Атырау, 9 қараша 18:35
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Қап, қармағым, қап!

4 743 просмотра

Тек биылғы жылдың 16 қаңтарында ғана премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ «Балық шаруашылығы су тоғандарында балық және басқа су жануарларын аулаудың 2012 жылға арналған лимиттерін бекіту туралы» үкімет қаулысына қол қойды. Осы құжаттың кешеуілдеуі әуесқой және спорттық балық аулаушыларды қаңтар айында қол қусырып отыруға мәжбүр еткен еді («Қаңтарда қармақ қаңтарылып қалды», «ЖС» №2, 12 қаңтар 2012 ж.).

Мәселе мынада болатын. «Жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға арналған квоталарды бөлу қағидаларының» 3-тармағына сәйкес, лимит бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде әуесқойлық, ғылыми-зерттеу, бақылау, мелиоративтік және балық аулаудың басқа түрлерін жүзеге асыру үшін мөлшері жалпы лимиттің 2 пайызын құрауы тиіс квота бекітіледі, ал сол кезде ол әлі белгіленбеген еді.

Үкімет қаулысы 28 қаңтарда заңды күшіне енді. Енді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Әлібек БҰҚАРБАЕВ хабарлағандай, 31 қаңтардан бастап әуесқой балық аулаушылар балық аулауға рұқсат алу үшін балық қорғау органдарына бара алады. Ол үшін атыраулықтарға жағалауда орналасқан обамен күрес стансасының маңындағы қалалық балық шаруашылығы инспекциясы бөліміне жеке бас куәлігімен және СТН құжаттарымен келулері керек.

Әуесқойлықпен спорттық балық аулау жөніндегі балық қорғау бөлімінің жауапкершілік аймақтары мынадай: қалалық бөлім (тел.: 29-72-97) – ММС-тан (Курилкин) Талқайраң поселкесіне дейін, Махамбет бөлімі (8-7123-62-15-32) – Талқайраңнан Топайлы селосына дейін, Индер бөлімі (8-7123-42-18-17) – Топайлыдан Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейін.

Енді лимиттер туралы. Кәсіптік балықтардың алуан түрлері бойынша балық аулаудың жалпы көлемі шамамен өткен жылдағыдай  (рас, балық аулау артельдері іс жүзінде аз аулады, өйткені 2011 жылы көктемгі балық аулау маусымы болған жоқ – М.С.): көксерке (осы жерде және әрі қарай – тоннамен, тиісінше, Жайық пен Қиғаш өзендері бойынша) – 1433 және 79, қарагөз – 1540 және 1060, сазан – 280 және 101, ақмарқа – 1160 және 7,  жайын - 380 және 550, шортан – 116 және 408, табан – 5496 және 1904, мөңке – 51 және 690, алабұға (тек Қиғаш өзенінде) – 49.  Аталмыш лимиттердің 98 пайызы балық аулау артельдеріне арналған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

2 ақпан 2012, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.