Атырау, 27 қараша 19:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Алтын қайықтың» алғашқы иесі

5 128 просмотра

«Ақ Желкен» шығармашылық орталығында өткен облыстық суретшілер көрмесінде үздік деп танылған суретшіге тапсырылған «Алтын қайықтың» алғашқы иегері суретші Исім АРЫСТАНОВ атанды.

- Кейінгі жылдары бейнелеу өнері, кескіндеме жанры жан дүниемді баурай бастады. Бірақ, сурет салу да оңай шаруа емес. Ойлаған жұмысың сәтті шыққанда балаша мәз болып, жерден жеті қоян тапқандай қуанасың, - дейді суретші И.Арыстанов.
Аталған көрмеге И.Арыстанов өзінің Маңғыстау, Құлсары қалаларындағы ақ құздар көрінісі салынған суреттерін әкеліпті.
-Былтыр «Ақ Желкен» шығармашылық орталығында 40-тан астам сурет көрмесі өтті. Оған облысымыздағы 80-ге жуық суретші қатысты. Олардың ішінде қатысуға тілек білдірген кәсіпқой және әуесқой суретшілер бар. Біздің орталық жанында Әділқайыр Жантасов, Маусым Бисенов секілді бірнеше суретшілерден құралған комиссия жұмыс істейді. Осы комиссияның қорытындысымен жыл бойына жемісті еңбек еткен үздік суретші таңдалады, - деген болатын орталықтың директоры Нұрберген ДӘУЛЕТОВ «Алтын қайық» номинациясына байланысты өткен аптада журналистермен кездесу барысында.
Номинацияның атауы әлі күнге дейін табылмай отырған алтын қайық аңызына байланысты қойылған. Аңызға сәйкес, Ұлы Жібек жолы өткен көне Сарайшық қаласында Жәнібек хан өзінің қызына арнап жасанды көл жасатып, көлдің айналасын көз сүйсіндірер көрініске толтырған, жеміс-жидектер ағаштарын отырғызған. Сол көлде хан қызы алтын қайықпен серуенге шығатын болған. Хан көлдің суын ауыстырған сайын бетіне секер септірген. Осылайша бұл көлді халық Секеркөл атап кеткен. Кейін хан қызы кенеттен көз жұмғанда, оны алтын қайықпен бірге жерлеген. Бірақ, олардың қайда жерленгендігі белгісіз.
Ал номинацияға қайта келсек, Н.Дәулетов «Алтын қайық» сыйлығын қазақ өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген бірегей өнер иесіне тапсыру үрдісі дәстүрге айналатынын айтады. Жалпы, аталмыш ескерткіш сыйлық жергілікті мүсінші Серік Матениязовтың жобасы бойынша Қытайда жасалған. Құны 1000 АҚШ доллар үстінде. «Алтын қайық» қоладан құйылғанымен, сырты 22 карат таза алтынмен апталған. Салмағы – 400 грамм.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Владимир Истомин

 

19 қаңтар 2012, 12:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.