Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өткен аптада мемлекеттік сатып алуға алақол қатысушыға қатысты сотта жеңіп шықты. Мәселе құны - 3,2 млн теңге. Бұлыңғырлау істің кейбір деректеріне қарасақ, басқарма басшылығына өз тәжірибесімен бөліспеу күнә болар. Өйткені, басшы бір оқпен екі қоянды атып алды - бюджет қаржыларын сақтап қалды және сайыстарда облысты лайықты көрсете білді.
БІР КЕЛІСІМШАРТТАҒЫ ЕКІ МЕРЗІМ
Бұл сот ісінің тарихы мынадай. 2016 жылдың 15-22 маусымы аралығында «Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі Өскеменге Спорт ардагерлерінің спартакиадасына кеткен спортшылар командасы үшін спорт костюмдерінің жиынтығын (күрте, шалбар, кроссовкалар, поло футболкасы, шорты, бейсболка) алуға тендер жариялады. Сайысқа 20 ардагер қатысты, ал тапсырыс бірдей 100 жиынтыққа жасалды, тиісінше, лот құны 3 216 600 теңгені құрады.
Баға ұсыныстарына сұраным нәтижелерінің негізінде 23 маусымда жеңімпазбен, мақаттық «Әдемі-Ай» ЖК басшысы Медет СҰЛТАНОВПЕН келісімшарт жасалды.
– Осы келісімшартқа сәйкес, жауапкер талап-арыз берушіге тауар жеткізді. Бірақ, өз ақшасын ақыры ала алмады, - дейді жауапкер өкілі Александр РОТЕНБЕРГ. – Жеткізу мерзімінің №1 қосымшамен шектелгендігінен бастайық - келісімшарт жасалған күннен бастап 15 күн. Алайда, №2 қосымшада (бұл да келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылады) тауарды жеткізу мерзімі келісімшарт күшіне енген күннен бастап 30 күнге дейін деп қарастырылған. Тиісінше, аталмыш қосымшаға сәйкес, тауар 2016 жылдың 23 шілдесінен кешіктірілмей жеткізілуі тиіс. Және 7 шілдеде басқарма 80 жиынтық алған, сол кезде жұбайы Сұлтанова Самал есепші Ақмаралға есепшот-фактурасын қалдырып кеткен. Есепшіні куәгер ретінде сотқа ақыры ешкім шақырған жоқ. Қалған 20 жиынтықты ол 22 шілдеде әуежайға әкеліп, басқарма басшысының өзі Азамат БЕКЕТКЕ табыстаған. Артық жүк үшін 5 мың теңге төлеп, Бекетке тағы 4 мың теңге берген, өйткені, ол транзиттік рейспен ұшқан және оған тағы да төлеуге тура келетінін айтқан. Мұны оның өзі сотта растады. Сол жерде, әуежайда, ол осы 20 костюм үшін демеушілік қаржыдан 645 мың теңге төлейтінін айтқан. Спортшылар сайыста осы костюмдермен облыс намысын лайықты қорғап шығып, тіпті жүлделі орындар алды. Бірақ, Бекет 5 күннен кейін Өскеменнен оралып, Самалға оны «жасалған келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты» мемлекеттік сатып алуға алақол қатысушы ретінде сотқа бергенін мәлімдепті. Алақолдық фактісі ретінде ол – жеткізу мерзімі мен костюмдердің (еске салсам, осы костюмдермен біздің спортшылар сайысқа қатысты) тендерлік сипаттамаға сай келмейтіндігін алға тартқан. Бірақ, тоқтай тұрыңыз, егер костюмдер сипаттамаға сай келмесе, неліктен ЖК-мен жасалған келісімшарт 7 шілдеде бұзылмаған? Сол кезде басқармадағылар жеткізілген костюмдердің түрі қандай екенін көрді ғой. Егер жеткізуші жеткізу мерзімін бұзған болса, спортшылар қалайша оны сайысқа киіп шықты? Сонда іс жүзінде тауарды талап арыз беруші қабылдап алды, алайда, ол тауарды қабылдау-беру актісіне қол қоюдан жалтарып отырғаны ғой. Ақылға сыймайтын жайт, бірақ, экономикалық сот бұл талапты заңды деп есептеп, талап-арыз берушінің пайдасына шешім шығарды. Ал апелляциялық алқа оны өз күшінде қалдырды.
Ротенбергтің айтуынша, басқармада мұндай жағдайлар бірінші рет болып отырған жоқ:
– Өткен жылы, мәселен, басқарма бірер күн уақытқа үлгермей қалған кәсіпкерге қарсы талап-арызды жеңіп шығып, оған көк тиын да төлеген жоқ.
Бірақ, тендер жеңімпаздарымен қолма-қол ақшамен есеп айырысу әдісінің қаншалықты кеңінен қолданылатыны белгісіз.
Бастапқыда басқарма «Әдемі-Ай» ЖК-нің өкілетті тұлғасы екенін растайтын қандай да болмасын құжаттарсыз бірге жұмыс жасаған кәсіпкердің жұбайы Сұлтанова Самалдың айтуынша, 20 жиынтықты алып, Өскеменге ұшар кезде басқарма басшысы Бекет қайтып келген кезде олардың құнын төлеуге уәде берген:
– Ол басқармаға әлдебір демеушінің көмектескенін және осы 20 жиынтықты сатып алуға 645 мың теңге бергенін айтты. Бірақ, «қазір, уақытым жоқ, ақшаны келген кезде аласың» деді. Бес күннен кейін барған кезде мені сотқа бергенін айтты, - дейді Самал.
«СПОРТ БАСҚАРМАСЫНА КӨПТЕН БЕРІ КӨМЕКТЕСІП КЕЛЕМІЗ»
Сотта облыстық спорт басқармасының өкілі демеушілік ақшаны спортшыларға таратып беріп, қалаған жерлеріңнен өздерің сатып алыңдар, деп таратып бергенін мәлімдеді. Бірақ, бұл нұсқа үйлеспейді – сонда спортшылардың барлығы Мақатқа барып, бәрі бірдей бір адамнан, облыстық спорт басқармасы енді бірге жұмыс істегісі келмей қалған Самалдан сатып алғаны ма? Келесі отырыста басқарма басшысы Азамат Бекеттің өзі келіп, куәгер ретінде өзінің қарамағындағы қызметкерді алып келді: «ол қаржыны тікелей өзі берді», деп сотта мәлім етті. Дене шынықтыру және спорт басқармасының қаржылық-экономикалық бақылау бөлімінің бас маманы Дастан ҚОСПАНОВ Самалдың қолына 645 мың теңге демеуқаржыны өзі бергенін, оны Самалдың көз алдында санап алғаны туралы куәлік етті. Оның айтуынша, бұл неліктен екені белгісіз, орынжайдан тысқары жерде («жұмыс алдында») болған, екі жақтың ешқайсысы жүздеген мың теңгеге алыс-беріс жасағаны туралы ешқандай қолхат бермеген. Мен тіпті, бұл қаржылық актіні қалай деп атауға болатынын білмеймін. Бәлкім, сенімге құрылған келісім шығар? Бірақ, соттан жазылып алынған аудиожазбаға сүйенсек, спорт басқармасының басшылығы мұндай қаржылық операциялардан заңға қайшы ештеңе көріп отырған жоқ.
– Сіз Самалға ақша бердіңіз бе? – дейді бағыныштысына сыпайы түрде сұрақ қойған Азамат Бауыржанұлы. Ол соттан тысқары жерде сұхбаттасушысымен бейресми сөйлескенді жөн көретін (бірде бұрын-соңды тілдесіп көрмеген спорт басқармасының басшысына қоңырау шалған едім, ол менімен достық кейіпте «сен» деп сөйлескен болатын).
– Иә, күндіз, жұмыс алдында 645 мың теңге бердім, менің көзімше санап алды, – деп жауап берді Қоспанов.
Азамат БЕКЕТ
– Бұл қайдан алынған ақша?
– Демеушілерден.
Диалогқа жауапкердің өкілі Ротенберг араласты:
– Ешқандай құжаттарды көрмедім. Сіздер демеуқаржының есебін жүргізесіздер ме? Кім аударды, кімге берілді, қолхатпен шығар? Осындай тізім бар ма, осы ақшалар бойынша есептер бар ма? Сіздер бюджет ақшасымен де осылай жасайсыздар ма?-деп сұрақ жаудыртты ол.
Талап-арыз беруші сот залына куәгер Ержан ЕСЕНҒАЛИДЫ кіргізуді өтінді. Ол өзін «Специнжстрой» ЖШС-нің директорымын, деп таныстырды.
– Спорт басқармасына кәсіпкерлер ретінде көптен бері көмектесіп келеміз, - деп куәлік етті ол. – Спорттық шараларға демеушілік етеміз. Азамат: жұмыс бар, көмектес, ардагерлерге спорттық костюмдер керек, деді. Оның атынан Дастан деген жігіт келді. Уақыты есімде жоқ. Оның қолына 645 мың теңге бердім.
– Мемлекеттік мекеме сізге қашан жүгінді? Мұндай мемлекеттік мекемелер жазбаша түрде шығады ғой. Сізде хат, басқа құжаттар, бухгалтерлік есептемелер бар ма? – деп сұрайды Ротенберг.
– Мен қолма-қол ақшамен бердім.
– Демек, мен де барып, сізден ақша сұрауыма болады екен ғой?
– Мен досыма жүгіндім, сіз оның досы емессіз ғой, - деп Есенғали үшін Бекет жауап берді. – Мен одан кәсіпкер ретінде көмектесуді өтіндім. Ал олар жеткізу уақытын кешіктірді. Бастапқыда келісімшарт жасалды. Ұтып алды. Біздер техникалық сипаттамасын ұсындық. Бірақ, жеткізуші олай жасамады. Мерзімдер бұзылғандықтан, демеуқаржыға 20 жиынтықты алғанымызды жоққа шығармаймын.
