Атыраулық жас күйші қыз Карина ӘМІРЖАНОВА Алматыда өткен «Күншуақ» республикалық күйшілер сайысында 1-орынға ие болды. Бұл сайыстың ерекшелігі - оған 5 пен 16 жас аралығындағы өнерлі жасөспірімдер қатысқан.
Әр өңірдің дарынды оқушылары түрлі номинациялар бойынша бақ сынасты. Карина өзімен бірге домбыра өнері бойынша сайысқа түскен жастардың әрқайсысының күй тарту ерекшелігін байқап, өзіне көп сабақ алып қайтқанын айтады. Ол сайыста Құрманғазының «Адай» күйін, Сүгірдің «Шалқыма» күйін орындаған болатын.
Қазір Карина қаладағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған № 30 мектеп-гимназиясының 10-сыныбында оқиды. Сонымен бірге, ол Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің жанындағы балалар музыка мектебінде «Домбыра», «Фортепиано» сыныптары бойынша музыкалық білімін жетілдіруде. Каринаның өнердегі ұстазы, «Домбыра» сыныбының оқытушысы Бағила МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, Каринаның орындаған төкпе күйі «Адай» мен шертпе күйі «Шалқыма» мектеп оқушылары үшін күрделі шығармалар.
- Карина жастығына қарамастан, осы екі күйді де өте жақсы алып шықты. Бұл күйлерді орындау қиын. Оның фортепианода да орындайтын шығармалары көп, - дейді Б.Мұхтарова.
Каринаның «Күншуақ» сайысындағы жетістігі еңбегінің алғашқы жемісі емес. Ол былтыр Атырауда өткен республикалық Дельфийлік ойындардың VІІ ұлттық сайысында домбыра өнерінен 1-орынға шығып, алтын медаль иегері атанды. Енді Карина осы жылы Киевте өтетін халықаралық Дельфийлік ойындарға қатысатын болғандықтан, үлкен дайындық үстінде жүр.
Айнұр САПАРОВА