Атырау, 19 қараша 10:29
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Біздің кикбоксшылардың есе қайтаруы және Абзал Дүсіповтің кезекті жеңісі

6 131 просмотра

2 маусымда АМУ-нің "Жайық" спорт кешенінде Атырау мен Қарағанды облыстарының құрама командалары арасында кикбоксингтен матчтық жолдастық кездесу өтті.

Спорттық шоуға жанкүйелер көп жиналды. Жекпе-жектер арасында "Алашұлы" триосы мен қазақстандық эстраданың басқа да жұлдыздары өз өнерлерін көрсетті.

Кештің бірінші айқасында 51 келіге дейінгі атыраулық кикбоксер Жанәлі СӘЛІМГЕРЕЙ бірінші раундта өз оппоненті Данияр ОРАЛДЫ нокдаунға түсірді. Қарсыласы есін жиғанмен, біздің палуан қыспаққа алуын жалғастыра берді. Сөйтіп үшінші раундтың басында бауырына соққы жасап, осы жекпе-жектің нүктесін қойды.

57 келіге дейінгі салмақта Жандос НАЗАРБЕКОВ пен қарағандылық Сафар АХМАДОВ күш сынасты. Табан тірескен және тартысты ұрыс болды. Бәсекелестер екі минуттық бес раундтың қатты қарқынына төтеп берді. Жеңімпаз төрешілердің жазбасымен анықталып, Ж.Назарбеков жеңімпаз атанды.

60 келіге дейінгі салмақта біздің палуанымыз Азамат ӨТЕМІСОВ жастар арасындағы әлем чемпионы Арслан МАЙШЫБАЕВПЕН күш сынасуға ортаға шықты. Азамат ұрысты жақын қашықтықта өткізіп, өзінен ұзын бойлы қарсыласына аяқпен соққы жасауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, қарағандылық үнемі "клинчпен" демалып қалумен болды. Төрешілер жеңісті Азаматқа берді.

67 келіге дейінгі салмақта Аллаберген ҚАЙСА қарағандылық Мұрат ИБРАГИМОВТЫ үшінші раунд басталғанда ауыр нокаутқа түсірді. Палуан төсемге қалпақтай түсті. Бірінші қатардағы көрермендер спортшының ес-түссіз жатқанын көргенде қатты абыржыған шығар деп ойлаймын. Алайда төреші белгіленген секунд санын есептей бастады. Содан кейін Мұрат айналасына бұлдыр көзқараспен көз тастап, орнынан көтерілді.

70 келіге дейінгі салмақта Мейірлан ӘСЕТ пен қарағандылық Бақытбек ШЫНТЕМІРОВ алаңға шықты. Мейірлан алғашқы соққысымен Бақытбекті арқанға қарай ұшырып жіберді. Содан кейін Бақытбек біртіндеп өз өзіне келіп, жекпе жек тең дәрежеде өтті. Жеңіске деген жігері үшін төрешілер жеңісті қарағандылыққа берді.

Осылайша, матчтық кездесудегі ақырғы есеп Атырау пайдасына 4:1 болды. Естеріңізге салсақ, наурызда Қарағандыда алаң иелері атыраулықтарды осындай есеппен жеңген болатын. Ендеше, есе толық қайтарылды.

Кеш аяғында негізгі шайқас - әлем чемпиондары атыраулық Абзал ДҮСІПОВ пен әзірбайжандық Зухраб АЗИМОВ арасындағы рейтингтік жекпе-жек өтті. Қарсыластар бүкіл бес раунд бойына күш сынасты. Абзалдың соққылары қарсыласынан дәлірек әрі шапшаңдау болды. Ол өзінің көрермендері үшін кездесуді нокаутпен аяқтауға тырысып жүргені көрініп тұрды. Алайда Зухраб мықты болып шықты, кейде қауіп төндіре қарсы шабуыл жасады. Төрешілер біздің файтердің жеңісін жариялаған кезде, ол олардың шешімімен келіспейтіндігін білдіріп, қолын бұлғады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
4 маусым 2016, 12:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.