– Келісімшартта сізде екі жеткізу мерзімі көрсетілген. Бәлкім, әуел бастан ықтимал жеткізушіге тауарды жеткізу мерзіміне қатысты жалған ақпарат беру үшін шығар? Сіз оны жаңылыстырдыңыз. Сіз одан тауар алғаныңызды мойындадыңыз, демек, ол үлгерген. Ол есепшот-фактурасын 5 және 7 шілдеде ұсынды. Сайыстарға қатыса алмай қалған жоқсыздар. Орын алдыңыз. Сізге ештеңеге шектеу қойылған жоқ. Қандай проблема бар? Егер ол мерзіміне үлгермеген болса, неліктен онымен бірден шартты бұзбадыңыз? Сіз сол тендерге қатысқан басқа жеткізушіге жүгіне алар едіңіз ғой. Бірақ, сіз Самалмен келіссөздер мен кездесулерді жалғастыра бердіңіз. Айтпақшы, неліктен сіз онымен жұмыс істедіңіз? Оның тіпті ЖК-нің сенімхаты да болмаған ғой. Сіз неге оған ақшаны бердіңіз? – деп сұрайды Ротенберг.
– Біз адамшылықпен оған бердік, қолхатсыз, - депті жазбада Бекет тойтарыс беріп.
Ал жауапкер бүгінде оған ешқандай ақшаның - бүкіл жеткізілген көлем үшін мемлекеттік қаржының да, пайдаланылған 20 жиынтық үшін демеуқаржылық ақшаның да төленбегендігін айтып келеді. Бүкіл жеткізілген сұраным көлемі ...басқармада сақталған. Бірінші сатыдағы сот шешімі шығарылғаннан кейін оған қоңырау шалып, шілденің басында әкелінген 80 жиынтық салынған қораптар мен дорбаларды алып кетуді бұйырып, «әйтпесе, лақтырып тастаймыз» деп қоқан-лоқы көрсеткен.
– «Адамшылықпен беріп», содан соң кішкентай үш баласы бар (олардың бірі омырауда) ананың үстінен сотқа шағымданған ба? Ол жауап беру үшін Мақаттан келіп-кетіп жүрді, ол сол жерде тұрады, – дейді Ротенберг.
«АҚША АЛҒАНЫМ ДА, БЕРГЕНІМ ДЕ ЖОҚ»
Бұл істің оғаштығы облыстық спорт басқармасын жеке тұлғалардың достық қолдауымен және қомақты ақша қабылданған, бірақ, кіріске алынбаған тауарға қатысты қызықты жайтпен бітпейді. Редакция сауалына берген жауабында Азамат Бекет соттағы өз сөзінен бас тартты: «Мен жеке тұлғадан демеуқаржы ретінде ақшалай қаржы алмағандығымды және бермегендігімді хабарлаймын, бұған басқарманың қаржылық-экономикалық бөліміндегі есептік-қаржылық құжаттардың жоқтығы дәлел бола алады. Cпорт ардагерлерін – республикалық спартакиадаға қатысушы команданы керек-жарақпен жарақтап, қолынан келгенше қолдау көрсетуді ұйғарған, спортқа бей-жай қарамайтын адамның, өз елінің патриотының жеке бастамасы болды. Олар өз кезегінде біздің облыстың намысын республика алаңында салтанатты спорт формасымен қорғап шықты. Спортқа бей-жай қарамайтын адамның жеке ақшалай қаржысына спорттық киімдер алу басқарманың тауары болып табылмайды, соған байланысты оларды қабылдау жүргізілмейді...».
Айтпақшы, Александр Ротенберг облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ блогына демеушілердің қолма-қол ақшаларына қатысты шенеуніктің операцияларының заңдылығы туралы осындай сауал қойған. Әкім бағыныштысы үшін жауап беріпті: «Ақшалай демеуқаржыларды алу және беру мәселесі бойынша Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының ақшалай қаржыны қабылдамағанын және бермегенін, мұның осы факті бойынша есептеу-қаржы құжаттарының жоқтығымен расталатынын Сіздің қаперіңізге береміз».
…Дегенмен, қолданыстағы бүкіл заң нормативтері секілді, мемлекеттік қызметкерлердің әдебіне сәйкес, шенеуніктерге облыстық спорт басқармасында қалыптасқандай әдіспен ақшалай қаржыларды алыс-беріс жасауға жол берілмейді. Бұл тәжірибе кеңінен таралған болса, бюджет қаржысын үнемдеу тұрғысында қандай мәселе болар еді. Досыңа қоңырау шал да, есеп беру, бақылау және ашықтық деген құбылыстармен қош айтыс.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА