16 қарашада адвокаттардың өтініштері қаралды. Төлепқали АЯНОВ сотта «31» телеарнаның жаңалықтар материалын қарау туралы өтініш берді. Бұл материалда жоғары шенді шенеуніктер, соның ішінде ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ ҚР Жер кодексіне енгізілген өзгерістер шеңберінде Қазақстанның жерлерін жалға беруге әзірліктер жүріп жатқанын айтады.
Судья Гүлнәр ДӘУЛЕШОВА:
– Біз өткен жолы бұл өтінішті қабыл алмадық. 1,7 млн гектар жерді жалға беруге әзірлегендігі – көпшілікке белгілі факт. Біз мұны әлденеше рет айттық. Сондықтан кейбір лауазымды тұлғалардың айтқан сөздерін, телеарна тілшілерінің пікірлерін тыңдаудың қажеттілігі жоқ.
Бұл Талғат АЯНОВТЫҢ ашуына тиді:
– Мені не үшін жауапқа тартып отыр? Мен көпшілікке белгілі факті туралы ақпаратты қайталағаным үшін. Немесе жерді Қытайға жалға бермекші екенін айтқаным үшін бе? Қытайдың орнында Ресей, АҚШ болуы мүмкін. Өйткені маңыздысы бұл емес, маңыздысы – ҚР азаматтарына емес, шетелдіктерге беретіндігі.
Судья өтінішті қабылдамады.
Содан кейін адвокат Макс БОҚАЕВ пен Талғат Аяновты қылмыстық қудалауды заңсыз деп тануды талап етті. Оның айтуынша, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 179-бабы («Билікті басып алуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру») бойынша жүргізілді, содан кейін оны тоқтатты, ал жинақталған материалдар ҚР ҚК-нің 174-ші («Әлеуметтiк алауыздықты қоздыру»), 274-ші («Көрінеу жалған ақпарат тарату») және 400-ші («Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу») баптары бойынша айыптауға негіз болды. Бұл Қылмыстық іс жүргізу кодексіне қайшы келеді. Әріптесін М.Боқаевтың адвокаты Нұрбике ЕСКЕНДІРОВА қолдады. Судья бұл өтініштің тағдырын ашық күйде қалдыруға қаулы етті, шешім сот актісін шығару барысында қабылданатын болады.
Қорғаушы Жанаргүл БОҚАЕВА (суретте) 2016 жылғы 20 мамырдағы №3535 сараптама қорытындысы түріндегі дәлелді жарамсыз деп тану туралы өтініш берді. Сотқа дейінгі тергеу органы Алматы қаласындағы ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығының қызметкерлері мен саясаттанушыны тартып, бірқатар психологиялық-филологиялық сараптама кешенін тағайындаған еді. Зерттеу нысандары Макс Боқаевтың Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасының 28 бет скриншоттары мен екі бейнеролик болып табылады.
– Менің қорғалушымның және қорғау тарапының заңды құқығы бұзылды, өйткені тергеуші бізді 2016 жылдың 9 шілдесінде сараптама тағайындау туралы қаулымен таныстырды. Ал сол кезде ол 16 мамырға тағайындалған, ал 20 мамырда сараптама қорытындысы дайын болып, Атырауға жіберілген. Осылайша, сотталушы мен қорғау тарапы сарапшыдан бас тарту құқығынан айырылып отыр, сараптама өндірісінен және т.б. шеттетіліп отыр. Біз бұл қорытындыны сарапшылардың өздері жауап алу барысында ерекше күрделі деңгейдегі сараптама қорытындысы деп атағандығына соттың назарын аударғымыз келеді. «Сот-сараптама қызметі туралы» заңға сәйкес, оның жасалу мерзімі – 30 тәулікке дейін. Ал бұл аса күрделі сараптама 2 күн ішінде жасалған.
Үшіншіден. Зерттеу нысаны - 16 мамырдағы Макстың интернет парағын қарау хаттамасы болды. Алайда сотта анықталғандай, тергеуші сарапшыларға парақтың нақты фрагменттерін нұсқап, ескертпе жасаған, бұл зерттеудің объективтілігін бұзып отыр. Филолог ЕСІЛБАЕВАНЫҢ айтуынша, зерттеу материалын сарапшыларға 18 мамырда сағат 10-да ЖҰМАҒАЛИЕВ тікелей берген. Ал сотта ол осы іс бойынша Атыраудан тысқары шықпағанын мәлімдеді. Жауап алу кезінде психолог ЖҰМАШЕВА зерттеу кезінде филологтың қорытындысына сүйенгенін айтты. Бірақ бұл «Сот-сараптама қызметі туралы» Заң талаптарына қайшы келеді - әр сарапшы қорытындыны алдыңғы сарапшының қорытындысының негізінде емес, өздігімен жасауы тиіс. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 283-бабына сәйкес, қорытындыда аты-жөні, білімі, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, атқаратын лауазымы көрсетілуі тиіс. Ал қорытындыда «АСК Групп» стратегиялық жоспарлау жөніндегі кеңесшісі, сарапшы-саясаттанушы Жанна БАЙСАЛБАЕВАНЫҢ білімі, сарапшылық мамандығы мен өтілі туралы мәліметтер көрсетілмеген. Қандай кәсіпорын, АҚ немесе ЖШС ме? Айқындалмаған. Тергеуші сотта Байсалбаеваның біліктілік деңгейін телефон арқылы сөйлескен кезде анықтағанын айтады. ҰҚК Академиясының жауабына сүйенсек, Байсалбаева бұрын сонда жұмыс істеген, бірақ қазір жұмыс істемейді. Бұл жерде саясаттанушылық қорытынды беру үшін мүдделі маман тартылған боп шығады. Байсалбаева сырқаттанып, емделуге Мәскеуге кеткендіктен-мыс сотқа қатыса алмаған. Оның денсаулығының нашарлау себебі тексерілмеген, тек Медеу ауданы бойынша учаскелік полиция инспекторының баянаты мен оның қызының түсініктемесіне сілтеме жасалған. Осылайша, Макс Боқаев аталмыш жағдай бойынша сарапшыдан бас тарту құқығынан айырылып отыр.
Зерттелетін материалдың басым бөлігі қазақ тілінде болды. №3535 қорытындыда Байсалбаеваның тілдік біліксіздігі айқын көрініп тұр. Бүгін сот отырысында процесс аудармашысы ол жазған сөздердің тек мағынасы туралы аңғарып отыр. Сарапшы қазақ тіліндегі сөздерді аудармасыз зерттеген және ғылыми түсініктеме мен тұжырымдарды орыс тілінде берген... Байсалбаевадан жауап алмай, құрметті сот, оның тілді жете білетіндігіне көз жеткізе алмаймыз. Ал қорытындының мәтіні оның жете білмейтіндігін аңғартады, - деп сөзін түйіндеді адвокат Жанаргүл Боқаева.
Судья бұл өтінішті де ашық қалдыруға қаулы қабылдады, шешім сот актісін шығару барысында қабылданатын болады. Бұдан басқа, судья ҚР ҰҚК шекаралық қызметіне – Байсалбаева елден тысқары шықты ма және кері оралды ма деген сұраныс жолдады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