық әкімдігі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған Манасқа жалдау шартының негізінде берілген пәтерді босатуды талап етіп отыр. Бұған себеп – пәтердің жалдау ақысының төленбеуі. Ал Аймағамбетованың пікірінше, сегіз жасар баладан пәтердің жалдау ақысын талап ету – дұрыс емес.
«БҰЛ МАНАСТЫҢ ҮЙІ ЕКЕНІН ҰМЫТПАЙМЫЗ»
- 2010 жылы алдымен абысыным, содан кейін қайныағам қайтыс болды. Үш бала шырылдап жетім қалды. Басқа түскен қайғыны туысқандары бөлісе отырып, балаларды жетімханаға тапсырмаймыз деп шештік. Екі баланы нағашылары алып кетті де, ал біз күйеуім Нұрлан екеуміз балалардың ең кенжесі Манасты қолымызға алдық. Ол ата-анасынан айрылғанда 11 айында болды, - деп еске түсіреді Арна. – Мен адамдар ақша үшін баланы қамқорлыққа алыпты деп айтпасын деп, жәрдемақыдан бірден бас тарттым. Бірақ, маған бұл баланың келешекте білімі мен баспана алуына көмегі болады деп кеңес бергендер болды.
2015 жылы Нұрлан мен Арнаның тұңғышы Даниярды машина қағып кетті. Оның еміне ақша қажет болғасын олар өздерінің тұрып жатқан жатақхана бөлмесін сатып жіберді.
- Бірақ, бұл ақша жеткен жоқ. Сосын біз банктен қосымша несие де алдық. Бүгінде ұлым ІІІ топтағы мүгедек. Ол төсекте жатқанда оның қасынан көп ұзай алмадым. Сол себепті Манасқа әкімдік баспана беріп жатқанда, өзім бара алмадым, жолдасым барды. Қазір біз бәріміз осы үйде тұрып жатырмыз. Бірақ, бұл Манастың үйі екенін естен шығармаймыз, - дейді Аймағамбетова.
Индербор кентінде үш қабатты 60 пәтерлік 2 үй 2015 жылы пайдаланылуға берілген болатын. Бұл бюджеттің қаржысына салынған жалдамалы пәтерлер. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар есебінде тұрған Манас Еркінге де осы пәтерлерден берілді. Осылайша, Индербор кенті әкімінің аппараты-мемлекеттік мекемесі мен жалға алушы Арна Аймағамбетова арасында 2015 жылдың 10 қарашасында келісімшарт жасалады. Шартта көрсетілгендей, 88 шаршы метрі бар 3 бөлмелі пәтерге жалдап алушы ай сайын 18 963 теңге төлеуі тиіс. Үш бөлмелі пәтердің құны 11 млн теңгеге бағаланған.
- Біз ай сайын 19 мың теңгеден он жылға дейін төлеуіміз керек. Содан кейін үйдің негізгі құны 11 млн теңгені төлегеннен кейін барып, пәтер жекеменшікке айналады екен. Мен бастапқы 60 мың теңгені төледім. Өткен жылы маған кент әкімі Алмас ҚҰСАЙЫНОВТАН ескертпе хат келді. Өткен жылдың 1-ші қарашасына дейін 177 556 теңге және оған мерзімі өткен әрбір күнге төлем сомасының 0,1 пайызы мөлшерін есептеп, жалпы 289 789 теңге бережақты төлеу қажеттігін көрсеткен. «Егер көрсетілген мерзімге дейін пәтердің жалдау ақысын толық төлемесеңіз, онда пәтерден шығарамыз» депті. Және басқа баспана тауып бермейтінін көрсеткен. Сонда мемлекеттің қолдауы осы ма? - дейді Аймағамбетова.
Арна АЙМАҒАМБЕТОВА
Аталған жағдай баланы қамқорлыққа алушы басқа да отбасылардың басында кездесіп отыр. Манастың 12 жасар ағасы Әділбектің қамқоршысы Гүлшат ҚУАНОВА:
- Әділбекке де сатып алу құқығымен жалға үш бөлмелі пәтер берілді. Біздің жекеменшік үйіміз бұдан алты жыл бұрын өртеніп, бізге басқа жерден тағы да сатып алу құқығымен жалға үй берді. Ай сайын оған да жалдау ақысын төлеп тұрамыз. Әділбекке берілген пәтердің ақысын оған тиесілі жәрдемақыдан алып, өтеп жүрмін. Ай сайын 19 мың теңгеден он жыл бойы төлеу керек. Өте қиын, басқа амал жоқ. Жолдасым мен қызым жақында жұмысқа кірді, ал өзім жұмыссызбын. Оның үстіне жарық, газ, суға бережақ болып отырмыз, - дейді Қуанова.
