Атырау, 26 желтоқсан 05:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Театр сыншысы Әшірбек СЫҒАЙ: "Шалдар шаршаған жоқ"

5 816 просмотра

Жуырда Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында «Жаңғырық» атты спектакльдің премьерасы болып өтті. Қойылым жанры – трагикомедия. Режиссері – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Чапай Зұлқаш. Бұл пьеса жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» әңгімесінің желісімен жазылған.

Премьера кезінде басты рөльдегі шалдың образын режиссердің өзі сомдады. Спектакль желісі бойынша тау-төбешік бөктеріндегі бір ауылда екі ұлы және екі келінімен бірге тұрып жатқан қария қазақ жеріне ұлтсыздану, басып алу қаупі төніп келе жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Әрбір көрген түсін үлкен баласына жорытатын мазасы қашқан қарттың жүрегі әлденені сезеді. Ал балалары әкесін қартайғаннан ақыл-есінен адасты деп қалжыңға айналдырады. Бірақ, әкенің қорқынышы алдына келеді. Көп кешікпей, ауылға ауыз салған қытайлықтар мен американдықтар әмірін жүргізіп кетеді. Және, қайта келетініне уәде етеді.

Бір сағаттан аса уақыт ойналған спектакль күлдіріп отырып ойлантады, қайғырта отырып езу тартқызады. Түсінген, түйсінген жанға сабақ болатын спектакль. Пәлсапасы тереңде жатыр.

Спектакльді тамашалауға елімізге белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай мен әңгімесі қойылымға арқау болған жазушы Рахымжан Отарбаевтың өзі келіп, бағаларын беріп кетті. Мүйізі қарағайдай екі үлкен өнер иесі де атыраулық режиссер Чапай Зұлқашты өздерінің өнер жолындағы ұстазы санайтындығын айтып өтті. Сондай-ақ, Чапай ағаны жас кезінде жұмыс істеген Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы театрында қойылған талай спектакльдерде ойнаған рөлдеріне сүйсінген өнерсүйер көрермендердің қолтаңба алуға кезекке тұратынын еске алды.

Театр сыншысы Әшірбек СЫҒАЙ:

-«Спектакльді өзі жазып, өзі ойнап, өзі сахнаға қою қиын нәрсе. Шәкең (ЧапайЗұлқаш-А.С.) бұл жағынан өзінің шеберлігін байқатты. Актерлерді де дұрыс таңдаған. Бірақ, сәл еркіндік жетпей жатқаны аңғарылады. Спектакль қысқа болғанымен, айтары зор. Шал елді қорғағысы келеді, ертеңіне толқиды, тебіренеді. Чапай- актер ретінде ойып тұрып орын алған сахна суреткерінің бірі. Бүгін енді 70-тен асқан шағында мынадай қиын, психологиялық, трагедиялық элементтерімен көмкерілген ауыр рөлді алдарыңызға алып шықты. Сондықтан мен бұл спектакльді «Шалдар шаршаған жоқ» деп атаса да болар еді деп ойладым».

Келер жылы Чапай ағаның шығармашылығына 55 жыл толмақ.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген В.Истомин

15 желтоқсан 2011, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.