– Менің сұрағым Алтай көшесі, 7-үйге (көшеде барлығы сегіз пәтерлік бес үй бар) қатысты. Бұл тозығы жеткен үй 1952 жылы салынған, жөндеу көрмеген. Өткен жылы бұрынғы қала әкімі Н.Ожаев біздің үйдің тұрғындарымен кездесіп, үйлеріміздің жақын арада күрелетінін, ал бізді көшіретінін айтты. Бізді көшіре ме, жоқ па? Бұл мәселе қашан шешіледі?
Темірхан Жүнісов
Сауалға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ жауап берді:
– Алтай көшесіндегі 50-ші жылдары салынған сегіз пәтерлік №1, 3, 5, 7, 9 үйлер тозығы жеткендердің қатарында. Атырау облыстық мәслихатының 2014 жылғы 10 сәуірдегі «2014-2020 жылдардағы кезеңде Атырау қаласының шеңберінде апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мен жатақханаларды күреу жөніндегі шаралар жоспарын бекіту туралы» №252 шешіміне сәйкес, бұл тұрғын үйлер апатты және тозығы жеткен үйлердің тізімінде бар. Атырау облыстық мәслихаттының шешімі ұсыныс ретінде шығарылған және бұл шешімде көрсетілген апатты, тозығы жеткен тұрғын үйлер мен жатақханаларды күреу жаңа тұрғын үй құрылысына бюджет қаржысы бөлінген кезде жүзеге асырылады.
Сондықтан күрелетін мерзімін хабарлау мүмкін болмай отыр.