Атырау, 20 желтоқсан 23:08
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

«Жер митингілері» туралы іс: «Мұның бәрі басылымдарда болды»

5 909 просмотра

18 қарашада Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВТЫҢ ісі бойынша процесте тараптардың өтініштерін қарау жалғасты. Прокурор Қасым СЫДЫҚОВТЫҢ өтініші бойынша іске 24 және 29 сәуірде тиісінше azh.kz («Макс Боқаев: “Бірде-бір шам сынған жоқ..."» ) және exclusive.kz сайттарында жарияланған Боқаев пен Аяновтың сұхбаттары біріктірілді.

Қорғаушы Жанаргүл БОҚАЕВА іске 2010 жылдардан бастап БАҚ-тарда жарияланған «Как китайцы стали арендаторами казахстанских земель», «Чего ждать от китайской экономической экспансии в Казахстане?» мақалалары мен басқа материалдарды, сонымен қатар, Халықаралық тұрақты даму институтының (Канада) осы тақырыптағы баяндамасын біріктіру туралы өтініш білдірді.

- Мұнымен ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша айыптаудың дәрменсіз екендігін көрсеткіміз келеді, - деді Ж.Боқаева.

- Бірнеше жыл қатарынан бұл мәселе БАҚ-тарда талқыланған кезде прокуратура мен ҰҚК жақ ашпады, ал бұл туралы Талғат екеуміз Фейсбукке жазған кезде, бізді 274-бап бойынша айыптап отыр. Бұл сандырақ, - деп наразылығын білдірді Макс Боқаев.

Бұл өтінішті судья Гүлнәр ДӘУЛЕШОВА қабыл алмады.

Содан кейін Ж. Боқаева іске ҚР қорғау тарапының Жер ресурстары комитетіне, Инвестициялар және даму министрлігіне және басқа ведомостволарға жіберген сұраныстарының жауаптарын біріктіруді өтінді. Бұл жауаптарда жер қожайындары туралы ақпарат жабық болып табылады және жария етуге тиесілі емес делінген.

- Бұл ақпарат, ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісім секілді, жұртшылық үшін жабық. Біздің пікірімізше, бұл біздің жерді шетелдіктерге жалға беруге әзір еместігімізді білдіреді. Біз осылайша Боқаев пен Аяновтың ұстанымдары – бұл сын білдіру екенін дәлелдегіміз келеді, - деді Ж.Боқаева. Судья бұл өтінішті де қанағаттандырудан бас тартты.

Бұдан басқа, судья «ҚР-да бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» ҚР Заңының 10-бабын және тиісінше, Атырау қалалық мәслихатының митинг өткізуге арналған орынды белгілеу туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы (ол жерде жергілікті атқарушы органдар бұл тәртіпті қосымша реттеуі мүмкін екені айтылған – М.С.) қорғау тарапының ҚР Конституциялық кеңесіне жолдау хаттарына қатысты бірқатар өтініштерін қабыл алмады

Қорғау тарапынан судьяға Боқаев пен Аяновтың Фейсбуктегі парақтарының скриншоттарын дәлел ретінде тануға жол бермеу, сонымен қатар, Боқаев (2015 жылдың 30 қыркүйегінде қабылданды) пен Аяновқа (2016 жылдың ақпанында қабылданған) қатысты жария емес тергеу әрекеттері (тыңдау) туралы қаулыларды заңсыз деп тану туралы өтініш берілді. М.Боқаевтың адвокаты Нұрбике ЕСКЕНДІРОВАНЫҢ айтуынша, олардың пікірінше, заңсыз жарияланымдарды анықтаған кезде өкілетті органдар желі әкімшісіне оларды жою немесе кіруге шектеу қою қажеттілігі туралы хабардар етуі тиіс еді. Алайда іс материалдарында мұндай хабарламалар туралы ескертулер жоқ. «Оларды бірден қылмыстық жауапкершілікке тартулары тиіс емес еді», - деп есептейді Н.Ескендірова.

Бұл өтініш те қабыл алынбады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
18 қараша 2016, 22:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.