Атырау, 23 қараша 23:15
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Yмiт жiбi үзiлмейдi

6 910 просмотра

Атырау қалалық жүйке жүйесі ауруымен ауыратын балаларға арналған мамандандырылған сәбилер үйі баспалдағынан көтеріле бере, директордың кабинетінен шыққан дауысты естіп қалдым. Әңгіме осыдан бірнеше жыл бұрын Жұмыскер поселкесіндегі әжетханадан табылған бейкүнә сәби жөнінде екен. Бағына орай, бала аман қалып, сәбилер үйіне орналастырылды да, кейін оны бір отбасы асырап алды.

Сәбилер үйі 10 күндік нәрестеден 4 жасқа дейінгі 50 сәбиге арналған. Мұн-да қазір 39 бала тұрып жатыр. Оның ішінде туа біткен ақаулары барлар мен жүйке жүйесі ауыратын балалар басым, – дейді сәбилер үйінің директоры Гүлмира РЫСМАҒАМБЕТОВА (суретте). Оның айтуынша, Атырауға Өзбекстан, Қырғызстан елінен жұмыс істеймін деп келген әйелдердің жүкті болып қалып, балаларын босанған соң тастап кетуі жиілеген. Бұл да онсыз да шешілмеген проблеманы ары қарай өрістетіп отыр.

Бұл балалар үшін отбасын табу басты арман. Өткен жылы сәбилер үйінен 14 бала асырап алынған. Бірақ олардың барлығы да өкінішке орай дені сау балалар, ал ақауы бар сәбилер белгілі бір жасқа дейін осында өсе береді екен. Қатты науқас сәбилер де бар мұнда. Мәселен, сәбилер үйінде жатқан жасқа толмаған бір сәби сирек кездесетін аурумен ауырады. Диагнозы – туа бітті жүрек ақауы, Даун ауру белгісі, туа бітті лимфатикалық жүйе ауруы. Оған үш рет операция жасалған. Тағы бір сәбиге де сүйек буындарына үш рет операция жасалып, қазір беті бері қараған. Бұл баланың анасы жүктілігін жасыру үшін ішін қатты буып жүрген. Онымен, бала туылғанда аяқ-қол сүйектері ішке қарай майысып сынып туған. Қазір карантин бөлме-сінде басына су жиналған сәби жатыр бір нүктеге қарап. Оның осылай жатқанына екі жыл болған. Дәрігерлердің ғана көмегімен тіршілік көзін көріп келеді.

Перзентханадан жаңа түскен ең кішкентай бөбек те болашағынан бейхабар, тәп-тәтті ұйықтап жатыр. Ал басқа бөлмелердегі сәбилер ойынға кіріскен. Бізге қарай жүгірді біреуі. Қолына қызыл шарды ұстап, суретке түсуге дайындалып тұр екен. Біз оның талабын орындадық. Кіші топтағылар ұйқының ауылында. Сәбилер үйінде балалардың түрлі диагнозына байланысты күн тәртібіндегі режим де түрлі қолданылады. Жүйке жүйелері ауыратын балаларға арналып жасақталған ойыншықтар мен жарыққа толы зал бар. Мұнда балалар арнайы матрацта жатып, музыка тыңдап жүйкелерін тыныштандырады. Осы бөлменің балаларға деген көп пайдасы бар екен. 

Сәбилер үйінде «Үміт» тобы ашылғанын көп адамдар біле бермейді. Бұл топтың ерекшелігі – ата-аналар жағдайына қарай жаңа туылған сәбилерін үш жылға дейін бағымға бере алады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген Владимир ИСТОМИН

15 ақпан 2012, 19:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.