- Бізде дау туғызып отырған пәтер бар. Біздің мұрагерлік ісімізді бастаған нотариус қазір лицензиясынан айырылып отыр. Оның қолында біздің пәтердің құжаттарының көшірмесі қалып қойған еді, енді оны ол неге екені белгісіз бізге беруден бас тартып отыр. Оның ондай әрекетке бару құқығы бар ма? Және тағы да сұрайын дегенім, сол нотариус бізге учаскелік инспекторды жіберіп, басқа мұрагерлер үшін пәтерді босатуымызды талап етуде. Бізде үйден шығару жөнінде соттың ешқандай шешімі жоқ. Нотариустың талабының қандай негізге сүйеніп отырғандығы бізге түсініксіз болып тұр.
Людмила
Сауалға облыстық нотариалды палатаның төрайымы Гүлнар МАСАТОВА жауап берді: «Мұра қалдырушының қайтыс болуына байланысты мұрагерлердің өтініші бойынша мұрагерлік іс ашылады. Егер шын мәнінде мұрагерлік іс ашылған болса және мұрагерлерге мұрагерлікке құқық беру жөніндегі куәлік әлі берілмеген болса, оның үстіне нотариустың лицензиясы алынып қойылған болса, онда ол нотариус мұрагерлік істі тараптардың келісімі бойынша басқа нотариустың өндірісіне беруге тиісті. Нотариус басқа мұрагерлер үшін пәтерді босату талабымен мұрагерлерге учаскелік инспекторды жіберуге құқылы емес. Егер мұраға қалдырылған пәтер даулы болса, онда мұрагерлері сот органдарына мұрагерлік мүлікті бөлу туралы немесе келісім бойынша бөлісіп және ол келісімді нотариус арқылы куәландыру мәселелері бойынша жолығуларына болады. Даулы пәтерден шығару жөніндегі сот шешімін нотариус емес, сот орындаушысы орындайтын болады.