Жұмыс күндері де, демалыс күндері де «Детский мир» маңындағы спорт алаңы у-шуға толы болады. Балалар футбол ойнап жүреді. Тек доп қуалап қана қоймай, Роман Тхоирович ЛИДІҢ жетекшілігімен жаттығады. Танымал балалар бапкерінің зейнеткерлікке шыққанына көп болды. Бірақ, осындай жандар көрші аулада футбол алаңы бос тұрған кезде, еңбек сіңірген демалыстарында тыныш жата ала ма?
"БАСҚА БАЛАЛАР ДА ОЙНАҒЫЛАРЫ КЕЛЕДІ"
Азаттық даңғылы, 75 мекен-жайындағы үй ауласына спорт алаңы салынған кезде, бұл жерге жақын маңда тұратын Роман Тхоирович те келе қалды. Сол жерде доп қуалап жүрген балақайлар оны қуана қарсы алып, сол мезет ешқандай хабарландырусыз, арнайы іріктеусіз футбол командасы құрылды. Бұл жерде ниет білдірушілердің барлығын қабылдайды. Аса табандылары қалады, басқалары өздері шығып кетеді. Роман Тхоировичтің ғұмыр бойғы тәжірибесінде әрдайым да осылай болатын. Өмір бойы қалалық білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек етті. №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футбол бөлімі жабылғаннан кейін осы балаларды жинап алды. Жаттығулар аптасына үш рет екі ауысыммен, кез-келген ауа-райына қарамастан өткізіледі.
- «Атырау» ФК-ның футбол орталығына тек үздіктерді қабылдайды, бұл түсінікті. Бірақ, оларды алдымен анықтап алу керек, басқа балалардың да ойнағылары келеді ғой. Сондықтан біздің бөлімше босқа жабылды деп есептеймін, - деп өз пікірімен бөлісті бапкер. Бастапқыда ол бұл жерде, 75-үйдің ауласында қоғамдық негізде жаттықтырған. Содан кейін оны Мектептен тыс жұмыстар орталығына шақырған. Балалар үшін ештеңе өзгермеді – сабақтар тегін өткізіледі. Роман Ли өз есебінен алаңға күтім жасайды, торлардың тесіктерін жамайды, позицияларды сызады, қоқыстарды тазалайды, балалар үшін доптар мен жамылғылар сатып алады.
- Әрине, бұған орталықтан ақша сұрауға болады ғой, бірақ, ыңғайсыз, менің ол жерде жұмыс жасағаныма көп болған жоқ, - деп пайымдайды Роман Тхоирович. Көп болған жоқ дегені – екі жыл. Осы уақыт ішінде үлкен-кіші болсын, өзіне анағұрлым тиімді жұмыс жағдайын өтініп сұрар еді, бірақ, бұл түсінігі басқа адам. Ол үшін аула клубындағы кейбір балаларды «Атырау» ФК-ның футбол орталығына қабылдағаны маңыздырақ. Оның қазір келешегінен үміт күттірер бірнеше шәкірті бар екен.
- Женя, солға қарай! Қайда жүгірдің! Қане, Мирас! – деп айқайлады бапкер. Содан соң маған бұрылып, - Жақсы бала, егер талмай айналысатын болса, осы баладан бірдеңе шығады. Тағы біреуі бар, Мансұр деген, бірінші сыныпта, бірақ, келешегі зор.
Ол өзінің не айтқанын білетін жан. Роман Тхоирович 50 жылдан бері балаларды жаттықтырып келеді. Мыңдаған шәкірті бар, қазір олардың кейбіреулерінің өздері бапкер атанған. Ал кәсіпқой боксқа кетпегендер бәрібір футболды ұмытпайды. Құдды, менің ойымды растағандай, алаңға Асхат ЕСМҰХАНОВ жақындап келді. Бапкер жігітті өз ұлындай қарсы алды. Қалаға қашан келгенін, кім үшін ойнап жүргенін сұрастырды. Асхат Роман Лиден 5-сыныптан бастап тәлім алған. Мектепте ойнаған, содан соң университетте сол қапталдағы қорғаушы ретінде ойнаған. Алматыға кеткенде де футболды ұмытпады. Атырауға оралған соң қала чемпионатында үшінші орында тұрған «ФИОК» командасы үшін ойнап жүр.
БАЛАЛАР КӨЗІНДЕГІ ҰШҚЫН ЖӘНЕ АРДАГЕРЛЕР ШАЙҚАСЫ
Сол кезде кіші топ жаттығуды аяқтап, сапқа тізіліп, үнемі үйде жаттығу жөніндегі бапкердің кеңесін тыңдап болған соң,жамылғыларын тапсыруға беттеді. Алаңға үлкен балалар шықты.
– Не отырсыңдар, неге үйлеріңе кетпейсіңдер, сабақты кім оқиды? – деп сұрадым мен жаттығудан кейін алаң шетіне отыра кеткен балалардан.
- Бізге қызық, кеткіміз келмейді. Ал таңертең футболды көбірек ойнау үшін сабақтарды алдын ала кешкісін орындап тастаймыз, - деді олар, ал өздерінің екі көздері бапкерде. Өздерін үлкен балалармен қашан шақырады деп күтіп отырғандары. Оларға аптасына үш рет жаттыққан аз, балалар ойынға тояр емес. Бәрі де кәсіпқой футболмен айналысуды армандайды.
- Футболдың несі жақсы? – деп балалардың қытығына тидім.
- Бапкеріміз жақсы! Ойын! Футболшылардың жалақысы көп! Сені бәрі танитын болады! Керемет машинаң болады! Ал маған машина керек емес! Маған ойнаған ұнайды! Біз жаттығу алдында жүгіреміз! Секіреміз! Шынығамыз! Тынысымыз кең ашылады! – деп жамырай жауап берді балақайлар.
- Қане, тағы кім ойнағысы келеді, көк ойыншылар аздау боп тұр, - деген көптен күткен бапкердің дауысы естілді.
- Мен!!! – деп орындарынан атып тұрған балалар, алаңға қарай жүгірді.
Ал мен Роман Лиден бұрынғы кездері балалар футболының жағдайы қалай болғанын сұрастырдым. Сөйтсек, жағдай қазіргіден де жұпынылау (бар болғаны бір стадион болған) кезде жұмыстар қарқынды жүргізілген. Қала 12 ауданға бөлінген: Авангард, Киткрай, Жилгородок, Восток, 1-ші учаске, Привокзальный және т.б. Каникул кезінде 80 аула командасын жинаған жалпықалалық сайыстар өткізілген. 80-ші жылдары республикалық балалар чемпионатында үш мәрте жеңіске жеткен. Балаларды қоғамдық бапкерлер дайындаған, Авангардта Михаил Мохначев, Гагарин мектебінің жанында Тілеш Тоқсанбаев жұмыс істеген. Ол айтпақшы, әлі күнге дейін өзі жаттығады.
Демалыс күндері Роман Тхоировичтің алаңына Атырау футболының ардагерлері жиналып, ойнайды екен.
- Шайқас болады, нағыз ұрыс өткіземіз! – деп күлді Роман Ли. –Келіңіз, өзіңіз көресіз!
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН