- Менің сіңлім агроколледждің 1-ші курсында оқиды. Оқуының ақшасының 50 пайызынан көбін төлеп тастадық. Қазір ол сәбиін күтіп жүр, шілдеде босануы керек. Топ жетекшісі оған бірінші семестрден кейін академиялық демалыс алсын деп отыр. Өйткені оқу жылының ортасында сырттай оқу бөліміне ауысуға рұқсат етілмейді екен. Оның жүктілігі сабағына әсер етіп жүрген жоқ, сессиясы маусым айында аяқталады. Әр жеке мекеменің өзінің ішкі ережелері бар екенін түсінеміз, алайда мемлекет оның қызметін неліктен реттемейді және осындай мәселелерді неге шешпейді?
www.azh.kz сайтынан
Сұраққа Атырау агротехникалық колледжінің директоры Болат ҚОЖИЕВ жауап береді: «Декреттік (егер жұмыс жасайтын болса) немесе академиялық (егер оқитын болса) демалысқа әйел адам заңға сәйкес жүктіліктің 7 айында шығады. Егер студент академиялық демалыс алғысы келмейтін болса, онда оның ата-анасы ректордың немесе директордың атына бізге талап қоймайтындығы туралы кепілдеме жазуы тиіс. Білім беру туралы заңға сәйкес, жазғы немесе қысқы сессия кезінде сырттай оқу бөліміне немесе басқа оқу орнына ауыса алады. Бізде қысқы сессия болып жатқандықтан қазір бұл студенттің ауысуына болады».