Индер аудандық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық жөніндегі бас маманы Гүлнара ЕРИШОВА:
- Жетім балаларға берілетін жәрдемақы баланың киім, тамағы, басқа да керек-жарағына жұмсалуы тиіс. Алты ай сайын қамқоршылыққа алған адам балаға берілген ақшаны қайда жұмсап отырғаны жөнінде есеп беріп отырады. Ал жалдамалы пәтерге төлеуі тиіс деп еш жерде көрсетілмеген. Осының бәрін анықтайтын боламын.
«БІЗ ЗАҢ АЯСЫНДА
ЖҰМЫС ЖАСАП ЖАТЫРМЫЗ»
- Әкімдікке жазған хатыма орай, заң аясынан аттай алмайтынын, баланың атына баспананы жекеге бере алмайтынын жазыпты. Неге кәмелеттік жасқа толмаған жетім балаға жалдамалы баспана береді? - дейді Арна Аймағамбетова. - Сондықтан, мен осы үйден бас тартамын дедім. Әкімдік «төлемін өтемей, ол пәтерден шықпайсың» деп отыр. Бізді осындай жағдайға тіреген құзырлы орындарды сотқа беремін деп шешіп отырмын. Ал біз несие алып, жер алып, сарай болса да салып алып, бұл пәтерді тастап кетпекшіміз. Манас он жылдан соң ол 18-ге келеді. Оның мойнында жалдамалы баспананың миллиондаған қарызы тұрғанын қаламаймын.
Гүлшат ҚУАНОВА
Аталған жағдайға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ былай деп түсінік беріп өтті:
- Екі жыл бұрын екі 60 пәтерлік үйден 24 осындай балаға баспана берілді. Үй қамқоршылықтағы адамның атына беріледі. 18 жасқа толғаннан кейін баланың өз атына көшіріледі. Ал жалдамалы пәтер төлемін қамқоршылыққа алған адам өзі шешуі тиіс. Бұл жалдамалы пәтер екені оларға алдын-ала ескертілді. Олардың бұл пәтерден бас тартуларына да болады. Бірақ, жетім бала кезектен шығарылмайды. Ал қамқоршылыққа алған адамның өзі бөлек баспана кезегіне тұруына болады.
Егер жалдамалы баспанадан өз еріктерімен шықса, онда жетім бала қайтадан арыз жазып, жаңадан кезекке тұрады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы А.Рамазановтан біздің жалдау ақысын төлеу қалай жүзеге асырылатынын және ол пәтердің құнынан шегерілмеуіне байланысты қойылған сауалымызға орай ресми жауапхат келді:
- ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабының («Азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру кезегі») 4-тармағында Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының, сондай-ақ, жетім балалардың және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайды бірінші кезекте алуға құқығы бар. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар бөлген кезде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлардың немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлардың жалпы санының кемінде жиырма пайызы бөлінеді, - делінген. Осыған сәйкес жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңадан салынған 60 пәтерлік 2 тұрғын үйден 24 балаға пәтер тиесілі болып, оларға пайдалануға берілген болатын. Аталған Заңның 77-бабына (Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру туралы шешім) сәйкес тұрғын үй беру туралы шешімі және жалдау шарты жасалып, өтініш берушіге берілді және бұл құжаттар тұрғын үйде тұру құқығын беретін жалғыз құжат болып табылады.
Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың (Еркін Манас, Жалғасов Әділбек) қамқоршылары Аймагамбетова Арна және Куанова Гульшат тұрғын үй алуға өтініш білдірген кезде, тұрғын үйдің айлық жалдау құнын төлеп тұруға келісім берген болатын.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2015 жылғы 25 мамырдағы хатында 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің қызмет көрсету мерзімі 50 жыл екендігі көрсетілген. Осыған орай, тұрғын үйдің жалпы құнынан 2 және 3 бөлмелі пәтердің құны есептелініп, 2 бөлмелі пәтер – 7 429 385 теңге, ал 3 бөлмелі пәтер – 11 378 025 теңгені құрады. Өз кезегінде, 2 бөлмелі пәтердің жалдау құны – 12 383 теңге, ал 3 бөлмелі – 18 963 теңге болып есептелінді.
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі №673 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларының 8-тармағында көрсетілгендей, «коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілетін тұрғын үйді жалдаушы қалдық құны бойынша жекешелендіре алады», – делінген. Тұрғын үйдің қалдық құны – тұрғын үйдің табиғи тозуын шегергендегі тұрғын үйдің бастапқы құны. Сонымен қатар 23-тармақта: Тұрғын үйді жекешелендіретін азаматтар тұрғын үйдің құнын он жылға дейінгі мерзімге бөліп-бөліп төлей алады. Тұрғын үйдің құнын бөліп-бөліп төлеудің кестесі, шарттары және мерзімдері тұрғын үйді жекешелендіру туралы шартта көзделеді. Бұл ретте, тұрғын үйді жекешелендіретін азаматтар тұрғын үйді жекешелендіру туралы шартта белгіленген тұрғын үйдің құнынан кемінде отыз пайыз мөлшерінде бастапқы жарна енгізеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА